Экономика • 17 Тамыз, 2022

Шығын көбейсе, тариф өседі

388 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі энергия өндіруші ұйымдар ұстанатын шекті тарифтердің қазіргі деңгейі компаниялардың шығынын толық жаппайды. Ал бұл жағдай олардың жұмысына, ел тұрғындары мен экономиканың энергиямен қамтылуына кері әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта тарифтерге түзету енгізілуі мүмкін. Бұл электр энергиясы қымбаттайды деген сөз.

Шығын көбейсе, тариф өседі

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, биыл энергия өндіруші ұйымдарға қатысы жоқ шы­ғын­дардың ұлғаюы болжанып отыр. Мәселен, Екібастұздағы «Богатырь-Көмір» разрезінен алы­­натын көмір құны өспек. Баға осы жылдың 1 тамызынан бастап 7 пайызға көтерілді. Бұрын тоннасына 2 133 теңге еді, енді 2 282 теңгені құрап отыр. 1 қыркүйектен бастап та­ғы 5 пайызға қымбаттайды. Яғни бір тонна көмір үшін 2 282 теңгенің орнына 2 396 теңге төлеу керек болады. Алдағы қазан, қара­ша, желтоқсан айларында да 5 пайызға өсіп отырады деген болжам бар. Сонда 2022 жылдың со­ңына дейін көмірдің құны 30 пайызға өседі.

Ол аздай көмірді темір жолмен жеткізу бағасы 2022 жылдың басынан ел бойынша орташа есеппен 5 пайызға қымбаттады. Бұдан бөлек, биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан бойынша тауар газының құны энергия өндіруші ұйымдар үшін орта есеппен 15 па­йызға өсті. Сонымен қа­тар Мемлекет бас­шы­сының тап­сырмасын орындау аясында станса персоналының жалақы дең­гейін тиісті өңірлер бойынша орташа деңгейге дейін жеткізу керек.

– Осыған байланысты Қазақ­станның энергия өндіруші ұйым­дары сәуір айында топтар бойын­ша шекті тарифтерді түзетуге өтінім берді. Энергия өндіруші 47 ұйымның 26-сынан өтінім келіп түсті. Оларды қарау кезінде министрлік әрбір жағдай бойынша жеке тәсіл қолданды. Уақтылы шешімді талап ететін өтінімдер назарға алынды. Бұй­рық жобасы 2022 жылғы 9 маусымда Ашық нормативтік-құқықтық акті­лер сайтында жарияланды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасымен және Энергетика ми­нис­трлігінде аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен тал­қылау жүргізілді. Бұй­рық жобасы қоғамдық кеңесте қаралып, Ашық нормативтік-құқықтық ак­тілер порталының электронды алаңында тал­­қыланды. Та­рифтерді түзету би­ылғы 30 мау­сым­да «Электр энергиясына шек­ті тарифтерді бекіту туралы» Энер­гетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №514 бұй­рығына өзгеріс енгізу туралы» бұй­рықпен жүргізілді. Аталған бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Қа­зақстан бо­йын­ша энергия өндіруші ұйым­дардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 10-12 пайыз деңгейінде болжануда, – деді Энергетика вице-министрі.

Бұл ретте, Қазақстанның бір­тұтас электр энергетикалық жүйе­сінің батыс аймағынан басқа еліміздің барлық өңірі бойынша электр энергиясын өткізетін Екібастұз ГРЭС-1 стансасының шекті тарифі өзгеріссіз қалады екен. Өзге стансалардың тариф­тері 4-тен 12 пайызға дейінгі диапазонда өсуі мүмкін екенін ескерсек, Екібастұз ГРЭС-1 стан­­сасында шекті тарифтің сақ­талуы тұ­ты­ну­шыларға қатысы бар түпкілікті тариф­тердің өсуіне ай­тарлықтай әсер етпейді.

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тимур Қосымбаевтың пікіріне қарағанда, бүгінгі таңда 100-ден астам кәсіпорын іс жүзінде энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетеді. Оның ішінде 37 кәсіпорынға Та­биғи монополияларды реттеу комитеті бағаларды мем­лекеттік реттеу тетігін қол­данады. Түпкілікті тұ­тынушы үшін электр энергиясының бағасы энергия өндіруші ұйым­­дардың босату бағасына (үлесі ор­та есеппен 61 пайыз), электр энер­гия­сын бе­ру тариф­­теріне (үле­сі 35 пайыз) және энергиямен жаб­дықтаушы ұйым­ның жабдықтау үстеме­ақы­сына (үле­­сі 4 пайыз) сүйе­не отырып қалып­тастырыла­ды.

– Халық үшін электр энергиясы ба­­ғасының өзгеруі субъек­­­тілерден түс­кен өті­­нім­дерге қарай қа­лып­тастырылатын болады және әрбір өңір бойынша әлеу­­меттік-эко­номикалық жай-күйге мұқият талдау жүргізіледі. Ха­­лық үшін тарифтердің өзге­руінің әрбір жағдайы бойынша жеке тәсіл қарастырылады. Тұтынушылардың қаражатын орын­сыз пайдалану анықталған жағ­дайда, тарифтерді төмендете отырып, уақытша өтемдік тариф қолданылады. Тарифтің өсуі тұрғындар үшін барынша азайтылады, – дейді Т.Қосымбаев.

Елдегі 47 энергия өндіруші ұйымның 21-і бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталатынын атап өткен жөн. Электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау энергия өндіруші ұйымдардың өндірістік персоналының, шамамен 30 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді. Халық үшін шекті тарифтерді көтеру туралы шешім Ұлттық экономика ми­нистрлігінің құзыретіне жатады.

– Біздің министрліктің құ­зы­ретіне энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге шекті тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту мәселелері кіреді. Халық және соңғы тұты­нушылар үшін тарифтерді түзе­тумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады. Электр энер­гиясына арналған тарифтер «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді. Бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге жұмсаған шығындары іс жүзінде ұлғайған жағдайда, компаниялар шекті тарифтерді түзетуге уәкілетті органға өтінім беруге құқылы, – деп нақтылады вице-министр.

Еске сала кетейік, Энергетика минис­трлігі электр энергетикасы сала­сындағы мемлекеттік саясатты іске асы­ратын уәкілетті орган саналады. Ж.Нұр­маған­бетовтің айтуынша, ведомство тұтыну­шыларды және ел экономикасын энергиямен сенімді жабдықтау бойынша шаралар қабылдауда.

– Қазақстанның электр энергетикасы саласы қолданыстағы активтерді жаңартуды қажет ете­тінін атап өту қажет. Қолда­ныстағы қуаттар өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр стансаларының қолда бар қуаты 19,1 ГВт-ты құрады. 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылған электр қуаты 15,4 ГВт-қа тең болды. Осы жыл­дың 7 айында 64,993 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Ал осы аралықтағы тұтыну көлемі 64,790 млрд кВт/сағатты құрады, – деді Ж.Нұрмағанбетов.

Оның айтуынша, электр энер­гия­сының тапшылығын болдырмау мақ­сатында Энергетика министрлігі бірқатар шара қабыл­даған. Мәселен, оңтүстік өңірде қуаты 330 МВт болатын «Жамбыл ГРЭС» АҚ-ның 2 энергоблогы пайдалануға берілді. Сондай-ақ тапшылық кезінде майнинг фермаларына шектеу тетігі енгізілді.

– Энергия өндіруші ұйымдар ұс­танатын шекті тарифтердің қазіргі дең­гейі компаниялардың шығынын толық жаппайды. Бұл факт электр қуат­та­ры­ның ава­риялық істен шығуы, тұты­ну­шыларды электрмен жабдық­тау са­пасының төмендеуі және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерге тәуелділік тәуекелдерінің ұлғаюы секілді жағдайларымен расталып отыр. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанның бір­тұтас электр энергетикалық жүйе­сінде

5 562 технологиялық бұзушылыққа жол берілген. Өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда технологиялық бұзу­шы­лықтар саны 943-ке немесе 20 пайызға артты. Ал жылыту кезе­ңінде жаб­дықтар мейлінше көптеп іске қосылған кезде технологиялық бұзу­шылықтар 3 467-ге немесе 47,1 пайызға көбейді, – деп нақ­тылады Энергетика вице-министрі.

Ж.Нұрмағанбетов алдағы жылыту маусымына дайындық штат­тық режімде жүргізіліп жатқанын еске салды. Жүйелік оператор бекіт­кен Электр стансаларындағы жөндеу кестесіне сәйкес, биыл 9 энергоблокты, 60 қа­зан­дық және 42 турбинаны күрделі жөн­деу жоспарланған. Бүгінде 2 энергоблокта, 14 қазандық пен 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Әр түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 38 қазандықта және 18 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде.