Қоғам • 17 Тамыз, 2022

Балалар демалысына 130 миллион теңге бөлген

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балалар жылы аясында өңір­де балдырғандарға жа­са­­лып жатқан қам­қор­лық аз емес. Таяуда ғана Тараз­дың төбесіне қара түтін төндірген «Қазфосфат» ЖШС жұрттың наразылығын тудыр­ға­ны­мен, серіктестікке қарасты тағы бір мекеме біршама уақыт бұрын балалардың алғысын алып үлгеріпті.

Балалар демалысына 130 миллион теңге бөлген

Анығырақ айтсақ, жа­қын­да ғана «Қазфосфат» ЖШС иелігіндегі Қаратау тау-кен қайта өңдеу кешеніне қа­рас­ты «Жұлдыз» балаларды сауықтыру лагерінің үшінші маусымы жабылды. Елі­міз­де қалыптасқан эпи­де­миялық ахуалға байланысты лагерь жұмысы екі жыл бойы тоқтап қалған болатын. 2022 жылы лагерь жұмысын жандандыру үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Биыл біз балалардың жақсы демалуына күш салдық. Жалпы, демалушыларға арнап бес мезгіл дайындалатын ас мәзірі бар, ойын-сауық кешендері жеткілікті. Бала­лардың жан-жақты дамуы үшін қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бірнеше үйірме жұмыс істеді. Ең бастысы, бассейнімізді талапқа сай жаңғырттық», дейді лагерь директоры Қарлығаш Қанапина.

Оның айтуынша, лагерь 3 маусым бойы үзіліссіз жұмыс істеді. Лагерьдің 14 күнге созы­латын бірінші маусымына 235 бала қабылданған, соның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға тегін жолдама беріл­ген. Ал екінші маусымда 280 бала қабылданса, оның барлығы толық отбасынан шыққандар. Үшінші маусымға 235 бала келген.

Айта кетейік, жалпы «Қаз­фосфат» ЖШС биыл бала­ларға арналған барлық іс-шара­ларға 130 млн теңге қар­жы бөлген. Келесі жылдың сәуір айынан бастап, лагерьді одан әрі дамыту мақсатында спорт кешендерін салу жос­пар­ланған. Сонымен қатар бала­лар ойын алаңы бой көтер­мек.

 

Жамбыл облысы