Медицина • 10 Тамыз, 2022

Жедел жәрдем неге кешігеді?

665 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Басы ауырып, балтыры сыздаған қараша халық мейірім мен қайырым күтіп, алдымен жедел жәрдем қызметін шақыратыны белгілі. Алайда алғашқы медициналық көмекті көрсетуге тиіс қызметкерлер ұдайы көрсетілген мекенжайға уақтылы жете бермейді. Содан да болса керек, жұрт әлеуметтік желілерде жедел жәрдем қызметін сынауға бейім болып алды.

Жедел жәрдем неге кешігеді?

Жамбыл облысында жедел жәрдем көліктері жеткілікті ме? Халыққа бастапқы медициналық көмекті шұғыл түрде көрсетуге тиіс қызметкерлер неге шақыруға шарқ ұрып әзер жетеді? Осы са­уалмен облыстық денсаулық сақ­­тау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке қайырылған бо­ла­тынбыз.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 132 санитарлық автокөлік бар. 2020 жылдың соңында басқарма 65 санитарлық көлікпен қосымша қамтылған. Десе де аталған автокөліктердің 22,7 пайызы ескірген екен.

«Жедел жәрдем көліктерін шақырған кезде қарастырылған арнайы төрт санат бар екеніне назар аударған жөн. Нақтылап айтар болсам, бірінші санат бо­йынша көлік он минутта, екінші санатқа сәйкес он бес минутта, үшінші санат бойынша отыз минутта, төртінші санат бо­йынша бір сағат бедерінде жетуі тиіс. Бұл жерде кейде халық түсінбеушілік танытып жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, төртінші санатқа сәйкес жедел жәрдем көлігі бір сағат шамасында жетсе, жұрт «жедел жәрдем бригадасы кешікті» деп айыптай жөнеледі. Ал біздің норматив бойынша бұл қалыпты жағдай болып есептеледі.

Температурасы көтерілген, аздап жөтел қысқан адамдар төртін­ші санатқа жататынын ес­керген ләзім. Ал шақырту иесі­нің жүре­гі сыр беріп, қатты қиналып жатса, ол бірінші санатқа жатады. Демек жедел жәрдем көлігі бірінші кезекте сол санаттағы аза­маттарға жедел жетуге тиіс. Осының бәрін диспетчерлер әңгімелесу барысында анықтап отырады. Сол әңгімелесудің нәтижесінде кімнің қандай санат бойынша сырқаттанып жатқа­ны нақтыланады. Соған сәй­кес жедел жәрдем бригадасын жі­бе­ре­ді», дейді басқарма бас­шысы жағдайды түсіндіріп.

Басқарма басшысының сөзі­не сүйенсек, өңір тұрғын­да­­рына үш қосалқы станса және 11 аудандық жедел меди­ци­налық жәрдем бө­лім­ше­лері қызмет көрсетеді. Са­ни­­­та­рлық авиация қыз­ме­тін үш мо­бильді бригада орындап жүр. Олар­дың қатарында аку­­­шер­лік-гине­кологиялық, неонатологиялық және ней­ро­­хи­­рургиялық-трав­мато­ло­гия­лық бри­гадалар бар.

Бүгінде өңірде Call-орталығы шақыртуларды «ҰЭҮО» базасы арқылы қабылдайды. Арна­йы оқытылған 12 диспетчер қо­ңы­рауларға жауап береді. Меди­циналық қызметкерлердің ішінде 2 диспетчер жұмыс атқа­ра­ды. Олар өз тәжірибелерін өзге де қызметкерлерге үйрету­ден жалыққан емес.

«2022 жылдың 6 айы ішінде «көмек» әдісі арқылы өмірге қауіп төндіретін жағдай бойынша 280 адам хабарласқан. Оның ішінде жоғары тыныс жолдары аурулары – 16, құрысу синдромы кезіндегі көмек – 93, бейсаналық күйлерде – 120, жарақаттар мен жазатайым оқиғалар кезінде – 28, оның ішінде өзіне қол жұмсау – 4, суға бату – 2, улану – 1, ЖКО бойынша 14 шақыртуға көмек көрсетілген. Одан бөлек, үйде босану жағдайы 5 рет тіркелсе, кеуде тұсынан ауыр­сыну – 15, инсульт кезінде үш рет көмек көрсетілген.

Жалпы, «көмек» әдісі қоңы­рау­ларын басқарудың авто­мат­тандырылған жүйесі «ша­қыруды қабылдайтын жазба» жүйесімен және сани­тар­лық автокөліктің GPS-навигациясымен ин­тег­ра­ция­ланған, ол пациенттің мекенжайына дейін қозғалыс маршрутын автоматты түрде таңдауға мүм­кіндік береді. Бұл келу уақы­тын қысқартуға жағдай жасайды. Сондай-ақ «көмек» АБЖ Жамбыл облысының көпсалалы стационарларымен, ЭМҮО және ӘМСҚ-мен біріктірілген», дейді Ә.Қалиев.

Басқарма басшысының ай­туын­­ша, жедел жәрдемнің жетуі 2021 жылы – 12,8 минутты, ал 2022 жылы – 11,2 минутты құ­ра­ған. Жүргізілген жұмыс­тар­дың нәти­жесінде 1,6 минутқа дейін өз­герген.

«2021 жылмен салыстырғанда шақыруды тапсыру уақыты 2,2-ден 1,5 минутқа дейін, қала бо­йынша келу уақыты 9,3-тен 8,4 минутқа дейін, ауыл бойынша 12,2 минуттан 10,9 минутқа дейін қысқарған», дейді ол.

Ә.Қалиевтің айтуына қара­ған­­да, жедел жәрдем бригадала­ры мүл­де кешікпейді деуге бол­май­ды.

«Жедел жәрдем көліктері қай кез­де болсын кешікпей жетеді деп мен нақты айта алмаймын. Ондай жағдайлар өте сирек болса да кездесіп тұрады. Мұндай жағдайлар бірінші және екінші санаттағы науқастар шақырған кезде ұшырасады. Оның өзіндік себептері бар. Кейде шақырушы мекенжайды нақты дұрыс айтпайды. Тіпті кейбір жағдайда үй сыртындағы нөмірі жоқ болған­дық­тан қосымша іздеп те жатады. Осындай себептермен сирек те болса аздаған минутқа кешігулер болады. Сондықтан тұрғындар мекенжайды айтқанда қателесіп, өздерінің де, қызметкерлердің де уақытын алмаса екен», дейді Ә.Қалиев.

 

Жамбыл облысы