Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
«Әзілхан Нұршайықов редактор болған газет» деген анықтама деректі естігенде, көкірегі ояу әрбір қазақтың елең етпеуі мүмкін емес. Дүйім қазаққа қадірлі, қабырғалы қаламгердің еңбек ізі қалған редакцияның қасиетті орын екенін осыдан білуге болады. Ә.Нұршайықов Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне 1953 жылдың 16 қыркүйегінде редактор болып тағайындалған. Содан бергі үш жылда қаламгердің Павлодар өңірінде өмірінің публицистикалық, әдеби шығармашылыққа толы ерекше бір кезеңін бастан өткергенін көреміз. Облыстың мемлекеттік архивінде бұл туралы нақты мәліметтер бар. Архивте редактордың тағайындалуынан бастап қызметтен босатуға дейінгі қызметтік деректері, өз қолымен жазған өмірбаяны, басқарушы кадр ретіндегі жеке іс парақшасы, суреті сақталған.
1953 жыл тың және тыңайған жерлерді игеру бойынша үлкен жұмыстар қолға алынған уақыт болатын. Мұның барлығы облыстық «Қызыл ту» газетінің беттерінде жарқырап жазылуға тиіс еді. Басылым арқылы жасампаз істер жөнінде облыс тұрғындары хабардар болып жатты. Ә.Нұршайықовтың өзі аудандардағы еңбеккерлер туралы очерктерді бұрқыратып жазып, өңірлік публицистиканың дамуына зор еңбек сіңірді. Кейін осы жазбаларының басын қосып, «Алыстағы ауданда» атты кітабын шығарды. Бұл газет редакторының болашақта жазушылыққа көшуінің басы еді.
Отыз жасқа енді толған Әзілхан Нұршайықовтың мойнында зор ізденістер, күн-түн демей көз майын тауыса, талмай еңбек ету, газеттің таудың өзін еңкейтетін машақатты жұмысын ұйымдастыру міндеттері тұрған болатын. Редактор ретінде соңынан қабырғалы қаламгерлердің ұйытып бастай білетін қабілетін таныту керек болды.
Газет тарихына үңілсек, 50-жылдардың басында редакция ұжымы шағын болған. Партия-насихат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және хат бөлімдерінде үш әдеби қызметкер, редактор, орынбасар, жауапты хатшы қызмет еткен. Екі беттік газет аптасына 5 рет шығып тұрған. 1954 жылы тың игеруге байланысты газет төрт беттік болып шығып, штат саны артады. Жаңадан бөлімдер ашылып, редакцияға жаңа қызметкерлер, журналистер қабылдана бастады. 1953-1956 жылдары «Қызыл ту» газетінде Әзілхан Нұршайықов редакторлық еткен кезеңде редактордың орынбасары Садық Бапиев, жауапты хатшы Хасанат Ысқақов, редакцияның хат бөлімінде Ғаббас Әміров, ауыл шаруашылығы бөлімінде Кәрмұқан Бекбергенов, насихат және үгіт бөлімінде Тұрсынғали Жұмагелдин, мәдениет бөлімінде ақын Әбдікәрім Ахметов, сондай-ақ әдеби қызметкер болып ақын Төлеужан Ысмайылов, Көкеш Әміржанов, Зейнелқабиден Әйтімов қызмет еткен. Журналист кадрларының тапшы кезінде осы кісілер газет шығаруда күні-түні аянбай қызмет еткен. «Олардың бәрі де газеттің жұмысына жан-тәнімен берілген адал азаматтар болатын» деп еске алады Ә.Нұршайықов редакцияның ыстық-суығын бірге көрген әріптестері жайында.
Ол тек шебер газет ұйымдастырушы ғана емес, шығармашылық адамдардың қолдаушысына, рухтандырушы ұстазына айнала білді. Сол себепті бүгінде газеттің тарихы туралы айтқанда Әзілхан Нұршайықовтың есімі бөле-жара көрсетіледі. Аға буын журналистер Ә.Нұршайықовтың тұсында дарынды ақын Төлеужан Ысмайыловтың арнайы жұмысқа шақыртылып, редактор тарапынан ерекше қамқорлық көргенін жиі айтады.
Танымал журналист Төлеубек Қоңыр 1955 жылы бозбала шағында дәл осы Ә.Нұршайықовтың редакторлығы тұсында алғаш редакцияның табалдырығын аттап, курьерлік, корректорлық қызметтерге қабылданған. Кейін тіпті Алматыға ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға жіберуге қолдау көрсеткен. Бұл туралы марқұм Т.Қоңыр ағамыз «Менің редакторларым» атты жазбасында атап өтеді.
«Мен осындай мол тарихы бар басылым ұжымына он алты жасымда келдім. Жат жазу жаздырып, сынақтан өткізіп барып, жауапты хатшы Хасанат Ысқақов мені редактор Әзілхан Нұршайықовтың алдына алып барды.
– Хасеке, мына баладан емтихан алғансыз ба? Жазуы маржандай, әдемі. Әрі сауатты екен. Орта мектепті қашан бітіргенсің? – деп қағаздан басын көтеріп, маған қарады редактор.
– Биыл бітіргенмін. Университетке құжаттарымды жіберіп едім, қайтып келді. «Жасың жетпейді. Келесі жылы келерсің» деген хат алдым. Содан соң «Октябрь» заводына жүкші болып орналастым...
Редактор: – Хасеке, мына баланы қайда жіберуге болады? – деп сұрады жауапты хатшыдан.
– Хат тасушы, корректордың көмекшісі. Екеуін бірдей атқарса, тіпті жақсы.
– Онда, жарайды. Қабылдаңыз. – Әзілхан Нұршайықов рұқсатын берді де, алдындағы қағазға қайта бас қойды.
Сөйтіп, 1955 жылы 7 қыркүйекте хат тасушы (курьер) әрі корректордың көмекшісі болып шыға келдім. Ертеңінде жұмысқа кірістім. Редакцияға хат тасимын. Редактор кейде кездесіп қалады. Кейде арнайы шақырады. 1956 жылдың жазы келді. «Ә.Нұршайықов шақырып жатыр» деген хабармен редакторға жеттім. Ол бірден маған: «Сен бала былтыр менің Май аудандық партия конференциясына жазған сериялы очерктерімді мұқият оқып қана қойған жоқсың, тіпті түзетулер жасадың. Жеті тарауды газет бетінде түзеттің де. Рахмет. Енді сені оқуға аттандырайық... Жинал университетке. Құжаттарды жібер. Мен жақсылап тұрып мінездеме берейін, жақсылап тұрып жолдама берейін. Көп ұзамай аттанып кет», деді. Осыдан кейін көп бөгелмедім. 1956 жылдың 13 шілдесінде, «Алматы, қайдасың?» деп аттанып кеттім. Жолым болды. Жеті емтиханды үздік тапсырып, студент атандым... 1961 жылы университетті (журналист-аудармашы тобын, бір жыл әскери міндетті өтеп келген соң) бітірген мен «Қызыл туға» оралдым. Әзілхан Нұршайықов «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болыпты», деп жазады Төлеубек Қоңыр.
Ә.Нұршайықов 1953-1956 жылдар аралығында облыстық газетке редактор болған жылдары әртүрлі очерк жазып, шығармашылық тұрғыда толысады. Оның соңы көркем әдеби тұрғыдағы әңгімелерді жазуына алып келгенге ұқсайды. Бұл ретте Халық жазушысы өзінің естелігінде «Павлодар менің әдебиет аспанына көтерген космодромым болды» деп айтып кеткені дәлел.
Көзі қарақты оқырман біледі, Ә.Нұршайықов өзінің «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» секілді әйгілі романдарының қалай жазылғаны туралы жеке-жеке әңгімелер жариялаған. Осындай бір сұхбаттарда Ә.Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романының алғашқы сюжеттері Павлодар жерінде жүргенінде ойға келгенін ашып айтады. «Тіпті көшеде келе жатып, ойға түскен нәрсемді ұмытып қалармын деген оймен орта жолда тоқтай қалып, қойнымдағы блокнотқа түртіп қоятынмын. Сырттай қараған адамға бұл қимыл-әрекетім есі сау емес адамды елестеткен де шығар. Бірақ шығармашылықпен ауыру деген бір бөлек әңгіме ғой», дейді. Болашақ жазушы кейіннен бір еңбек демалысында жазып үлгермеген ойларын, іле екінші еңбек демалысын алып (бірі жыл аяғында болған, екіншісі жаңа жыл басында), көңіліндегі шаруасын тындырмай қоймаған көрінеді. Мұның барлығы Нұршайықов шығармаларын іздеп оқыған оқырмандарға белгілі. Әрине, қазақ еліне әйгілі болған романның алғашқы тараулары Павлодар жерінде туғаны – осындағы тұрғындар үшін ерекше мақтаныш.
1956 жылдың 6 тамызында Ә.Нұршайықов басқа қызметке ауысуына байланысты Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы қызметінен босатылады. Оның орнына Омарғали Құдышев бекітілген. Облыстық газеттен ұзағанмен Әзілхан Нұршайықов біраз уақыт «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет етті.
Ә.Нұршайықовтың осы кезеңде бір ерекше сәтті бастан өткергенін дәлелдейтін уақыт болды. Павлодар жерінде жүргенде оған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті қарсы алушы делегацияның құрамында болу бақыты бұйырады. Бұл 1958 жылы еді. 24 маусым күні облысқа Мұхтар Әуезов Павлодар қалалық партия комитетінің шақыруымен келеді. Бұл заңғар тұлғаның Павлодар жеріне алғаш және соңғы мәрте аяқ басуы еді. Қарсы алушылар құрамында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Зейнолла Қабдолов, «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Ә.Нұршайықов, «Қызыл ту» газетінің редакторы Омарғали Құдышев және өзге де партия комитетінің басшылары болады. «Мен Баянауыл жерін бұрын көрмеген едім. Мұндай тамаша, осыншама ғаламат жерде туған адамдар ақын болмауы, алып болмауы мүмкін емес. Сұлтанмахмұт сияқты ұлы ақын, Қаныш сияқты ұлы ғалым, тағы да толып жатқан көрнекті, атақты ұлдар туғызған топырағынан айналайын, Баянауыл! дегім келеді менің» деп М.Әуезовтің толғанатын сапары осы.
Кейін М.Әуезовтің Кереку өңіріне сапары Ә.Нұршайықовтың «Әуезовпен болған бес күн» атты естелігі республикалық газетке жарияланды, сосын өңделіп «Екі естелік» кітабында тағы шықты. Айтып өтейік, осы «Екі естелік» кітабының бір данасын жазушының өзі 1988 жылы 28 қараша күні «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінің редакция ұжымына қолтаңбасымен сыйға тартқан болатын. Бүгінде бұл қымбат мұра редакцияда сақтаулы.
Жалпы, белгілі публицист, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өмірінің қай кезеңінде болсын өзі еңбек еткен Павлодар өңірін, төл газетін ұмытпай, хат жазып тұрды. Соның бір жарқын көрінісі 2002 жылы жазушы енді ғана жазып бітірген «Халима» атты ғашықтар хикаясын біздің газетке жолдады. Газет редакторы Мұхит Омаров «Халима» атты мәңгілік ғашықтар жырын газеттің бірнеше нөміріне жарыққа шығарды. Сол кездегі студент, біздер, газеттегі әңгімені бас алмай оқып, мәңгілік өлмес махаббат оқиғасына тамсанып едік.
Ә.Нұршайықов зор журналистік еңбектің үлгісін көрсете келе, көркем әдебиеттің беделді өкіліне айналған, жалпы халықтың махаббатына бөленген тұлға. Бұл жолда жазушыға Павлодар облыстық газетіндегі қызмет істеген жылдары зор екпін бергенін өзі де айтады. Бұл оқиға бүгінде осы редакцияда қызмет етуші жастардың бойында зор мақтаныш туғызады.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
журналист
ПАВЛОДАР