Әлем • 21 Тамыз, 2022

Сомалиде лаңкестер шабуылынан 20 адам көз жұмған

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сомали астанасы Могадишодағы лаңкестік әрекеттен 20-дан астам адам қаза тапты. Қарулы исламшылар «Хайт» қонақүйін басып алып, төрт қабатты ғимаратты бір тәулікке жуық уақыт ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Сомалиде лаңкестер шабуылынан 20 адам көз жұмған

Қаза тапқандар арасында әскерилер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен қонақүйдің иесі бар.

Шабуыл үшін жауапкершілікті «Аш-Шабааб» ұйымы өз мойнына алды.

Лаңкестер қонақүйге жұма күні күн батқан соң шабуыл жасаған. Бірқатар жарылыс болғаны хабарланды.

Топ өкілдері исламшылдардың көптеген қауіпсіздік қызметкерлерін өлтіргенін және ғимараттың өзінде адамдарға оқ жаудырғанын мәлімдеді.

Қонақүй айналасы қоршауға алынды. Таңертең әскерилер ғимаратты атқылап, шабуылға дайындала бастады.

Ұрыс 18 сағаттан астам уақытқа созылды. Қауіпсіздік қызметкерлері үйдегі бейбіт тұрғындардың көпшілігін, соның ішінде балаларды құтқара алған.

«Франс-Пресс» агенттігі хабарлағандай, бұл осы жылдың мамыр айында ел президенті Хасан Шейх Махмудтың қайта сайлануынан кейінгі ең ауқымды шабуыл болды.