Ұзақ жылдар бойы рухани байлықты насихаттау жолында табандылықпен бел шешіп, білек сыбана еңбек етіп, маңдайының терін төге жүріп, бүгінгі ұрпаққа рухани азық боларлық туындылар жазып, еңбекқорлығымен, ұлағатты ісімен танылған қаламгердің бірі – Әли Әпекұлы Ысқабай. Ол – жетпіс бестің белесіне шығып отырған қаламгер Алматы облысының Іле өзені Балқаш көліне тақау сағасындағы Құйған ауылында дүниеге келген екен. Жастайынан жетім қалып, әжесінің қолында тәрбиеленген бала Әли өмірдің тауқыметін көп көреді. Белі қатпай еңбекке араласады. Тапшылықтың тақсіретін де тартады. Оны өлең өрнегінде былайша баяндайды:
«Қамыс күрке қалқайтып ықтасынға, Көзді уқалап, сүйеніп жүк қасына, Шәугім асып мосыға телміргенмін, Қиындықты ұғынар ұқпасыңда».
Иә, балалық шақтары сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген шоғыр-шоғыр балғын буындардың бәріне ортақ шерлі қайғы ғой бұл. Олар да қазір ағалық жастан аталық жасқа жетіп, ақсақалдық биікке көтерілді. Уақыт өткен сайын сиреп те барады.
Жетімдіктің қиындығына мойымай, ілгеріге ұмтылған Әли Құйған ауылындағы Бозжанов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, сол тұстағы «Жиделі» совхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Мектепте жүрген кезінен мақала жазып машықтанған ол Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінің редакциясына қызметке шақырылып, әуелде әдеби қызметкер, одан кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттерін атқара жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін 1966 жылы ойдағыдай бітіреді. Осы жылы Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады. Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, оның журналистика бөлімін жақсы аяқтап шығады. Бұдан кейін Қаратал, Көксу, Шелек аудандарында газет редакторы, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарады.
Талдықорған облыстық «Октябрь туы» кейін «Жерұйық» деп аталған газетте редакторының орынбасары міндетін табан аудармай жиырма жылға жуық істейді. Одан кейін Талдықорған облыстық Полиграфия өндірістік бірлестігінің бас директоры, Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының бірінші орынбасары және «Алатау» газетінің бас редакторы міндетінде болады.
Жетісу өңіріндегі газет оқырмандарына эсселерімен, көркем сөздерімен, республика жұртшылығына әдеби шығармаларымен жақсы таныс Әли Ысқабай «Жетекші шопан», «Әубәкіровтер әулеті», «Қызылжардың қызғалдақтары» атты деректі кітаптарымен қатар, екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов туралы «Шынайы шындық» деректі дүниесін оқырмандарға ұсынды.
Әли – балалар әдебиетіне елеулі үлес қосқан жазушы. Жеткіншектерге арнаған «Менің інім», «Солдат ағаға хат», «Еңбекқор құмырсқа», «Бесік жыры», «Айдостың арғымағы», «Ана алақаны», «777 жұмбақ», «Әліппе-жаңылтпаштар» және басқа кітаптарына енген туындылары сан алуан тақырыптарды қамтитын танымдық-тәлімдік мәні үлкен тақпақтардан, жұмбақтардан, жаңылтпаштардан тұрады.
Әлидің кісілік әрі адами келбетін белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы былайша мүсіндейді: «Өткен ғасырдың сексенінші жылының басында өз туған өлкем, сол кездегі Талдықорған облысы жайында тарихи-танымдық бір кітап жазғым келді. Өйткені, шығыстағы үлкен көршіміз үнемі «Балқашқа дейінгі жер ежелгі біздің жер» дегенді айта да беретін, жаза да беретін. Олай емес, ол араның ежелден қазақ жері екенін дәлелмен жазғанды жөн көрдім. Сол кезде Қуаныш Сұлтанов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі еді, ойымды оған айтып ем, қуана құп көрді де, дереу сол облысты бақылап отыратын азаматқа тапсырды. Соның арқасында Талдықорған облысына қарасты аудан басшылары бірінен кейін бірі мені қолға тигізбей қағып алып отырды. Ал облыстық партия комитеті қасыма облыстық газет бас сарапшының орынбасары болып істейтін Әли ағаны қосты. Біз екеуміз бір-бірімізді оған дейін де білетінбіз, оған дейін де сыйласып жүретінбіз. Бірақ ұзақ уақыт бірге болып, бірге жүріп рахаттанғанымыз осы ғана еді. Өзі бастық, өзі ақын бола тұрып, дәл Әлекеңдей сыпайы жүретін, дәл ондай өз орнын кез келген жерде білетін, артық сөз айтпайтын, өрескел қылық жасамайтын жайсаң адамды сирек кездестірдім. Кейде тіпті, қасыңда бар екенін де білдірмейді. Алайда, сөз кезегі, өз кезегі келгенде, сөзден де, істен де тосылмайды. Асып сөйлеп, астамшылық та жасамайды, тасып сөйлеп, тасырлық та көрсетпейді. Бейне бір мен аға да, ол інім секілді. Қонақ боп көсіліп, есіліп отырғанда да сол қылығынан бір жазбайды. Табиғатына біткен тамаша мінезі екен. О кісі өз жағдайынан бұрын жанындағы адамның жағдайын ойлайтын адам екен. Әркімнің ондай ағасы бар шығар. Бәлкім, көп те шығар. Мен бірақ ағаларымның ішінде Әлекеңді айрықша бөліп, ерекшелеп айтам». Жақсының жақсылығын жақсы жазушыдан асырып айтам деу бос әурешілік болар. Ал Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев ағасы ақын інісі туралы: «Балалар әдебиетінде ең қиын жанр, әрине, бұл жұмбақ... Балалар ақыны атана тұра, бірде-бір жұмбақ шығара алмай өткен ағалар да болған. Осының өзі-ақ жұмбақтың көрінген талапкерге немесе дәмегерге жалынан сипатпайтынын сипаттаса керек. Шынайы балалар ақыны шынайы жұмбақ шығарғанда ғана шеберлік шыңына қалам ұрдым деп түсінуі ләзім. Заттың, құбылыстың өзіндік дербес қасиетін дөп басып, екінші бір затқа немесе құбылысқа ұқсастығын таппайынша және сол ұқсастықты айшықты түрде сөзбен суреттеп бермейінше, жұмбақ дүниеге келмейді. Ендеше, жұмбақ – ақындықтағы тапқырлық мектебі. Тыңдармандар мен оқырмандардың ой ұшқырлығын шыңдайтын да осы өрнекті жұмбақтар. Ыспарланған қалам иесі Әли Ысқабай енді жұмбақ жанрында күшін сынауға кірісіпті. «Ізденгенге інжу ілігер» деген. Бұл бағыттағы ақын қадамдары, иншалла, сәтті екен. Аспан әлеміндегі ай жөнінде ғана біздің төл әдебиетімізде күні бүгінге дейін туған жұмбақтардың саны да жүздеп саналатын шығар... Ал бұрынғы барға ұқсатпай, өз жұмбағыңды өзіңше өрнектей алсаң, бұл өнеріңді танытқаның! Әли сол биік талапты сәтті орындап шығып: «Орақ болып туады, Табақ болып тынады» деп, алты сөзбен-ақ айдың суретін айнытпай салған да шыққан... «Қолы менен қаламы жоқ, Бірақ сурет салады көп». Шешуін таптыңыз ба? Бұл кәдімгі аяз туралы жұмбақ. Сүңгі жайындағы жұмбаққа мен қызыға қарадым: «Жиегіне шатырдың, Судан шеге қатырдым». Автордың тапқырлығына куәлік беретін үстел жөніндегі («Үсті жазық, төрт қазық»), сіріңке жайындағы («Қабырғаға қасынар, былғауыш басы бар») және тағы басқалары ырзалық тудырары хақ.
«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», Алматы облысының құрметті азаматы, жазушы інісі аға тұтқан, ақын ағасы туындыларын биік дәрежеде бағалаған Әли Ысқабай туралы сөзді өз өлеңімен түйгенді жөн көрдік.
Ақынның: «Тұғырынан таймаса алтын қалам, Қуатын да көрсетер сарқылмаған. Мәңгі тұрсын күн сынды нұрын төгіп, Көкбайрақты тәуелсіз жарқын заман» – деп ой тұжырымдауы заңды құбылыс.Оның өмірлік қаруы – қаламы. Сол қаламын қару еткен қаламгер халқының қадірлісі, ұрпағының ұйытқысы бола бермек.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».