Қоғам • 15 Тамыз, 2022

Есірткі саудагерлері есіріп барады

11548 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Есірткіге есі кеткендер жайлы жиі еститін болдық. Құтырғандары құрықталды, құтылғандары қаншама?! Биыл 7 айдың ішінде елімізде 1 491 есірткі қылмысы тіркеліп, 4,5 тонна ұнтақ тәркіленген. Зиянды заттар өртенер, жастардың өмірі «өртеніп» жатқаны өкінішті-ақ.

Есірткі саудагерлері есіріп барады

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Есірткі арзан ләззат емес. Қант баға­сы­ның өзі қалтасына салмақ салған қара­пайым тұрғындар үшін есірткі былай тұрсын, қымбат торттың дәмін татып көру арман қазір. Сөздің төркіні сол, есірт­кі қылмысының басы-қасында көбі­не шіріген байлар мен «іріген» балалары жүр. Құқық қорғау органдары да құ­рықты сол жаққа салатыны түсінікті.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы Ішкі істер министрлігі Есірткі кылмысына карсы іс-кимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов брифинг барысында айтты.

– Жеті айдың ішінде анықталған есірткі қылмысының 874-і өткізу, 227-сі аса ірі көлемде есірткіні сақтау бо­­йын­ша тіркелді. 4,5 тонна есірткі заты­­­ның 2,2 тоннасы – марихуана, 400 килодан астамы – гашиш және 87 кило син­тетикалық есірткі тәркіленді.
Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау мен Павлодар облыстарының аумағына кан­на­бис тобының және синтетика есірт­кі­ле­рін жеткізумен, өткізумен айналысып келген 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Синтетикалық есірткіге қатысты 890 қылмыс тіркелді (оның 324-і – өткізу, 121-і – сақтау фактісі). Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қы­зылорда, Қостанай, Жамбыл, Пав­лодар, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 23 есірткі зертханасы жойылды, – деді Данияр Оралов.

Есірткі қылмысын ашу бір күндік шаруа емес. Бұл ретте жыл сайын мау­сым және қазан айлары аралығында «Қа­расора» кең ауқымды операциясы ұйым­дастырылатынын атап өткен жөн. Нәтижесінде, мыңнан астам есірткі қыл­мы­сы анықталады екен. Биыл 2,5 айдың өзінде 607 қылмыс тіркеліп, 2 690 есірткі заттары тәркіленген.

Үнді шайын үрлеп ішіп, құмарымыз қанатыны бар. Ал үнді марихуанасы туралы естідіңіз бе? Еліміздің оң­түс­тік өңірлерінде сабағы төрт метр­ге дейін жететін үнді марихуанасының бүкіл түрлері өсіріледі екен. Өсімдік шаруа­шы­лығында мол өнім алу үшін тамшылатып суару әдісі қолданатын еді ғой. Есірткі бизнесімен айналысатын пысықайлар да аталған әдіспен көсегесін көгертуге көшіпті. Мұндай алқаптарды баптау үшін «жұмысшылар» мамыр-қазан айлары аралығында үздіксіз еңбек ететін көрінеді. Інге тығылған суыр сияқты қажетті азық-түлік қорын жет­кі­зіп алып, алаңсыз іске кіріседі екен. Құқық қорғау органдары жыл сайын 60-қа жуық суармалы плантацияны анық­тай­тынын жеткізді. Бұл іске Ішкі іс­тер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­теті, Қорғаныс министрлігі, «Ғарыш сапары» АҚ мамандары жұмылдырылып, бірлескен жұмыстың нәтижесінде ірі қылмыстардың беті ашы­луда.

Әлеуметтік желінің әлегі де көп. Данияр Ораловтың мәліметінше, есірткі заттарын заңсыз жарнамалау немесе насихаттау бойынша 76 сотқа дейінгі іс, оларды интернет арқылы өткізу бойынша 153 қылмыстық іс тіркелген. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мо­ни­торинг барысында есірткі мен пси­хотроптық заттардың таралуына қатысы бар 1606 веб-сайт, аккаунттар және басқа да ресурстар анықталып, бұғат­талған.

Бір-екі мысалға тоқталсақ. Күні кеше Орал қаласындағы тұрғын үйдің аула­сынан есірткі зертханасы табылды. Батыс Қазақстан облысы Полиция депар­таменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2022» іс-шарасы кезінде елу­ді еңсерген қала тұрғынының қа­ра­­­сора өсіретін жылыжайды ұйым­дас­­тырғанын анықтады. Басқарма бас­ты­ғы­ның міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әнуар Халеловтің айтуынша, аталған тұрғын тыйым салынған өсімдіктерді өсіру үшін үйінің ауласына арнайы жабдықтар орнатып, ты­ңайт­қыш­тар сатып алған.

«Үйдің ауласынан жасырын қор­шал­ған бөлме табылды, оның ішін­де қарасора тәрізді өсімдіктері бар бес плас­тикалық контейнер болды. Сон­дай-ақ гаражда есірткі зертханасы ре­тін­де жабдықталған жасырын жер­тө­ле анықталды. Қабырғалары ар­на­йы материалмен қапталған, өсім­дік­терді өсіруге арналған жарық шашқыш және жылу шамдарымен жабдықталған, сору жүйелері, градустық құрылғылары бар ауа ылғалдандырғыш орнатылған. Тінту кезінде қарасора тәрізді өсімдік бұта­лары, белгілі бір иісі бар жасыл өсімдік тектес зат, қарасора тұқы­мын орау, электрондық таразы, өсім­діктерді өсіруге арналған түрлі тыңайт­қыш тәркіленді. Тиісті сараптама тағайын­дал­ды», деді Ә.Халелов.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 300-бабы 1-бөлігіне (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адамға 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынып не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.

Ал ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы «Жібек жолы» өткізу пунктінде инспекциялық тексеру кешені және қызметтік итті қолдану арқылы көлік құралын тексеріп, 35 килоға тарта есірткі заттарын тәркіледі. Алдын ала болжам бойынша героин болуы мүмкін. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі психотропты заттарды сатуға қатысы бар деген күдікпен елордалық тұрғынды ұстады. Процессуалдық іс-шара барысында заңсыз айналымнан 1,5 кг мефедрон, 1,4 кг альфа-PVP және 659 таблетка МДМА (экстази) тәркіленді. Күдікті әккі әрекетін жалдамалы пәтерде жүзеге асырып, интернет онлайн алаңы арқылы тұрақты түрде сатып келген. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде. Қылмысы дәлелденсе, күдікті 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Біздің мысал келтіргеніміз 2-3 оқиға ғана. Есірткі саудасына қатысты қыл­мыстар күн сайын тіркелмесе де тәртіп сақшылары оның ізін кесу жұ­мыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Бай­қасаңыздар, соңғы уақытта «ләззат шыңына» ұмтылғандардың арасында синтетикалық есірткілер сәнге айналған. Былтырғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, синтетикалық есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар көп тіркелген өңірлер көшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысы бас­тап тұр.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жол­дауында есірткінің заңсыз ай­на­лы­мы бойынша бірқатар тапсырма бер­ген болатын. Оған сәйкес есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде син­те­ти­калық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бас­тама жүзеге асырылған. Атап айтсақ, аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және оларды өткізу мақсаты болмаса да заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауап­кер­шілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленген. 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасы қолға алынып, онда шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген.

Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның есірткіге қарсы барлық үш кон­вен­ц­иясының қатысушысы бола отырып, осы саладағы өзінің халықаралық міндеттемелерін практикалық және заңнамалық деңгейде жүзеге асырады. 2019 жылы жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу механизмін айтарлықтай жеңілдеткен нормалар енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін оның ішінде графити-суреттер мен QR кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.