Жалпы өңірде 14 пен 29 жас аралығында 124 мыңға жуық жас бар, соның 31 пайызы қалада, 69 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Биыл жастардың жоғары білім алуға қолжетімділігін арттыру және оларды өңірде сұранысқа ие ауыл шаруашылығы, техникалық, туристік, медициналық және педагогикалық мамандықтарға оқыту мақсатында облыс әкімінің 90 гранты бөлінді. Облыстық білім басқармасының айтуынша, осы 90 гранттың 65-і аз қамтылған отбасыларының балаларына беріледі.
Қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, облыста әлеуметтік әлжуаз топтағы жастардың жобаларын іске асыруға бағытталған Zhas project шағын гранттар конкурсы өтеді. Конкурс шеңберінде әрбір қатысушыға қайтарымсыз 1 млн теңгеге дейін беріледі. Онда жалпы 63 жоба қаралып, 63 млн теңге бөлінген.
Осы жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына 4 585 жас тартылыпты. Сондай-ақ 2 961 адам жұмысқа орналастырылды, соның 1 253-і тұрақты жұмысқа тұрды.
Жастарды нақты қолдау іс-шараларының бірі – «Дипломмен – ауылға!» жобасы. Бұл жобаның халыққа берер пайдасы мол, әсіресе ауылдың әлеуетін көтереді. Бүгінде 266 маманға 81,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, ал 143 маманға 650,9 млн теңгеге бюджеттік несие берілген. Олар енді ауыл-аймақтарда жұмыс істейді.
Өңір шеңберінде «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр. Бағдарлама бойынша 635 жасақшыны жұмысқа орналастыру жоспарланып, оған 70 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар облыста болашақ жас ұрпақ үшін жарқын бастама болатын «Ұлт тәрбиесі» атты жаңа жоба жүзеге асырылды. Аталған жобаның «Өмірлік бағдар» бағыты бойынша білім, жұмыспен қамту, ішкі саясат салаларының білікті мамандарынан ақпараттық-насихат тобы құрылды. Оның мүшелері облыстың аудан, қалаларындағы мектептердің 9-11 сынып оқушылары мен NEET санатындағы жастарға кәсіптік бағдар беру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жоба аясында мамандық таңдау, түлектерге арналған гранттар, қысқа мерзімді оқыту курстары және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жайлы кеңінен түсіндірілді. Бұл істе облыс бойынша 630 мектеп, 63 534 оқушы, ата-аналары мен 10 мыңнан астам мұғалім қамтылды.
Жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатта «Жетісу жастары: 0-5-25» бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарламаны іске асыруға барлығы бірінші кезекте 40 қатысушыға 400 млн теңге бөлінді. Бағдарламаның негізгі шарттары бойынша бастапқы жарна нөл пайыз, қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз, ал несие мерзімі 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Аудан, қалаларда құрылған «Бақыт» клубтары жастар арасында отбасы институтын нығайтуға белсене атсалысып келеді. Ондағы психологтер жыл басынан бері 700-ге жуық адаммен әңгімелесіп, кәсіби кеңестер берді. Соның нәтижесінде 95 жас отбасы ажырасудан бас тартқан. Жастардың волонтерлік қозғалыстары барған сайын қанат жайып келеді. Облыста 4 800-ден аса ерікті тіркелген, 49 волонтерлік ұйым бар. Жыл басынан бері олар 2 200-ден аса түрлі акция өткізген.
«Жастар – қоғамның креативті, белсенді мүшесі. Сондықтан алға нық қадам басып, жаңа құрылған Жетісуымызды, жалпы елімізді дамытуға бәріміз атсалысуымыз керек. 2019 жылды Президент «Жастар жылы» деп жариялаған болатын, мұнан соң 2020 жыл – «Волонтер жылы» деп белгіленді. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Биыл Халықаралық жастар күнінен ерекше мән беріліп жатыр. Бұл жас ұрпақтың алдынан көпте-
ген мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді деп сенемін. Біз өз тарапымыздан артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», дейді облыстық волонтерлердің Birgemiz фронт-кеңсесінің жетекшісі Жанерке Бексейітова.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да ұмыт қалмайды. Жалпы, жыл басынан бері осы мақсатта 12 мыңдай іс-шара өткізілген. Сол сияқты қыркүйек айының басында Текелі қаласында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылады деп жоспарланып отыр. Жетісу аймағында 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, соның ішінде 10-ы – аудандық, қалалық филиал.
Жетісу облысы