Қазақстан • 18 Тамыз, 2022

Бұғыбұлау

565 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл он екі ай бағып-қаққан бұғы мүйізін кесу науқаны екі-екі жарым айға ғана созылады. Өз уақытында кесіп алмаса, былқылдап тұрған мүйіз өскен сайын қатая береді. Қатайған мүйіздің емдік қасиеті азая бермек. Сондықтан да бұғы баққан шаруалар мүйізін уақтылы кесіп алуға тырысады.

Бұғыбұлау

Жалпы, Катонқарағай өңірінде 11 марал шаруашылығы бар. Алайда «санда бар, сапада жоқ» дегендей, оның бәрі бірдей халыққа қызмет көрсетіп отырған жоқ. Ерте кездегідей дүркіретіп, үйірімен марал қуып жүргендер де азайған. Біз білетін шаруалар – «Жанат», «Баян», «Ақ қайың»... Олардан ала жаздай қонақ үзілмейді. Қыстың күні-ақ орындарын алып, ақшасын төлеп қояды. Соған қарағанда Катонқарағайда бұғы бұлауы бар шипажайлар аздық ететін сияқты. Аз дегенімізбен, оны көбейту де оңай емес. Жер тарпыған бұғыға табындық пен шабындық тарлық етеді. Шаңырақтай мүйізді жануар таудың мың түрлі шөбімен, қызыл тамырмен қоректенбесе, мүйізінде ағзаға керекті дәрумен болмайды. Кейбір аудандар Катонқарағайдан бұғы сатып алып, қу тақырда өсіріп жатыр. Олардың мүйі­зінде ешқандай дәрілік қасиет жоқ. Маралшылар солай дейді. Ал дәрілік қасиетке бай, нағыз Алтай бұғысының мүйізін қалай пайдаланады? Емделудің жолы қандай? Дәрігердің кеңесіне құлақ түріп көрдік. 

– Пантымен емделу – жүрек-қан тамырға, тірек-қимыл жүйесіне, жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді. Емдік қасиетке бай болу себебі, бұғы 300-ге жуық шөп жейді. Әр шөптен өзіне керек пайдалы заттарды алады. Оның бәрі мүйізіне жиналады екен. Көктем шыға, ауыздары көкке тиген соң 70 күн ішінде мүйіздері пісіп, жетіледі. Яғни тәулігіне 1,5-2 сантиметрге дейін өседі, – деп түсіндірді «Баян» пантымен емдеу орталығының арнайы маманы Олжас Қырықбаев.

Маманның айтуынша, табиғатта 22-24 амин қышқылы болса, оның 18 түрі марал мүйізінен табылады екен. Сондай-ақ ағзаға қажетті 12 макроэлемент, 20-дан астам микроэлемент болады. Мұның бәрі адам үшін таптырмас ем. Мәселен, уайымға салынсаңыз кортизол көтеріледі. Ол дегеніміз, дамуымызға қажетті гормондарды басып тастайтын көрінеді. Бұғы бұлауға түсіп тұрсаңыз, гормондарды қалыпты ұстауға көмектеседі. Иә, айтқанымыздай пайдасын тізе беруге болады. Сөйтсек, бұғы қанының зияны да бар көрінеді. Пантымен емдеудің маманы Олжас Қырықбаевтың айтуынша, шикі қанды ішу – қатерлі, қатерсіз ісік клеткаларын қозғап жіберуі мүмкін екен.

– Мүйіз қаны ер адамның қуатына ғана емес, жалпы, адам денсаулығына жақ­сы. Оны жалпылап айттық. Қан қысы­­мы жоғары немесе төмен болса да көмек­теседі. Тек алғашында 6-10 рет қана ванна қабылдауға болады. Егер ағза үйренсе, көбейте жатарсыз. Менің айтайын дегенім, мүйізді кесе сала қанын көп ішуге де болмайды. Біріншіден, ол – шикізат. Оның бәлендей пайдасы болмайды. Керісінше, кері әсер етуі мүмкін. Оны «Алтай» марал институтының мамандары дәлелдеген. Ал сорпа жоғары температурада қайнайды, – дейді О.Қырықбаев.

Десе де алыс-жақыннан ат арытып келіп жатқан туристер тау бөктеріне таң ата барып, мүйіз ке­суді қызықтайды. Арақ­пен араластырып, мүйіз қанын ішеді. Шипа болсын деп, беттеріне жақ­қандарды да көрдік. Қонақтарға қызық бол­ғанымен, маралшылардың зығыр­даны қайнап жүргендей көрін­ді. Таудың қойын-қонышынан ойнақтап тұрған бұғыны қуып әке­ліп, мүйіз кесетін ста­нокқа қамау да оңай емес. Лыпылдап тұрған ат болмаса, қаумалап, алып келу үшін әккілік, айла керек. Қалай дегенмен, түбі – түз жануары. Қысылса, атты кісінің үстінен де секіріп өтеді. Оны қамаған соң, жел­кесінен басып тұрып мүйізін кеседі. Жарайды, қуалап әкеліп, станокқа қамаудан бұрын қыстай күтіп-баптауы, материалдық шығыны бар. Әуренің көкесі сонда. Қыстай қорадағы бұғыға шөбін шашып, жемдейсіз, екі-үш ай жазда ғана туристерді емдейсіз.

– Мүйіздің машақаты көп. Біле­сіздер, Алтайда қыс ұзақ. Марал тоғыз ай шөп­те тұрады. Оның жемі бар, суы бар... Ала жаздай тонналап шөбін дайындап алу керек. Қып-қызыл еңбек, қып-қы­зыл шығын. Бұғы – түз тағысы болған соң далаға елеңдеп тұрады. Айтпағым, тор қор­шаудан қашып шықпақ болып, оны бүлдіреді. Қоршауды қайта қалпы­на келтіру үшін 10-15 млн қаражат жұмсай­мыз. Соған қарай субсидия берсе ғой. Айта берсем, проблемасы көп, – дейді «Да­мир» шаруа қожалығының басшысы Дамир Қалиқанұлы.

Д.Қалиқанұлы жетекшілік етіп отырған «Жанат» пантымен емдеу орталығы 25 мамырда ашылып, 30 тамызда маусымдық жұмысын тәмамдайды. Емделушілер қатары жыл сайын көбеймесе, кеміп отыр­ған жоқ. Бұғы бұлаудың рахатын бір көргендер жыл сайын келуге тырысады. Қалталы азаматтардың кейбіреуі жылына екі келіп кетеді. Қалталы демекші, бұғылы жерде ем алудың бағасы арзан емес. Себебі жоғарыда айтып өткендей, марал шаруашылығын шалқыту үшін шығын көп жұмсалады. Егер мемлекеттен субсидия бе­рілсе, баға да өзгеруі мүмкін еді. Катон­қарағайдың бренді болып кеткен марал шаруашылығына субсидияның жоқтығы өкінішті. Шошқаға да беріліп жатқан көмек маралшыларға да берілсе, кербез жануардың саны көбейер еді ғой. Қазіргі таңда Катонқарағайда 4 357
марал бар. Марал басы артар еді дейміз, осы орайда жер мәсе­ле­сін айта кеткен де жөн. Катон­қара­ғай өңірінде халық саны азайып бара жатқанымен, жайылым мен шабындық жер тарылып барады. Бұғы жайғанды қойып, бір сиырға шөп шауып алатын жер таппайды кейбіреу.

– Климат өзгерді ме, шөп те сұйылып кетті. Марал санын мыңға жеткізгенімізбен, жер жағынан проблема бар. Ертеңгі күні марал шаруашылығы өзін ақтай алмай тарап кетсе, қайта қалпына келтіру қиын болады. Шетелдің бұғыларын әкеліп тұқымды да жаңарту керек. Сондықтан да Катонқарағайдың символына айналған жануардың санын көбейтуге мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз, – деген тілегін жеткізді маралшы Дамир Қалиқанұлы.

Мемлекет халық үніне құлақ асса екен. Катонқарағай елі мыңғыртып марал жайып, туристер ағылып жатса, елдің әл-ауқаты өздігінен арта түсер ме еді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы