09 Мамыр, 2014

Сертте тұрған семсер сөз

897 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Без имени-11941 жылдың жазы. Сұрапыл соғыс басталған күннен бір апта кейін Семейдің облыстық театрында Ертістің суын егіз емген үш облыстың халық ақындары жиналды. Ертеңіне «Екпінді» газетінде Төлеу Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратов, Естай Беркімбаев, Сапарғали Әлімбетов, Есенсары Құнанбаев тәрізді бір топ ел саңлақтары қол қойған үндеу өлең жарияланды. «Құлағың сал, әлеумет» деп аталған осы жалынды жыр мынандай жолдармен басталады: «Ғалым болсаң біліммен, Ақын болсаң жырыңмен, Шешен болсаң тіліңмен, Әнші болсаң әніңмен, Малшы болсаң малыңмен, Диқан болсаң дәніңмен, Еңбек етіп арыңмен, Бәрің күрес жауыңмен!» Семей театры сол қаһарлы жылдары облыс­аралық айтыстардың да куәсі болғанын білеміз. Ақсақал ақын Төлеудің айтысты бастарда Қарағандыдан келген әріптестеріне: «Себеппен келіп қапсың Семейіме, Ардақты абырой-атақ мерейіңе. Құрғыр жау шалғайыма жабыспаса, Серуен құр, сейіл жаса демейім бе», – дейді. УалиханАқындар қауымының бас қолбасшылары Жамбыл мен Нұрпейістің соңынан еріп, бүкіл Қазақстанды жаңғыртып, үміт пен сенімге толы жігерлі, өткір жырларын төгіп, ел аралаған Нартай мен Нұрлыбек, Кенен мен Доскей, Шашубай мен Иса, Есенсары мен Сапарғали, Маясар мен Тәңірберген, тағы басқалардың жыр-шумақтарына қалың елі құлақ түрді. Олардың: «Жауды жеңесіңдер, әділет біздің жақта, қорықпай, үрікпей батыл қимылдаңдар! Әркім өзінің барымен көмектессін. Ел адамының бар байлығы – малы, жаны, наны, дәні – тегіс Отан қорғаушы азаматтарымыздың күш алуы үшін жасалады!» – деген айбынды жырлары майдан шебіне дейін жетіп жатты. Олардың жыр-шумақтары ел ішіндегі еңбек майданындағы бас көтерер жандарға дем беріп, жігер-қайратын жанып, қала, даланы қарқынды табысқа бастағаны шындық. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы бесқарағайлық дүлдүл ақын Нұрлыбек өлеңдерімен тек өзінің ғана ауданындағыларды үгіттеп қоймай, қыс болсын, жаз болсын, аптап ыстық болсын – басқа аудандағыларды да, тіпті басқа облыстарға да шығып, жинала қалған дүйім елге қолма-қол суырып салып та, қаламмен жазып та – газеттерге жариялап, үнемі ел ортасында болғанын байқаймыз. 1943 жылы күзде Аякөз ауданының 36 колхозын түгелдей аралап, еңбеккерлерге дем беріп жігерлендіргенін ақын Қайырғазы Исалин былай деп жазыпты: «... Мектептің кең залында ине шаншар жер жоқ. Үлкендер де, біз сияқты балалар да иін тіресе сығылысып отыр. Кенет жол бастаушысы бар кең есіктен бір адам кіріп келді. Жиналған қауым ду қол шапалақтап құрмет көрсетті. Өздері төрт адам. Таныстырушы – еңгезердей, бойы биік, қарасұрлау, бетінде аздап секпілі бар, сақал-мұртын, шашын тақырлап алып тастаған зор денелі адамды Нұрлыбек Баймұратов деді. Суырыпсалма ақын Иса Байзақовпен үш күн айтысқа түскен дәудің өзі екен. Қолында шашақты кішкене домбырасы бар. Шешен сөйлейді. Аты аталған сайын оң қолын кеудесіне апарып халыққа тағзым етіп қояды. Нұрекеңнің оң жағындағы ақын Тәңірберген Әміренов екен. Үшінші адамды Күлпаш Егізекова деді білетіндер. Төртіншісі сиқыршы «Әпля» екен. Бұл екі ақын өзара айтысқан жоқ. Аралаған жеріндегі өмір, тіршілік бейнесін, адамдардың жарқын келбетін, замандастар жайлы, заман жайлы жыр толғады. Сөз Нұрекеңе тиді. Қос қанатын қомдаған тау қыранындай Нұрекең домбырасын қағып-қағып жіберіп еді, зал тына қалды. – Ассалаумағалейкум, «Жаңа Еңбегім», Еңбекпен гүл-гүл жайнап жаңарды елім. Соның бәрін жыр қылып түйдек-түйдек, Алдыңда аңқылдап тұр Нұрлыбегің. – Ой, пәлі! – десті көпшілік. Сілтеуін қара, – десті сүйсінгендер. Ақын әрі қарай арындады: – Аман бол, дарқан ауылым, бала-шағаң, Үйренген оқып, танып жаңашадан. Ақиық балапандай түлеп өсіп, Қалмасын көрер қызық тамашадан, – дегенде, «Лайым солай болсын», – десті ақсақалдар тілеу тілеп. Сәті келгенде бір адам: – Нұреке, қай жерденсің? – деген сауалды да қойып жіберді. Сонда Нұрекең: – Бақ қонған, қыдыр дарып Семей елім, Бесқарағай өңірі өскен жерім. Болмаса өздеріңдей өрендерім, Қолымды сонау айға сермер ме едім, – дейді. – Исамен айтысыңызды айтсаңыз, – деп қалды залдағы бір ақсақал қолқалап. – Жарайды, деді ақын бәлсінбей. – Мен айттым: – Сен Иса пәле болдың бала шақтан, Тілазар боп апаңа жала жапқан. Қажымұқанды тышқанмен қорқытыпсың, Семейде бір қыс бойы паналатқан. Сонда Исаның айтқаны: – Нұрлыбек ақын едің құдай атқан, Базаршылап жасырын ұлтан сатқан. Жамандап колхозшыға тіл тигізіп, Түрмеде қара басып алты ай жатқан, деді де, Нұрекең одан әрі созбады. Ал, сол 1943 жылдың қақаған қысында Абы­ралы ауданының 19 бірдей колхозын түгел аралаған Нұрекең бастаған мәдени бригаданың сапары Семей жақтың шеткі колхозы «Тойлан», «Еңбектестен» бастап Шыңғыстау ауданына (қазіргі Абай ауданы) шығатын жол «Социалистік Қазақстан» колхозымен аяқталғаны белгілі», деп жазыпты А.Қапақұлы. «... Колхоздағы жетістік, кемшіліктерді ақын жырына арқау етті. Сол кездегі колхоз басшылары бір колхоздан екінші колхозға жеткізіп, көлікпен қамтамасыз етті. Сол бастықтардың көбімен әзіл-қалжыңы жарасқан, замандас, дәмдес болды. Нұрлыбекті замандастары жандарына ерекше жақын санайтын. 1943 жылдың қақаған ақпан айы. «Ертең Нұрлыбек Баймұратов деген ақын келеді, концерт береді», деп колхоз бастығы, ауыл совет, мұғалімдер мектеп үйін дайындап, ауылдарға хабар берді. Бұл мектепте біріншіден бастап төртінші класқа дейін 30-40 бала оқимыз. Жақын жердің балалары жаяу-жалпылы, тайынша, тайлақ мініп, ертеңіне күннің боранына қарамай «той дегенде қу бас домалайтынның» кері, маңайдағы қыстақтардан ел жаяу-жалпылы, өгіз шанаға тиеліп ағыла бастады. Көптен қызық, ойын-сауық көрмеген ел бір жасап қалғандай еді. Мектеп үйінің екі бөлмесі халыққа толды. Сыймағандары ұзын коридорға киіз жайып жайғасты. Кеш түсе артистер де бір пар түйелі шанамен келіп жетіп, ел қаумалап сәлемдесіп жатыр. Келген адамдар 4-5 кісі екен. «Тоңып келдіңіздер, шай ішіп алыңыздар», дегенге қараған жоқ: – Күн болса суық, осынша халықты тостырып қоюға хақымыз жоқ. Біз дайынбыз, деп  мұғалімдер үстеліне келіп жайғасты. – Мынау өзіміздің Иса ақын, деп жатты біреулер. Сөйтсек, осы кісілерге жолбасшы ретінде аудан басшылары жергілікті ақын Иса Байназаровты қосыпты және бұл біздің Абыралы ауданындағы сапарларының ақырғы нүктесі екен. Әдейі шығарып салсын дегендері болуы керек. Сөзді Байназаров бастап, бірге келгендерді таныстырып, бұл сапардың мән-жайын түсіндіріп, Нұрекеңе айтысты бастауға рұқсат берді. Ел ду қол шапалақтап жатыр. Нұрекең ыңғайлы шапан киіп, беліне белбеу буыныпты. Түлкі тымақты, зор денелі адам екен. Оларын шешіп, кішкене үкілі домбырасын қолына алып: – Мен ешкіммен айтыспаймын. Бірақ осы Абыралы ауданын аралаған сапарымда көрген-білгенімізді сіздерге жария етеміз, дей келіп, елге аманшылық тілеп, соғыстың таяу күндерде жеңіспен аяқталатынын, ер-азаматтардың аман-есен жауын жеңіп оралатынын, бұл соның алдындағы сүйінші сапар екенін өлеңмен айтып өтті. Халық ду қол шапалақтап риза боп қалды. Содан соң Нұрекең, жалғыз өзі ғана айтысты – мініп келген түйе, ақын және басқарма ара­сындағы қағытпа түрінде былайша бастап кетті. Түйе: «Сіздер кім, келесіңдер қайсы жақтан? Шанаға багаждарын тиеп жатқан. Үстіне жығылғанның жұдырық деп, Тап болып қу сорыма мені тапқан». Нұрекең: «Сұрасаң біз келеміз облыстан, Қолы бос жан көрдің бе бір жұмыстан, Ауданын Абыралының аралаймыз, Тегінде кісі емеспіз саған дұшпан», – дейді. Ала жаздай тыным көрмей қажыған түйе байғұс жолаушыларды тарта алмаған соң, бастық тағы бір түйені парлап жегуге әмір етеді. Ол түйе де тым арық, ақынға шағым айтып: «Бізді ылғи жұмысқа жегеді, тынықтырмайды. Көрші «Ұзынбұлақ» совхозының бастығы жақсы. Малға қарайды, күтеді», деген жерлері бар. Парға жегуге берген түйе туралы төкпе ақын Нұрекең: «Бір түйе жатыр екен қораны ықтап, Таяқты жеген мал ғой о да мықтап. Шанаға жегуге оны айдап еді, Аяғы кетті оның шатқаяқтап». Бастық: «Қу жырақ сен белсенді болдың қайдан, Түршігер көрсең жаның Исатайдан. Үш жылдай Ұзынбұлақта бастық боп жүр, Екі есе одан жақсы біздің «Тойлан», – дегенде» жұрт қыран-топан күлкіге батып, алақандар сатыр-сұтыр соғылып жатады. Нұрекең өлеңін әрі қарай жалғастырып: «Көрмейсің бе көк дөнен мен сұр дөненді, Жүрмейтін сен сықылды о да жөнді. Ысқыртып ыстық-суық айдатып ем, Жем сұрап осы күні маған төнді», – деп  бас­тық­ты да қағытып өтеді. Содан елді аралай жүріп болдырған көлікпен жаяу-жалпы бір қыстаққа келіп қонғанын былай суреттейді: «Сонымен, Дуанаға әрең жеттік, Жүргізбейді, қар қалың жері көктік. Шаршаған күні бойы ұзақ жолдан, Демалып түйелермен біз де шөктік». Ертеңіне өзінің қонақтарын риза еткен бастық шанаға жүрдек аттарын жектіріп жіберіп «Қызыл ту» колхозына жеткізіп, құрметпен шығарып салыпты. Мінеки, Бесқарағайдың бағына берген дүлдүл өнерпаз, суырыпсалма төкпе ақыны туралы Аякөз бен Абыралының қазыналы қарттарының айтқан естелігінің жай-жапсары осындай. Ал павлодарлық ақын, Нұрекеңнің бұрынғы шәкірті – айтыскер, суырыпсалма Бақытжамал Оспанова 1992 жылы ақын атындағы мектепке келіп, ұстазының мұражайын көріп біраз естелік айтқан еді. Сонда ол: – Нұрлыбек ақын Павлодар өңірін тегіс аралады. Ұлы Отан соғысының қанды майданы қызу жүріп жатқан тұста, еңселері түсіп қажыған қарттар мен бұғанасы қата қоймаған балаларды жалынды жырмен жігерлендіріп:  Мойымаңдар, жау жеңіледі. Сағына күткен қимас аға-бауырларың жеңіспен жетеді. Одан да күштеріңді қосып, майдандағы азаматтарыңа танк, самолет мінгізіп, жеңісті тез болдыруға өзіміз де үлес қосып жігерлене қимылдайық», – деп өлең-жырларымен ел-жұртты үгіттеп, үлкен іске ұйытқы боп ұйымдастырып жүріпті. Ол өзі де жинап тапқан ақшасына танк жасатыпты, дегенді естіп қалып едім – дей келіп, есінде қалған Нұрекеңнің мына өлеңін айтып беріп еді: – «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен», Дегенді біздің қазақ айтып кеткен. Жандарым, жеңіс десең – есті жина, Қорықпай қоян құсап көлеңкеден.   Дәл қазір бала-шағаң шүкір жанда, Украина, Беларусьты байқап қара. Үй жанып, ауыл құрып, ата-ана өліп, Қанға бөккен сәбилер шырылдауда.   Ел жүрегі Мәскеу де қауіпте тұр, Бір адамдай бірлесіп, еңбекті қыл. Десек-тағы майданнан біз қашықпыз, Бар азамат ауылдың соғыста жүр.   Біз жіберген танкіміз жауға жүйткіп, Самолетің жайратса, көктен іс қып. Бар азамат күш алып, жауды жеңіп, Елге кеп өздеріңмен болсын қызық. Мінеки, соғыс жылдарында жар құлағы жастыққа тимей домбыра мен гармоньға асқақ үн қосып, асыл жырларын төккен Нұрлыбек Баймұратов осындай адам еді. Бұл сияқты халық ақындары сол кездері кең-байтақ Қазақстанның бар облысында да көп болғаны мәлім. Олардың айтқан тілектері ақыры қуанышқа ұласты ғой. Сертте тұрған семсер сөз иелеріне тағзым етеміз. Уәлихан ТҮКІСОВ, еңбек ардагері. Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Беген ауылы.