07 Мамыр, 2014

Бәйге

618 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
фото 3 001С.Тойлыбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген жыр жинақтарының, ән мәтіндерінің авторы. Ақынның негізгі тақырыбы – туған жер, өскен ел, атамекен табиғаты мен тәуелсіз Отанымыздың бүгінгі тынысы. Туған жермен сәлемдесу Осы ғой тұрған тұрыс, қалпым менің, Аян ба, ұмтыл алға, талпын дедің! Сіздерге сәлем берем, шын жүректен: Ассалаумағалейкум, халқым менің! Көркейген өздеріңмен жасыл бағым, Қол жеткен бақытыма тасынбадым. Сағынып келіп қалдым алдарыңа, Армысың аға, бауыр, асылдарым! Іздеймін ауылымнан жаңалықты, Іздеймін жасы үлкеннен даналықты. Асығып жеттім саған туған жерім, Сағынып кешегі өткен балалықты! Естілсе тұлпарлардың топыры әні, Желпініп ат иесі отырады. Мен үшін ыстық екен қашаннан-ақ, Туған жер қасиетті топырағы. Көргенде Қусағымды сылдыраған, Ән салып тұрғандай ғой бүкіл ғалам. Қыратта қырмызы гүл қол бұлғаса, Сағымың көз алдымда бұлдыраған. Нәр алып сенің мынау бұлағыңнан, Кеудемнен шалқар шабыт жыр ағылған. Сайраған сан құстардың бұлбұл үні, Кетпейді-ау бүгін менің құлағымнан. Сарноқай, Мыңбұлағым, армысыңдар! Қарсы алған ақ мамықпен қарлы шыңдар! Аң аулап ізі қалған бабалардың, Аңқоймас, Шоратұғыл бармысыңдар! Жаныңды сүйсіндіріп ұғатын қыз, Аңсаған бала көңіл мұратыңбыз. Баурайы Үшбұлақтың қызарғанда, Біз талай гүл теруге шығатынбыз. Мән бермей тәтті күнге ілгеріде, Ол кездің қандай еді күндері де! Аңқыған әтір исі құшағыңда, Паһ, шіркін, қандай еді гүлдері де! Болған соң балаң үшін нәсіпті күн, Барамын қуаныштан тасып бүгін. Туған жер жүрегіме сыйып кетші, Мен келдім құшағымды ашып бүгін! Ауылды аңсау Кетсем де бұл өмірдің жетегінде, Өзіңнен туған жерім кетемін бе? Жап-жасыл, бау-бақшалы бір ауыл бар, Жайқалған Ұшбұлақтың етегінде. Шақпақтас, Бәйгетөбе бабында ма? Алдымнан қол бұлғайды сағымдана. Көтеріп көкке кетті көңілімді, Бас иіп, туған жерге табынғанда. Тартқандай тұнығына ай қабағы, Көгіңде құс жолы да байқалады. Қыратта қырмызы гүл құшақ жайып, Күлімдеп көктем сайын жайқалады. Кеткем жоқ бір өзіңнен жырақтанып, Тұрғандай балғын күнді бұлақ танып. Сылдырап күміс көмей таудан құлап, Қусағым ағып жатыр сыр ақтарып. Жіберсең өз ұлыңды еркіне тек, Көз тігем құзар шыңның «бөркіне» көп. Шаңдатқан көшелерін ауылымның, Қарасаң көз тоймайды көркіне тек! Жаныма нұр сәулесі шуақтанып, Көңілімді сол бір сәтің жұбатты анық. Айналдым қасиетіңнен ауылым менің, Жүремін бір өзіңмен қуаттанып. Өмірімнің бәрі де өлең менің Жүргенімде қазып мен өлең кенін, Жақсылыққа жаныммен бөленгенмін. Пешенеме тәйір-ай, жазылған ба, Өмірімнің бәрі де өлең менің. Қасиетті, ақ пейіл тілім менің, Пырақ мінген парасат пірім бе едің! Қаламымды қолға алсам шабыттанып, Күн нұрындай сен маған күлімдедің. Ашып-жапқан өмірдің есігінде, Тіршілікпен күн кештік осы күнде. Өлең – деген өрісі ой-сезімнің, Тербелейін ендеше бесігінде. Жүргенімде қазып мен өлең кенін, Қажеті жоқ мен үшін көлеңкенің. Айтып айтпай не керек, байқап тұрсам, Өмірімнің бәрі де өлең менің. Алакөлге барғанда Бірінші жыр Бара жатыр күн ұзап, Сонша бізді күт мейлі. Жолдар, жолдар тым ұзақ, Таусылмайды, бітпейді. Тұман көңіл сейілген, Бір керемет шақ туды-ай! Келдік саған пейілмен, Көлді аңсаған аққудай. Тауың анау көгілдір, Табиғатың талғамды-ай! Айна көлің мөп-мөлдір, Көздің жауын алғандай. Екінші жыр Көкейімді сан ойларым толғаса, Мәселе емес дей алмаймын ол да аса. Алакөлді көрмеппін ғой бір де рет, Ел аузынан естігенім болмаса. Көрген сәттен оятатын сезімді, Толқыныңа тербетейін төзімді. Көлдің асты тұма, – дейді тұп-тұнық, Мақтайтындай бар екен-ау өзіңді. Көгілдірсің, көк тұма түс аспандай, Көл бетінен сағым ойнап қашқандай. Біз келгенде көз жетпейтін айдының, Құшағын тек айқара бір ашқандай. Сұлу қыздай сыңғырлатқан  шолпысын, Жүрегімде жыр толқыным толқысын. Көл бетінде шаңқылдайды шағала, Сен де менің бір арманым бол құсым! Бір толқынмен бір толқының  алысып, Бара жатыр пай-пай шіркін, жарысып! Шуылына құлақ түрсем ғажайып, Кеткендеймін бір өзіңмен табысып. Қосқұдық Өзіңде өткен күндерім, Алдымда тұр ғой жайнап та. Құлпырып тіптен гүлдерің, Жұпарын шашты аймаққа. Өрекпіп соққан жұлқынып, Самалың сипар кекілді. Бұлағың тентек бұлқынып, Тастан-тасқа секірді. Шұрайлы жерім мекенім, Жоталы құмын кезгенмін. Жер жәннаты екенін, Айтпасаңда сезгенмін. Тау бұлағы Тастан-тасқа секіріп бұлқынады, Бұлқынады күші бар жұлқымалы. Бау-бақшаның кәусарын қандырам деп, Тау бұлағы тентек қой жұлқынады. Ол сүйеді даланың далалығын, (Сүйсе-сүйер туған жер дала, құмын). Ақ бұлағым өзіңмен бірге өтті ғой, Ат жалында ойнаған балалығым. Сылдыр-сылдыр шүмектеп жатар ағын, Лайлансаң ақ бұлақ тұндырамын. Дөңестерге шыға алмай сай-саламен, Төмен қарай зымырап құлдырадың? Әлде сен төмендікті аңсайтын ба ең? Сырласып, жыр көңілді қанша айтып ем. Қырандай биіктерге самғайтұғын, Мен болсам сол биікті аңсайтын ем! Отырар Сөгіп тастап қайғы-шердің көбесін, Ізгіліктің отты ұшқынын себесің. Жаным неге тебіреніп толғанды, Көрген кезде Отырардың төбесін! Уа, Отырар қасиетті, нар қалам! Құлақ түрген өрлігіңе бар ғалам. Шыңғысханның әскеріне берілмей, Қарсы тұрған ерлігіңе таң қалам! Сан ғасырды өткерсе де басынан, Өшпейді екен тарих деген асыл ән! Көріп тұрмын қасіретін қазақтың, Тарихымнан сыр шертетін тасыңнан. Келіп тұрмын жақсы ниет күйменен, Жан табылмас басын иіп, сүймеген? Қазағыма қасиетті, қастерлі, Топырағыңды басуға да именем! Бәйге Адуын шіркін ауыздығымен алысып, Тізгінін тартып, саусағым қалды-ау қарысып. Ат жетер жерден жиналған өңшең сәйгүлік, Барады-ау, пай- пай, жарысып! Көктеңбіл атым бәйгеден-бәйге  бермеген, Қолтығы қызып, бусанып жатты терменен. «Сымтастың» үстін сабаудай сабап барамын, Ыңғайға бағып ылди да төмен жерменен. Құлағын жымып, жалтылдап алып жанары, Арқасы қозып, жұлдыздай бәрі ағады. Жырауы кемшін біртіндеп қалып барады, Шын жүйрік атқа ұзаққа  шапқан жағады! Сайлаубай ТОЙЛЫБАЕВ.