Ерлер арасындағы жарыста 12 команда өнер көрсетеді. Олар – АҚШ, Канада, Чехия, Ұлыбритания, Мажарстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Латвия, Словакия, Швеция, Украина және Қазақстан құрамалары. Бірінші кезеңде олар алты-алтыдан екі топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Соның нәтижесі бойынша алдыңғы екі орынды иеленген төрт ұжым плей-оффқа жолдама алып, жүлделі орындар үшін таласады.
Шайбалы хоккейден өтетін әлем чемпионаттарында үнемі көш соңында қалып қойсақ та, Жер-жаһанның студенттері бас қосқан жарыстарда жерлестеріміз жақсы өнер көрсетіп жүр. Мәселен, 1993 жылдан бері Дүниежүзілік Универсиаданың жалауы 14 мәрте желбіреді. Сол бәсекелердің бесеуінде Қазақстанның хоккейшілері жеңіс тұғырына көтерілді. 1993 жылы Закопанеде Ресейге ғана есе жіберіп, күміс медальді иелендік. 1995 жылы Хакада бас жүлдені олжаладық. Ол турнирдің финалында Чехияны сан соқтырдық. Ал 2013, 2015 және 2017 жылдары күміс медальды еншіледік. Испания мен Словакия бірлесіп өткізген Универсиадада Канададан жеңілсек, Тренто мен Алматыда ресейліктерге жол бердік. 2019 жылы Красноярскіде шымылдығы түрілген байрақты бәсекеде айдын иелерінің асығы алшысынан түссе, күміс пен қола медальды словактар мен канадалықтар иеленді. Міне, осы деректердің өзі-ақ шайбалы хоккейді серік еткен отандық студенттеріміздің әлеуеті қаншалықты жоғары екенін аңғартып тұр. Олай болса, жерлестерімізден Лэйк-Плэсидте де жеңістер күтеміз.
Әйелдер арасындағы жарыс 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта бас жүлденің үшеуін Канада жеңіп алса, үшеуінде Ресей хоккейшілерінің бағы жанды. Келесі жылы өтетін жарыста Канада, Чехия, Ұлыбритания, Жапония, Словакия және США құрамалары айналма жүйе бойынша ойнайды. Бұл бәсекеде де төрт үздік команда плей-оффта күш сынасу мүмкіндігіне ие болады.