Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қазақ тілі қайда?
Көлігімді майлап-сулап алған соң әлгі қосымшаға кірдім. Өзімше ойлаған едім: «бәрі лезде ғой» деп. Құжаттарымды түгендеп алып, тіркей бастадым. Әуелі жеке куәлігімді, жүргізуші куәлігімді және көлік құжатын суретке түсіріп алып, жүктедім. Одан соң көлікті де шырт еткізіп, онлайн-тіркелімнің шешімін күттім. Қайта-қайта телміремін телефоныма. «Мұнысын білгенде күні бұрын тіркелу керек еді», деп отырмын. Алтын уақытым-ай, ә? Қаланы екі-үш айналып, 5-6 мың теңге жасап алатын едім ендігі. «Таксист үшін маңыздысы да осы – уақыт па?», дедім. Тексерістің ұзаққа созылатын түрі бар.
Indriver қосымшасы біздің елде кеңінен тараса да, әлі мемлекеттік тілге мұрнын шүйіріп келеді екен. Тіл таңдау тізімінде қазақ тілі жоқ, сол қынжылтты. Әйтпесе, такси қызметінің түрлі нұсқасы бар (қалааралық және қалаішілік такси, жеткізу, жүк тасымалдау) бұл қосымшаны қазақстандықтардың дені қолданады. Артықшылығы сол, таксиске бағаңызды өзіңіз ұсынасыз. Дәстүрлі такси қызметіне қарағанда, ақшаңызды 30-50%-ға дейін үнемдейсіз. Ұтымдысы осы.
Бәсекелестіктің бәсін қыздырған таксидің бұл қызметі дәстүрлі таксистердің ашуына тиген-тін. Алғаш Қарағандыға ене бастағанда да, жолаушыларға таласып, талай жаға жыртысқанын да білеміз жүргізушілердің. Әлеуметтік желіден.
Төрт сағаттан соң барып, әлгі онлайн-тіркелімнен хат келді. Келісім беріпті. Одан кейін видеодан қалай қолдану керегін толық түсіндіреді. Соған мұқият назар аударып алдым да, алғашқы жолаушымды іздей бастадым. Айтпақшы, индрайвердегі жеке шотыма ақша аударуды ұмытып барамын. Онсыз аттап баса алмайды екенмін. Kaspi.kz-тен теңгерімімді толтырып алдым. Әзірге 500 теңге салдым. Орындаған әр тапсырысымның 2,5 пайызын комиссияға ұстау үшін ғой. Былайша айтқанда, индрайвердің салығы.
Алғашқы жолаушымды «45-ші орам» аялдамасынан алдым…
– Аман ба, балам? Бізді Степной-1, 5-ші үйге жеткізіп сала ғой.
– Әрине, аға. Әңгіме айтсаңыз, лезде жетеміз.
– Әңгіме сол, қалаға келгеніме үш жыл болды. «Қазақмыста» қызмет етеміз көз ашқалы. Отбасымызбен өндіріс саласындамыз. Тәубе!
– Тамаша ғой, айлықтарыңызды өсірген шығар?..
– Айлық 30 пайызға өсті, сосын жыл сайын ем-домға 500 мың теңге қарастырылып жатыр. Бір жақсысы, мұның игілігін отбасы мүшелері толық көре алады. Қаңтар оқиғасынан соң ғой. Жақында Ақтөбеге барып келдім жаназаға. Ақтаулық жолдасым айтады: «Бізде газ бағасы – 45 теңгеге, нан – 75, ал бензин 158 теңгеге дейін арзандады. Ал сендерде газды 75 теңгеге, бензинді 182 теңгеге ғана төмендетіпті», деп…
Әлгі ағамды мекенжайына жеткізген соң, қызметімді әрі қарай жалғастырдым. Индрайвер сізге жақын маңайдағы тапсырысты көрсетеді. Сонысы да жақсы. «Политех» жаққа қарай жолаушы тұр. Шамасы студент болса керек. Ұсынып тұрған бағасы арзандау. Ал барар жер әжептәуір қашық. Студентпен де аз-кем әңгімелесейік дедік.
– Жұмыс қарап жүрмін. Әйтпесе, 30 мың теңге шәкіртақым жетпейді. Бір жерге күзетші болсам да, жүріс-тұрысыма, киім-кешегіме ақша тапсам деймін. Қаңтар оқиғасынан соң шәкіртақыны да көтереді деп жатыр ғой. Жақсы болар еді…
– Оқу қалай, қиын ба?
– Оқысаң оңай. Өзіміз ғой қиындататын. Бірақ бізде сессияны ақшамен шешу жоқ екен.
Базар маңайынан бір апаны алдым. Апам да саясатты соқты. Ұрда-жық кісі. Бәлен жыл саудамен айналысып келеді екен.
– Бізге бағаны өсірмеңдер дейді. Әуелі тыятын болса, делдалдарды, содан соң жалға беретін нысан иелерін тыйсын. Біздің қосатынымыз тиын ғана. Әлдері бізге ғана келеді. Бізді өзіміз өндіріп, өзіміз сатып жатқандай көреді-ау деймін. Қызық осылар, – деді де бұртиған қалпы қабағын бір ашпады үйіне дейін. Шамасы, бүгінгі табысы көңілін көншітпеген-ау…
Қаңтар оқиғасы, билік, нарық – бәрі де сөз болды. Көліктің ішкі салоны саясат алаңына айналып үлгерді…
Түнде түрлі адам кезігеді
Қас қарайды. Бұқар жырау даңғылындағы көлік кептелісі де азайған. Kaspi.kz қосымшамдағы табысыма қарап, марқайып қоямын. Тәубе, 4 мың теңге. Кофе ішіп, көңіл бөліп, бөгеле тұрайын. Әйтпесе, әрлі-берлі жүре беру басқаларын білмеймін, өзімнің жүйкеме әсер ете бастады.
Кешкілік такси қызметіне жүгінушілер азаяды екен. Жұмыстан үйіне қайтатындар жетіп алғаннан соң шығар, бәлки. Енді қонаққа, отырысқа баратындары болмаса. Иә, жастардың жортатын уақыты-ау…
Айтқандай, үш қазақ жігіті мінді. Жастары 25-30 шамасында. Құрылысшылар көшесінен алдым. Бірақ әлгі жігіттердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Бір-бірін келемеждеп, жастарына жарасымды қылық көрсетіп отырған жоқ. Сап-сау. Тек, балағат сөздері берекемді алды. Сырттан, тіпті ерсі көрінеді екен. Майқұдықтағы Loto-клубтың біріне түсіріп кеттім. Түсіргенше асық болдым. Таксистерге төзім керек екен…
Жолаушы Юлия ханыммен емен-жарқын әңгімелесе кеттік. Ол кісіні Майқұдықтан алып, қалаға жеткізіп салдым. Құрбысының туған күніне бара жатыр екен.
– Қазақшаңыз қалай?
– Казакша тусинемин. Но, разговоривать не умею, – деп жымияды.
– Қазақ жігітіне шығар ма едіңіз тұрмысқа?
– Да, конечно. Если, я полюблю его, то готова ко всему ради него.
– Тогда, дождитесь ақбоз атты ханзаданы.
Күлім қағады. Әңгімеміз осы жерден үзілді. Жүргізушімін ғой. Мазасын алмайын…
Екі жігітті Майқұдықтың түбіне апарып тастау керек болды. Неге екенін, әлгі екеуінің жүрісі суыт сезілді. Үндемейді де. Бірі – қазақ, екіншісі – орыс. Және де екеуі артқы салонға жайғасты. Келе жатырмын. Ептеп күмәнім де бар. Өйткені бірден: «Бізде тұтас 10 мың теңге», деді. Ал үйіне тақалып қалғанда каспи нөмірімді сұрады. Өздері шатысып отыр сөздерінен. Айнаға қарасам, көздері шаршаңқы және қызарып тұр. Бірден түсіне қойдым. Ал егер алда-жалда айқаса кетсем, қорғанар түгім де жоқ. Не болса да, бара көрейін дедім. Келіп тоқтадық. Қазақ жігіт қасындағысын жұмсап жіберді үйге. «Мен күте тұрамын. Алып шық ақшаны», деді. Мен де айнаға көз салып, қамданып отырмын. 10 минуттан аса уақыт өтті. Ал әлгім бір көзін жұмып, бір көзін ашып ұйқысырағансып отыр.
– Бауырым, досың бөгелді ғой. Сен демала бер, ертең аударарсың ақшасын, – дедім бір уақытта.
Соны күтіп отыр екен. Қуана кетті. Мен ақырын кері бұрылдым да, әлгі жігіттің ізіне түстім. Ол мен әкелген үйге кірмеді. Айлаға басып, басқа көрші үйдің ауласына түсіп қалмақшы болыпты. Көлігімнің жарығын жақтым да, тұра кеп қудым. Көлігімнен түстім де: «Бауырым, мұның орынсыз қылық. Кісі ақысын жеу – жақсы нәрсе емес», дедім де тарта жөнелдім. Бар болғаны – басын изеп қалды.
Бәсе, қазір көп таксист жолақысын алдын ала төлеуді өтінеді. Оған көліксіз жүрген өткен екі айда көзім жетті. Және таксист болу үшін өжеттіліктің қажет екенін ұқтық. Өйткені түнде түрлі адам кезігеді. Барынша сақтықты қажет етеді.
Тапқаным – 9 800 теңге
Сонымен қалтама қарап қояйын. Табысым – 9 800 теңге. Бағана 4 мың теңгеге бензин құйып алған едім. Сонда алты мың теңгедей тауыппын. Алғашқы күнге жаман емес сияқты. «Жұмыстан соң екінші кәсіпке айналдырса қалай болар екен?», деген ой да қылаң бергені.
Жалпы, қызықты екен. Жұртпен әңгімелесесің. Пікір алмасасың. Және табысы да жаман емес екен. Көлігі барлар үшін мүмкіндік боп тұр. Бензиніңді, сайманыңды осымен де айырып жүруге болатын сияқты. «Аспаннан ақша түс», деп күтіп жатқаннан гөрі.
Таныстарымның көбі кешкілік таксист болады. Өзінің жұмысындағы айлығынан көп табыс табатындары да бар. Ал бел шеше кіріскендер айына 300-500 мың теңгеге дейін пайда көреді екен.
Естеріңізде болар, төтенше жағдай жарияланғанда қоғамдық көлік, темір жол және әуе қатынасы біраз уақытқа дейін өз жұмысын тоқтатқан еді. Міне, сол сәтте «көлігі барлардың» дәуірі басталды. Жұмыстан қысқарғандар не көлік алып, не бар көлігін мініп, таксилетуге көшті. Бұл әдіс көптің қолайына да сай келді. Өйткені қала арасында жүретін өзге көлік құралы жоқ, бағаны да өздігінше бекіте алды.
Сонымен қазір Indriver-ден бөлек, «Яндекс такси», «Бауырсақ», Taxi region сынды такси парктерінің дәуірі жүріп-ақ тұр. Айтпақшы, күніне 10-12 мың теңгеге көлікті жалға алып, таксилететін жүргізушілер де баршылық. Олар таңнан кешке дейін, үздіксіз тер төгіп, табыс табады. Бала-шағасын сонымен асырайды. Жаны сірі деген осы-ау. Иә, еңбексіз ештеңе келмейді де, өнбейді де…
Журналистиканың жампозы марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы тоқсаныншы жылдардың орта тұсында телевизиядан көрінбей кетіпті. Тоқырау кезеңінде бала-шағасының қамы үшін таксист те болыпты.
Ал елдің жүрегінде қалған Бейсен Құранбек алты күн журналист болып қызмет етсе, жетінші күні көлігімен көшедегі жолаушыларды діттеген жеріне тегін жеткізіп салатын көрінеді. Осыны дәстүрге айналдырып алыпты. Алатын ақысы – елдің ақ батасы.
Және де фейсбуктен журналист Серік Абас-шахтың таксистер туралы жазбаларын оқып тұрамын. Ал қарағандылық блогер Айсұлтан Жақып та таксист болып, ондағы қызықты оқиғаларын, әсерлі әңгімелерін жиі жариялайды. Жалпы, тартымды тақырып.
…Біз де тілшілік қызметті бір күнге доғара тұрып, таксиді тізгіндедік. Күнделікті болмаса да арагідік шығып тұрса, екінші жұмыс қарастырып та керек емес сияқты…
«Үйге қайтам, сағындым мен, береке толы үй ішін». Авторадиодан осындай өлең жолдары бар әсем ән беріліп жатты...
Қасымхан ҒАЛЫМ,
журналист
Қарағанды облысы