Саясат • 11 Тамыз, 2022

Сенат депутаттары – халық ортасында

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің аймақтарына аттанған болатын, деп хабарлады Пар­ламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сенат депутаттары – халық ортасында

Сенаттың Экономикалық саясат, инно­вациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков жұмыс сапары барысында Ақмола облы­сының Жарқайың ауданында болды. Сенатор сапар барысында ауданның ауыл ша­руашылығы саласының ахуа­лымен, облыстық маңызы бар Дала­бай-Державинск жолының жай-күйі­мен және Пятигорск ауылының егін жинау науқанына дайындық барысымен танысты. Парламент мүшесі Державинск қаласының сумен жаб­дықтау жүйесін қайта құру нысандарын да  аралады. Жұмыс сапары аясында Дәурен Әділбеков Ақмола облысының Есіл ауданында да болып, Двуречное ауылындағы сервистік әкімдік ғимаратын жөндеу барысынан хабардар болды. Сенатор бұл жоба мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ Курское ауы­лының ішкі жолдарын жаңғырту барысымен танысты. Депутат Жақсы ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Атқарылған жұмыстар мен жоспарларды назарға алды.

Дәурен Әділбековтің сапары Ақмола облысының Қорғалжын ауданында жал­ғасты. Депутат Сабынды және Кенби­дайық ауылдарындағы бірқатар әлеу­меттік нысанының жұмысымен, сондай-ақ «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК жөндеу жұмысының барысы­мен танысты. Сенатор су құбыры Қорғал­жын және Егіндікөл аудандарының тұр­ғындарын ауыз сумен үздіксіз қам­тамасыз етуге арналғанын ескере отырып, объектідегі жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтаудың маңызды екенін атап өтті. Парламент мүшесі өңірдегі шаруа­лармен де кездесті. Жылыжай қызмет­керлерімен кездесу барысында Қазақ­стан Республикасы Парламенті Сена­тының өткен сессиядағы жұмысының қоры­тындылары туралы айтып берді және ауыл тұрғындарын толғандырып отырған өзекті мәселелерді талқылады. Сенатор Сабынды ауылының ауылдық дәрігерлік амбулаториясы мен мәдениет үйінің қызметкерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген халықтың табысын арттыру бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сенаттың Қаржы және бюджет ко­миетінің хатшысы Сұлтанбек Мәке­жанов Алматы қаласына жұмыс сапары аясын­да Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолы, Сайын – Ақын Сара, Сейфуллин – Жан­сүгіров көше­лерінің қиылысындағы көлікке ар­налған жолайрықтар құрылы­сының алаңдарында болды. Сенатор құрылыс-монтаж жұмыстарының бары­сымен танысып, қаланың көлік инфра­құрылымын дамытудың келе­шегін талқы­лады. Сұлтанбек Мәке­жанов Медеу ауданының Алатау шағын ауданындағы №7 жалпы білім беретін мектеп пен қалалық ауруханада да болды. Депутат жаңа оқу жылына дайындықпен танысты және медициналық мекеме ұжымымен кездесті. Парламент мүшесі кездесу ба­рысында Палата қызметінің қоры­тындылары туралы айтып, өткен сессияда қабылданған заңдардың негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Депутат Мұрат Бақтиярұлы Қызыл­орда облысының Шиелі ауданын­да болды. Сенатор сапар барысында Шиелі кенті, Бәйтерек және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар жергілікті халық­тың әлеуметтік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ көпір құрылысында, мектептерде, спорттық-сауықтыру кешенінде болып, №148 мектептің бу қазандығының қысқа дайындығын көрді. Парламент мүшесі Талаптан ауылдық округіндегі спорт мектебіне де барып, жөндеу жұмыс­тарының барысымен танысты. Елді мекендердің тұрғындары өз кезегінде ұсыныс­тарын айтып, аудандағы өзекті мәселелердің тез арада шешілуіне үміт артатынын айтты.

Сенатор Айгүл Қапбарова Шым­кентте қалалық мәслихат депутаттарымен, сала­­лық басқармалардың басшыларымен кездесіп, балаларға арналған спорт сек­цияларын қаржыландыру мәсе­лелерін талқылады және Art sport бағдар­ламасына қатысушылардың сұрақ­тары мен ұсы­ныстарын тыңдады. Депутат өз сөзінде Шымкентте 250 мыңға жуық оқушы бар екенін, сон­дықтан балаларға спортпен және шығармашылықпен айналысуға қо­сымша мүмкіндік беретін Art Sport жобасы қалаға өте қажет екенін атап өтті. Депутат кездесуді қорытын­дылай келіп, өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, оның ішінде Art Sport сияқты бағдарламалар арқылы жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, таби­ғатты пайдалану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетінің депутат­тары Дүйсенғазы Мусин, Мұхтар Жұма­ғазиев, Әбдәлі Нұралиев және Сұлтан Дүйсембинов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Катон­қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің аумағында болды. Сенаторлар парк­тің басшылығымен және мамандарымен кездесу барысында қорықтың материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетін арттыру, сондай-ақ шекара маңындағы аумақтарды дамыту, марал және омарта шаруашылығын жетілдіру, ауыл туризмі мәселелерін талқылады. Комитет мүшелері өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, олардың санын реттеу, экотуристік брендинг жасау, келушілерге қызмет көрсету сапасын арттыру тетіктерін қарау жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сенаторлар сонымен қатар тарихи-мәдени және археологиялық экспонаттар сақталған Өрел, Ақсу, Шыңғыстай, Берел аумақтарына барды.