Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Хромтауда жел электр стансасы салынады

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Хромтау қаласына жақын, 150 гектар аумақта 24 жел генераторы паркі бой көтермекші. 155 мегаватт электр қуатын өндіретін жасыл энергетика жобасын іске асырушы – ERG компаниясы.

Хромтауда жел электр стансасы салынады

2024 жылы құрылысы аяқталатын осы жобаға капсула қалау рәсімі өтіп, оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич пен мүшелері – Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов қатысты. «Хромтау» жел электр стансасы жобасына ERG компаниясы 110 млрд теңге көлемінде инвестиция салды. Стансаның құрылысы кезінде 300-ге тарта жұмыс орны ашылып, ол іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергияның баламалы, жаңартылған көздері арқылы елімізде жасыл экономиканың үлесін 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау аясында өңірімізде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Хромтау ауда­нында іске асырылатын қуатты жел электр стансасының құрылысы – Ақтөбе облысы үшін маңызды оқиға. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін ERG, «Қазхром» компанияларының қарқынды дамып жатқанын көру қуанышты», деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин капсула қалау салтанатында.

Капсула қалау рәсімінен соң ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич Хромтауда шетелдік, отандық және жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Онда халықаралық оқиғалардың компания жұмысына әсері, темір кені экспорты және тасымалдауда орын алған қиыншылықтар туралы айтты. Әлем энергетикалық өтпелі кезеңге аяқ басқан кезде, ERG компаниясы жасыл технологияға көшу жобасын іске асырып, осы салаға инвестиция салуға көшкенін хабарлады. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы тапсырмасы себеп болып отыр. Александр Машкевич Президент тапсырмасын қолдайтынын, осы бағытта трансұлттық ірі металлургиялық компания арнайы бағдарлама әзірлегенін хабарлады. «ERG компаниясы алдағы бес жылда Қазақстан экономикасына 7 млрд доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр. Біз, міне, ең алғашқы болып Хромтауда 155 мегаватт жел электр стансасына қаржы құйдық», деді.

Біз ERG компаниясы Ақтөбе облысындағы кеннің «тарихи қалдықтарынан» тазарту жобасын нақты қашан қолға алатынын және Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа зауытынан ауаға шығарылатын ластаушы заттарды азайту жайын сұрадық. ERG Директорлар кеңесінің төрағасы: «ERG компаниясы 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанның экологиясын сауықтыру шараларына 900 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл көптеген ауқымды іс-шараны қамтиды. Соның ішінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында феррогаз қалдықтарынан электр стансасын құруды да жоспарға кіргіздік. Бұл тамаша жоба арқылы өндіріс қалдықтары газынан 55 мегаватт қуат өндіруге болады. Алдағы бес жылда қазіргімен салыстырғанда кәсіпорынның ауа ластаушы шығарындыларын 50 пайызға азайтуды жоспарлап отырмыз», деді.

ERG компаниясы жасыл энергетикаға көшу жобасына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Өйткені 2026 жылдың 1 қаң­тарынан бастап Еуроодақ, Жапония, АҚШ мем­лекеттері көмірсутегіне салық енгізбекші. Жасыл технологияға көшу, сайып келгенде, шикізаттық компаниялар үшін қымбатқа түсетін болса да, басқа жол жоқ. Себебі төрт жылдан кейін «жасыл өнім» өндіре алмайтын, өндіріс барысында жасыл өнімді қолдана алмайтын компаниялар халықаралық нарыққа кіре алмайды.

А.Машкевичтің хабарлауынша, ERG компаниясы отандық нарықта жұмысын бастаған кезден бері еліміздегі қайырымдылық іс-шараларына 1 млрд доллар қаржы жұмсаған. «Біз ешқашан да қайырымдылықтан бас тартып көрген жоқпыз. Өйткені тек бақытты адам ғана жұмысына қуана барып, жұмыста да тиімді болады. Біз «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына 30 миллиард теңге қаржы аудардық. Біздің ірі металлургиялық компания еңбек адамына лайықты жағдай жасауды бірінші орынға қояды. Еңбеккердің сайлы жұмыс киімі, тамағы, жұмыс ауысымынан шыққанда жуынатын жері, демалып-тынығатын орны дұрыс болуы керек. Анығы сол – жер бетінде шахтер мен металлургтен ауыр жұмыс жоқ. Президентіміз 2060 жылға дейін Қазақстанның көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойды. Бір қарағанда бұл алыс сияқты, бірақ әр жылға осы саясатты іске асыруға жоспарымызды құрдық. Елімізде жасыл энергетиканы дамыту жоспары қолға алынған соң оны орындауымыз керек», деді А. Машкевич.

ERG компаниясына қарасты Дөң кен байы­ту комбинаты 40 мегаватт электр қуатын пайдаланады. Хромтаудағы қатты жынысты хром кенінің әлемде теңдесі жоқ. ERG осы жерде кен өндіретін Дөң кен байыту комбинатына 2 млрд доллар инвестиция салып, алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 7,5 млн тоннаға жеткізбекші.

 

Ақтөбе облысы,

Хромтау ауданы