Экономика • 22 Тамыз, 2022

Сырда күріш алқаптары азайды

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертеден-ақ несібесін жерден терген жұрт үшін «Су – ырыстың көзі, еңбек – кірістің көзі» деген тәмсілдің орны бөлек. Бірақ соңғы жылдары арнасы төмен түскен дарияның жағдайы егіншілерді тығырыққа тіреп-ақ тұр. Биыл да көкейіндегі күдігін үміті жеңіп, жерге дән тастаған диқандар жаз бойғы еңбектің нәтижесін көретін сәтке жақын қалды.

Сырда күріш алқаптары азайды

Аймақ бойынша алғашқы орақты Сырдария ауданының шаруалары салып, оған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Аудандағы ір­гелі құрылымның біріне саналатын «Ақ­жарма и К» фермерлік қожалығы ди­қандары бастаған күріш орағына сала ардагерлері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері де сәттілік тіледі.

Қожалықтағылар биыл судың аз болуына байланысты насостар қойып, көктемгі дән себер мезгілге тыңғылықты дайындалыпты. 1 350 гектар күріштен бөлек мың гектарға жуық жоңышқа дәнін сепкен. Әртараптандыру бағытында жүгері егуді де бастады. Тығырықтан шығатын жол іздеген шаруашылық төрағасы Қайрат Нұрсейітов Алматыға барып, шетелдік компания өкілдерімен кездескен, осы арқылы шаруашылық базасында жүгері дақылын ұсататын қондырғылар қойылып, арнайы техникалар жеткізіледі.

– Егіс кезінде судың тапшы болаты­ны барынша ескертілгенімен де Үкіметтің, жергілікті биліктің қолдауының нәти­же­сінде былтырғыдай қиындық сезіне қойған жоқпыз. Бірақ бұл басты дақылмен қатар әртараптандыру шараларын да жүзеге асыру керегін көрсетіп отыр. Ал­дағы уақытта украиналық компания фьючерлік келісім негізінде диқандардан жүгері қабылдайды. Шаруашылықтар арасында соя, қызылша егуді де қолға алып жатқандар бар. Осының бәрі күріш алқабын аса қысқартпай, жоғымыздың орнын суды аз қажет ететін дақылдармен толтырып, жұртты жұмыспен қамтудың қамы, – дейді шаруашылық төрағасы. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы құрылымына жасап отырған қолдауын осы шаруашылықтан көруге болады. Он жыл көлемінде бұлар Сlaas, John Deere секілді заманауи техникаларға қол жеткізіп, базасын толық жаңартқан.

Күрішке орақ салуға арналған рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ экономикасында ауылшаруашылық сала­сы­ның орны айрықша екенін атап өтті.

– Жыл басында күріш көлемін был­тыр­ғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы біле­сіздер. Алайда ондай шешімнің аймақ халқы үшін тигізер зардаптарын болжай отырып біз басты дақыл егілетін алқап көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларының жүйелі түрде жүзеге асқанын атап өтке­ні­міз жөн. Үкімет деңгейінде жүргі­зіл­ген мемлекетаралық келіссөздер нәтижесінде вегетациялық кезеңде дария етегіне жіберілетін су көлемі ұлғайтылды. Суды тиімді пайдалану үшін егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану да тығырықтан шығуға жол ашты. Әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұ­мыс жасалды, – деді ол.

Дала қосынындағы егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техника­ларымен, облыста өндірілетін агро­­­өнім­дермен танысқаннан кейінгі «Дала күні» cеминар-кеңесінде шаруа­шы­лық құрылымдары жетекшілері мен шетел ғалымдары өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін тал­қы­лады.

Еліміз бойынша күріштің 90 пайызын егіп отырған Сырда дренажды жүйелерді жақ­сартуға жеткілікті мән берілсе өнім­ді­лік одан да арта түсетінін айтып өткен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отырған шаруалар еңбегіне табыс тіледі.

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұр­ғы­лау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резер­ві­нен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұ­мыс­тар атқарылғанын жеткізді.

Басқосуда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш өндірісін одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қа­был­дап, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс айтты.

Жылдан жылға жалғасып келе жатқан су тапшылығы өңірдегі инженерлік жүйеге келтірілген 178 мың гектар егістіктің ертеңі бұлыңғыр болатынын көрсетіп тұр. Осыны айтқан өңір басшысы Экология, геология және та­би­ғи ресурстар министрі Серікқали Бре­ке­шовтен суармалы жерлерді қал­пы­на келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ық­пал етуді сұрады.

Осы жылы диқандар тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдарымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Жиында Украина ұлттық аграрлық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко хабарлама жасап, бірлескен жобаның болашағы жайлы ойын жеткізді.

Жалағаш ауданындағы «Ер Әлі» шаруа қожалығы әртараптандыруды ерте қолға алған құрылымның бірі. Осыған дейін шаруашылық тамшылатып суару әдісімен алма көшетін отырғызса, биыл картоп, қант қызылшасы мен сәбіз егіп отыр. Қожалық жетекшісі Әліби Бекжанов күріштегі арамшөптермен будандасқаннан қазір пайдаланып отыр­ған гербицидтердің әсері жылдан жыл­ға азайып бара жатқанын жеткізіп, шаруа еңбегі еш болмауы үшін салалық министрлік осы жағын да ескерсе деген ұсыныс айтты.

Жалпы, биыл облыста 188,5 мың гектарға егін егілген. Бүгінге дейін бидай, арпа, сұлы қамбаға түсіп, шаруалар қазір мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, мал азығын жинау үстінде. Егін жинау мен дала жұмыстарына жұм­салатын жанар-жағар май қоры жеткілікті. Техника да сақадай сай. Ауа райын бақылаушылардың да болжамы теріс емес. Амандық болса, науқанды 10 қазанда аяқтау межеленіп отыр.

 

Қызылорда облысы