Мінсіз қызмет мемлекет мерейін өсіреді
Кеше, Отан қорғаушы күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқару кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткен бір топ әскери қызметшілер, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Наградаларды тапсыру салтанатына ел Президентінің өзі қатысты. Салтанатты рәсім кезінде Президент: «Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің мемлекеттік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауға шақырып отырмын. Бұл – мемлекеттің Отан алдындағы мінсіз қызметтеріңізді бағалағаны. Біздің халқымыз бейнеттің де зейнеті бар дейді. Сіздердің еңбектеріңіз жанды. Мемлекет міне, сол қажырлы еңбектеріңізді бағалап отыр. Өздеріңізге ордендер мен медальдар тапсыру арқылы мемлекет сіздерге өзінің ризашылығын және бағасын береді. Әрине, сіздер тек қана марапат үшін қызмет етпейтіндеріңізді білеміз. Дегенмен, еңбектеріңіз елену керек. Сіздер елдің тәуелсіздігін, азаматтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрсіздер. Біз өздеріңізге қарап, Қазақстанның жарқын болашағына сенеміз. Атқарған еңбектеріңізбен, жүріс-тұрыстарыңызбен жастарға үлгі болып, әскери және қызметтік парызды абыроймен атқарып, Отанға қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Сол үшін барша Қазақстан халқы атынан ризашылығымызды білдіреміз», деді. Осылай дей келе, Елбасы мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға адал еңбек ету – әрбір патриоттың ісі екенін жеткізді және қазақ халқының өткенді өнеге, бүгінді қастер тұтатын, ертеңгі күнге үмітпен қарайтын халық екеніне, демек, асыл арманды қажырлы еңбек, батыл әрекет арқылы жүзеге асыратынына тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өзінің сөзінде марапатталған әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарды құтқарып қалған азаматтар бар екенін де айтып өтті. «Сіздер тек өз қызметтеріңізді ғана емес, азаматтық борыштарыңызды да абыроймен атқардыңыздар, жастарға үлгі болдыңыздар. Өмірде ерлікке әрдайым орын бар екенін дәлелдедіңіздер. Араларыңызда күш-қуаты мен уақытын аямастан өз қызметінде ұдайы үздік нәтиже көрсете отырып, ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп келе жатқандар да бар. Отанға қалтқысыз қызмет – азаматтық ерлік пен жанқиярлылықтың шынайы көрінісі. Баршаңыз еліктеуге, үлгі алуға лайықтысыздар, сіздерге қарап жастар бой түзейді. Сіздердің істеріңіз – өз халқын сүюдің және оған адал болудың үздік үлгісі», – деді бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Салтанатты рәсім кезінде Мемлекет басшысы болашақта марапат алғандарға зор жауапкершілік жүктелетінін, олар азаматтарымыздың бейбіт өмірін қорғай жүріп, өскелең буынға үлгі болуға тиіс екенін де айтты. Сонымен, бұл күні Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Бас прокуратура және «Қазақстанның ішкі істер органдары мен ішкі әскерлері ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұсыныстары бойынша барлығы 60 адам түрлі марапатқа ие болды. Мәселен, әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуда көрсеткен ерлігі, қажырлылығы үшін марапатталған азаматтар ішінде ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен 8 адам, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 14, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 7, «Құрмет» орденімен – 2, «Ерлігі үшін» медалімен – 8, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – 18, «Ерен еңбегi үшiн» медалімен 1 адам марапатталып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 2 адам атап өтілді. Ал салтанатты рәсім барысында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов, Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Бауыржан Бердалин, Қорғаныс министрлігі 68665-әскери бөлімінің командирі Алмаз Джумакеев, Ақмола облысының прокуроры Мұратбек Исәділов, Төтенше жағдайлар министрлігінің Астана қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мейрам Ысқақов және Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов марапатталды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мемлекеттік күзет қызметі бастығы аппаратының басқарма бастығы Раушан Жамбылова, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының бірінші орынбасары Сергей Климчук, Қорғаныс министрлігі 14776-әскери бөлімі командирінің орынбасары – бөлім орталығының бастығы Арыстан Мұқатаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі жеке авиациялық эскадрильясының командирі Ерболат Смағұлов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 7552-әскери бөлімі атқыштар батальонының бөлімше командирі Жандос Баянбаев, Қорғаныс министрлігі 53898-әскери бөлімі авиациялық эскадрильясының (жеңіл реактивті ұшақтар) аға авиация механигі Батыржан Мойнов, Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Көкшетау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Юрий Новосельцев, 0112-әскери бөлімінің бөлімше командирі Ғалымжан Тойшыбаев наградталды. «Ерлігі үшін» медалімен Қорғаныс министрлігі 64471-әскери бөлімінің аға офицері Олжас Баукен, Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ өрт сөндіру кезекші қызметі жетекшісінің көмекшісі Мақсат Дүйсенбаев, Павлодар облысы ішкі істер департаменті Павлодар қаласы ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирінің орынбасары Есен Нұрғалиев, ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Қорғаныс министрлігі 74884-әскери бөлімінің командирі Арман Асанбай, Қорғаныс министрлігі 65229-әскери бөлімі авиациялық эскадрильясы (әскери-көліктік авиация) командирінің орынбасары Дмитрий Гроц, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің басқарма бастығы Юрий Евдокимов марапатталды. Марапатқа ие болған азаматтар өз кезегінде Қазақстан Президентіне жоғары сенімі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, елімізге қалтқысыз қызмет етуге, кәсіби деңгейі мен шеберліктерін арттыруға, мемлекеттің егемендігі мен Қазақстанның бейбіт аспанын қорғауға әрқашан әзір екендіктерін жеткізді. Мәселен, Қорғаныс министрлігі 68665-әскери бөлімінің командирі Алмаз Джумакеев өздеріне көрсетілген сенім үшін Елбасына алғысын білдіре отырып, мемлекет пен оның халық үшін жанқиярлықпен еңбек ететіндіктерін жеткізді. Ал Қазақстанның Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов Елбасына қарата айтқан сөзінде: «Сіздің қолыңыздан жоғары мемлекеттік марапатты алу – мен үшін үлкен абырой. Біз, әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы Сіздің артқан сеніміңізді ақтаймыз», десе, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 7552-әскери бөлімі атқыштар батальонының бөлімше командирі Жандос Баянбаев Отанға қалтқысыз қызмет етуге әр уақытта дайын екендіктерін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».Мемлекет басшысы Ынтымақ ауылындағы мектепті аралап көрді
Президент • Бүгін, 18:21
Биыл Жетісу облысында 250 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген
Президент • Бүгін, 17:48
Президент «Талдықорған» индустриялық аймағына барды
Президент • Бүгін, 17:36
Елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылады
Қоғам • Бүгін, 17:16
ТЖМ автопаркі заманауи көліктермен толықты
Қоғам • Бүгін, 17:15
Мемлекетке тіркелген алтын қоры 522 тоннаға ұлғайды
Қоғам • Бүгін, 17:02