Таным • 10 Тамыз, 2022

Жауынгер жыр

502 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Архивті ақтарсаңыз әртүрлі оқиғаға тап боласыз. Әуелде сенбейсіз, артынан алай-дүлей күй кешесіз. Таным дерегіңіз тағы бір сатыға өседі. Сол сырлы да мұңлы мұрағаттарды тозаңнан тазартсаңыз, ар жағында ұлттың рухы менмұндалап шығады. Сөзімізге дәлел – қазақ батырының ерлігіне қайран қал­ған орыс ақынының өлеңі. Кімге арнаған дейсіз ғой? Шығыстан шыққан жалғыз ұшқыш – Талғат Бигелдиновке! Бізді тебіренткен сол жырдағы қазақ баласының жасампаз жігері.

Жауынгер жыр

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Алдымен сөзімізді мекеме­ден жеткен ресми ақпараттан бас­тасақ. Нұр-Сұлтан қаласы­ның мемлекеттік архивінде Кеңес Одағының екі мәрте баты­ры атағын алған алғашқы қа­зақ, белгілі ұшқыш Талғат Бигел­динов жайлы құнды құжат­тардың көшірмесі сақталған. Астаналық архив бұл шежірелі деректерді Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласын­дағы Орталық архивінен арнайы алдырған екен. Онда батырдың дүниеге келген үйінің суреті, соғыс жылдарында жауынгерлермен бірге түскен фото-суреттері (430-қ., 16-т., 1, 2-іс), мақтау қағаздары мен тіркеу карталары берілген (430-қ., 16-т., 3, 4, 5-іс). Бұл – еліміздегі жалғыз нұсқа, есті естелік. Сарғайған суреттерге қарап отырып, алапат соғыстың салмағын сезінесіз. Әйтсе де бізді батырдың майдандас досының тілегі таңдай қақтырды.

Аталған архивтің 430-шы қорының 16-тізімдеме, 6-істе қандыкөйлек досы Василий Мартыновтың Талғат Бигелдиновке арнап жазған өлеңі де елге жеткен. Қағазға назар салсаңыз машинкаға терілген, жазуы анық көрінеді. Арнау өлеңді 1974 жылы «Қазақтың сұңқары» (Казахский сокол) деген атпен шығарған. Онда ақын соғыс жылдарындағы батырдың жорықтары жайлы суреттейді. Жиырма жастағы жауынгердің қайсарлығын, болат мінезін, батыл жүрегін сұлу сөзбен өріп, көркемдеп жеткізген. Сұңқар секілді таулардың арасынан қаймықпай ұшып өтіп, діттеген мақсатына жетпей қоймайтынын баяндаған. Біз жырдың үзіндісін хал-қадерімізше қазақшаға тәржімалап көрдік.

Аспан аласұрады қозғалтқыш үнінен,

Бұлттар толқын сынды

пердедей түрілген,

Сол жақта – тау жатыр, оң жақта – тау жатыр

Колтов дәлізі секілді өрілген.

Қазақтың сұңқары қырандай қомданып,

Көзінде жоқ үрей, жау жатыр арбалып.

Болаттан жүйкесі, болаттан болмысы,

Жиырма жас. Сом жүрек барады

жанданып.

Біз бұл өлеңді оқып отырып, батырдың көкке көтерілгенде оқитын дұғасы жайлы көп ойландық. Қаңғып ұшқан қаптаған оқтан Құдайдың өзі қорғағандай. Көк жүзінде 500 сағат ұшып, 305 рет әскери шабуылға шығып, ол аз десеңіз жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысқан қазақ баласының аман-есен елге оралуы бір тылсымнан сыр тартады. 200 ұшақпен аспанға көтерілген сайын әжесі үйреткен «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләәһил ъалийл ъазиим. Машаа алллаһу кәәна уә мәә ләм яша’ ләм укян. Әл-имәәну иқрарун бил-лисаани уә тасдииқун бил қалби, би мәә жәә-а биһи мин ъиндилләәһи. Мухаммадун расулуллаһ саллаллааһу әлайһи уә салам» дұғасын оқыған екен.

Бұл – сапарға шыққанда айтылатын мұс­ыл­ман дұғасы. Мұның мағынасы: «Ей, Алла, өзіңе өзімді тапсырдым, түрлі қауіп-қатерден сақтай гөр. Тәуекел еттім» деген ойды білдіреді. Бірақ батыр ол кезде мән-мағынасына бойламапты. Әжесі көңіліне құйған дұғаны қайта-қайта оқып отырады екен. Қасындағы орыстар «не істіп жатырсың?» дегенде «бұл менің ұшар алдындағы Құдайға құлшылығым» деп жауап берген. Батырды ішкі сенімі алдамапты. Бұл сіздерге ұсынып отырған өлеңде де айтылған.

«Ұшақта барлық адам жанын шүберекке түйіп отырады ғой. Марқұм әжем діндар болатын. Бізді имандылыққа, инабаттылыққа үйретті. Жаны таза жан болды, жарықтық. Бізге күнде кешке жатарда дұға айтқызып, ұйықтататын. Маған мынадай бір дұғаны үйретіп, құлағыма әбден сіңдіріп тастапты. Арабшасын айтып, жаттатқызды», дейді батыр өз естелігінде.

Фашистердің Талғат Бигелдиновтің ұшағына «Қара өлім» деген лақап ат қоюы бекерден бекер емес-ау. Қырандай зәу биікте қалықтап жүріп, қас жауын қынадай қырған. Оны тіпті майдандастары «Қазақтың қыраны» деп еркелеткен екен. Айтпақшы, оның ұшағының нөмірі 13 болған, жеке өзі жаудың 7 ұшағын атып түсірген. Содан да болар, немістер әлі күнге 13 санынан қашып жүретіні. Біз мақаламыздың соңын батырдың майдандас досының жазған жырымен тәмамдағымыз келеді.

Отанға рух керек, сөз керек жап-жарқын.

Құс жолы өмірдің өзіндей сап-салқын.

Талғаттың ұраны:

Львов аспаны үшін!

Аспаның үшін, Алматы!

Соққы!

Жарылыстар!

Соққы!

Жарылыстар!

Төменде ажал жүр сенделіп,

Жауменен бірге егіс өртеніп.

Мәңгілік ерлікті есіне түсіріп...