07 Мамыр, 2014

Теміржол саласындағы халықаралық ынтымақтастық

1499 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы «Рэдисон» қонақ үйінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің, Иран, Финляндия және Болгарияның Теміржол көлігі кеңесінің 60-шы мерейтойлық отырысы болып өтті. Екі күнге созылған бұл теміржолшылардың халықаралық кеңесіне 18 мемлекеттің теміржол көлігі саласының басшылары мен мамандары қатысты. ASN_9763 Мерейтойлық отырысқа Қазақ­стан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық басқосуға қатысу­шыларға арнаған құттықтау хатын оқыды. «Қазақстанда ТМД және Балтық жағалауы елдерін біріктіретін Теміржол көлігі кеңе­сінің мерейтойлық 60-шы оты­рысының өтуі біздің ортақ теміржол кеңістігімізді дамытудағы айтулы оқиға. Осы кеңес жұмысының арқасында өңірдегі мемлекеттер арасында интеграциялық байланысты дамыту үшін қажетті іргетас қаланды. Біз Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхиты өңірінің орталығында орналасқандықтан Батыс пен Шығыстың және Еуропа мен Азияның арасындағы геоэкономикалық көпір бола отырып, бәсекелестік басымдыққа иеміз. Жаһандану жағдайында көлік-логистикалық кешен өңірдің экономикалық өсуінің және оның әлемдік көлік инфрақұрылымына интеграциялануының драйвері болуға тиіс. Еуразиялық құрлыққа бағытталған тауар ағымы және біздің мемлекетіміздің геогра­фиялық орналасуын сараптай келе, Қазақстанды ірі іскерлік және транзиттік хабқа айналдыру жөнінде мен стратегиялық бастама көтерген болатынмын. Бүгінде Қазақстан Еуразиялық көлік кеңістігін дамытуға өлшеусіз үлес қосуда», деп атап көрсетілген құттықтау хатта. Осыдан кейін Теміржол көлігі кеңесінің 60-шы отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин сөз алды. Ол өз сөзінде бұл кеңестің Қазақстанда өткізіп отырған бесінші отырысы екендігін атап өтіп, кеңес жұмысы қатысушы мемлекеттердің экономикасының дамуына тұрақтылық әкеліп қана қоймай, теміржол көлігі саласында тиімді бәсекелестіктің өрістеуіне ықпал етіп отырғандығын тілге тиек етті. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ капитал және айналым көлемі жағынан Қазақстандағы жетекші корпора­циялардың бірі болып табылады. Сонымен бірге, әлемдегі ең ірі теміржол компанияларының алғашқы ондығының құрамына кіреді. 2008 жылдан 2013 жылдар аралығында компанияның жүк айналымы 214,9 миллиард тонна километрден 231,2 миллиард тонна километрге, жолаушылар тасымалы 10,6-дан 16,9 миллиард жолаушы-километрге өсті. Осы мерзімде компанияның табысы 1,8 есе артты. Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында 2050 жылы еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің құрамына кіруі жөнінде стратегиялық міндет қойды. Еліміздің көлік-логистикалық жүйесін әлемдік озық үлгідегі деңгейге жеткізу, Қазақстанның ғылымға негізделген экономикасын серпінді дамыту 2050 жылы әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің құрамына кіру жөніндегі ұлттық мақсатқа жету жолындағы басымдықтар болып табылады. Қазақстан темір­жолында атқарылып жатқан бүгінгі экономикалық әртараптандыру басымдықтары компанияның жа­һандық тәуекелдерге берген стратегиялық жауабы болып табылады. Компания халық­аралық көлік-логистикалық компаниялардың үлгісіне сай бизнес жобаларын дамытуда. Елбасының «Қазақстан жаңа Жібек жолы» бастамасы шең­берінде еліміздің көлік-логистикалық жүйесін одан әрі дамытуда кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл ретте Қазақстан көлік-логистикасын кешенді дамыту, елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында тәуелсіздік жылдары ішінде орасан зор жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде елімізде мыңдаған шақырым теміржол құрылысы пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайтын теміржол торабы іске қосылады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еліміздің көлік-логистикалық жүйесін одан әрі дамытудың бас операторы болып табылады. Осыған байланысты  компания алдағы уақытта еліміз үшін маңызды да кешенді шараларды іс жүзіне асыратын болады. Теміржол көлігі кеңесінің Астанада өткен 60-шы мерей­тойлық отырысына төрағалық еткен «Ресей темір жолы» ААҚ президенті Владимир Якунин кеңестің осы уақытқа дейін атқар­ған игілікті жұмыстарын тілге тиек ете келіп, Қазақстан және Ресей теміржол саласындағы тиімді ынтымақтастық байланыстарға да тоқталды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Балтық жағалауы елдерінің Теміржол көлігі кеңесі 1992 жылы 14 ақпанда құрылған болатын. Бүгінде кеңес 11 мемлекеттің теміржол әкімшілігін біріктіреді. Олар – Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өз­бекс­­тан және Украина. Ал Гру­зия, Латвия, Болгария және Фин­ляндия мемлекеттері кеңестің ассоциацияланған мүшесі болса, Литва және Эстония мемлекеттері Кеңес жұмысына жеке шарт бойынша қатысады. Сонымен бірге, Иран Ислам Республикасының темір­жолы бақылаушы дәрежесінде қатысады. Кеңестің басты мақсаты ТМД мемлекеттері кеңістігіндегі теміржолдың интеграциялық байланысын дамыту болып табылады. Өзі жұмыс істеген жылдар ішінде кеңес техникалық құралдарды және көлік құрамын пайдалануды, жүк және жолаушылар тасымалдаудың халықаралық ережелерін сақтауды және ұйым­дастыруды реттеу жөнінде 250-ден астам келісімдер, ережелер, нұсқаулар мен нормативтік құжаттар қабылдаған. Кеңестің осы жылдар ішіндегі атқарған жұмысының арқасында ТМД мемлекеттері кеңістігінде теміржол жүйесінің технологиялық бірлігін сақтауға, инфрақұрылымды дамыту және теміржол тарифі саясатын жүргізуде келісімді қамтамасыз ету мүмкін болды. «Ресей темір жолы» ААҚ президенті Владимир Якуниннің айтуы бойынша, Ресей үшін ТМД мемлекеттерінің ішінде Қазақстан негізгі сауда әріптесі болып отыр. Бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ресей темір жолы» ААҚ арасында жолаушылар және жүк тасымалы осы кеңес аясында белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. 2013 жылы кеңеске қарасты мемлекеттер аясында 2 миллиард 90 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Өткен жылы контейнер ақылы жүк тасымалдау 26,7 миллион тоннаны құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 1,2 пайыз артты. 2004 жылдың І тоқсанында 486,63 миллион тонна жүк тасымалданған. Бұл 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,2 пайызға төмен. Солай бола тұрса да Қырғызстан, Молдова, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан республикаларында жүк тасымалдау өткен жылдармен салыстырғанда біршама артқан. 2013 жылы халықаралық жолаушылар қатынасы бойынша 48,9 миллион жолаушы тасымалданған, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 95,6 пайызды құрайды. Жалпы алғанда, 2013 жылдың желтоқсанынан бастап 2014 жыл­дың сәуір аралығында темір­жол әкімшіліктерінің өкілетті өкілдіктерінің, салалық комис­сиялардың жұмыс және сарап­тамалық топтардың 60-қа жуық мәжілісі өткізілген. Осы отырыс­тарда қолданыстағы ережелерге, нормативтік және техникалық құжаттарға бірқатар өзгерістер енгізілген. Осы өзгерістер кеңестің 60-шы отырысының қарауына ұсынылды. Кеңес төрағасы, «РТЖ» ААҚ президенті Владимир Якунин бірыңғай кеңістіктегі барлық теміржол саласы әкімшіліктерінің өзара түсіністікпен тиімді жұмыс атқаруының нәтижесінде ортақ міндеттерді іс жүзіне асыруда біршама оң жетістіктерге қол жеткізілгендігін атап көрсетті. Теміржол көлігі кеңесінің 60-шы отырысының күн тәртібі бойынша оған қатысушы 18 мемлекеттің теміржол әкімшіліктерінің басшылары мен сарапшылары мұның алдындағы кеңестің 59-шы отырысында қабылданған шешімдердің орындалу қорытын­дысын талқылады. Оның ішінде халықаралық бағдарда жолаушылар тасымалдау жүйесіндегі 2013 жылдың және 2014 жылдың І тоқсанының қорытындысы шығарылды. Кеңеске қатысу­шылар ТМД кеңістігінде пойыздар қозғалысының кестесін жасау, жүк пойыздарын жасақ­тау жоспарларының орындалу нәтижелерімен танысты. Оты­рыс барысында 2014-2015 жылдарға арналған халықаралық контейнерлік жүк тасымалының бағдарларын жасау, жүк вагон­дары паркін басқару мен пайда­ланудың бірыңғай жүйесін жасақтау келісімдерін жүзеге асыру мәселелері де жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге, кеңес отырысы барысындағы басқосуларда 1996 жылғы 18 қазанда ТМД үкіметі басшылары отырысында қабылданған шешімдерді жүзеге асыру, осыған байланысты 2013 жылдан бастап ТМД-ға мүше мемлекеттердің теміржол көлігіндегі Тариф сая­саты туралы тұжырымдаманы жүзеге асыру мәселелері де жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге, Астана қаласында өткен Теміржол көлігі кеңесінің отырысында халықаралық теміржол көлігі жұмысын жан-жақты жетілдіру, осы отырысқа қатысқан мемлекеттер аумағында жолаушылар мен жүк пойыздарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселелері қаралып, соған байланысты тиісті шешімдер қабылданды. Темір жол көлігі кеңесінің 60-шы мерейтойлық отырысы аясында «Қазақстан Республикасының теміржол көлігін инновациялық-технологиялық дамытудың 2013-2018 жылдарға арналған страте­гиялық бағдарламасы», атты ғы­лыми-практикалық конференция өткізілді. Теміржолшылардың халықаралық отырысы аясында кеңеске қатысы бар мемле­кеттердің теміржол саласының басшыларының кездесулері өткі­зілді. Кеңес отырысының қоры­тындысында Теміржол көлігі кеңесі 60-шы отырысының Хат­тамасына қол қойылып, 61-ші отырыстың өткізу мерзімі мен орны белгіленді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

* Кеңеске қатысушылар лебізі

Мамука БАХТАДЗЕ, Грузия Республикасы теміржолының басшысы: Өздеріңізге белгілі, бүгін Қазақстанда Теміржол көлігі кеңесінің 60-шы мерейтойлық тарихи отырысы өтіп жатыр. Осы орайда, алдымен мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына қонақжайлы жылы қабылдаулары үшін алғыс сезімімді білдіргім келеді. Осы басқосуда біз негізінен ТМД мемлекеттері кеңістігіндегі теміржол көлігі саласын тиімді пайдалануды жетілдіру мәселелерін қарастырудамыз. Өткен жыл бұл орайда қолайлы жылдардың бірі болды. Өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылай келіп, біз 2014-2015 жылдарда атқаратын жұмыс ауқымын жоспарлаймыз. Грузия теміржолы үшін Қазақстан теміржолы стратегиялық әріптес болып саналады. Өткен үш жыл ішінде біздің темір жол көлігі саласы арасындағы жүк тасымалының айналымы 12 миллион тоннадан асып түсті. Қазір Грузия Түркияға шығатын жаңа теміржол желісінің құрылысын салып жатыр. Қазақстан осы бір ірі жобаның белсенді қатысушысы болып табылады. Бұл ірі жол торабы келесі жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп, біз Қытай мен Еуропаны жалғастыратын жаңа транзиттік желіні іске қосамыз.