Өнер • 25 Тамыз, 2022

«Қыз Жібек» – ұлттың бойтұмары

386 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық өнер кеңістігінде түрлі жанр мен сан алуан стильде сөйлеген «Қыз Жібектің» санында шек жоқ. Әрқайсысы өзінше өрнекті, өзінше айшықты. Соның ішінде, әсіресе 1934 жылдың 7 қарашасында тұңғыш тұсауы кесілген ең алғашқы «Қыз Жібектегі» Күләш Байсейітова мен Құрманбек Жандарбеков бастаған таланттар жолы кейін экран тілінде көрерменін қуантқан Сұлтан Қожықовтың әйгілі фильміндегі айшықты бейнелермен тіпті бедерленіп, жұртшылық жүрегіне одан әрі жақындай түсті. Жырдан шабыт алып, опера мен кино кемел жол салып берген ұлттық фольклор жауһары драма театрлары сахнасына да сәулелі із қалдырып, өнер кеңістігі мұғжизасының мүмкіндігін байытты. Осылайша режиссерлер қиялына қанат бітірген ғажайып туынды әр сахналануында соны тыныс ашып, жаңа белестерде жарқырап биіктей берді.

«Қыз Жібек» – ұлттың бойтұмары

Бас қаланың жас театр­ла­рының бірі, биыл тарихына 15 жыл толтырып отырған ірге­лі өнер ордасы – Нұр-Сұлтан қала­сы әкімдігінің Жастар театры сахнасында режиссер, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Нұрқанат Жақыпбай қол­таңбасымен қойылған әйгілі жыр жауһары шын мәнінде өнердің үлкен жаңалығына айналды.

Нұрқанат Жақыпбай – ұлт­тық режиссураға өзіндік қолтаң­ба, соны сараптауымен енген санау­лы суреткердің бірі. Режис­сердің әу бастағы таңдаған соқ­пағы да, мақсаты да айқын – сахнадағы қай туындысына да жаңалықпен келу, өзгелерге ұқ­са­мау, өнердің бар мүмкіндігін шегіне дейін пайдалану. Н.Жа­қып­бай үшін сахнадағы ұзын-сонар сөз әрекетінен бұрын, қи­мыл мен ой әрекетіне басымдық беру зор маңызға ие. Сол себепті де ре­­­жиссердің кейіпкерлері сыл­дыр сөзге сараң, көрерменіне орын­­­ды-орынсыз ақыл айтудан аулақ, керісінше, қиялға бай, жан дүниесі сыршылдықпен серік, ойлан­­ғыш, толғанғыш келеді. Сах­­­на­дағы кейіпкер өмірін су­рет­­­кер сөзден емес, ең бірінші әре­­­кет­­тен, қимыл эстетикасынан іздейді.

Табиғатынан эстет режис­сер бұл қойылымына да сұлу­лық пен тазалықты негізгі тірек еткен. Ға­сырды ғасырға жалғаған жау­һар жыр­дың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өз­ге­ше. Евгений Брусиловский­дің заманауи үнде жаңаша өң­дел­ген классикалық музыкасы кө­рер­­менін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен ­бау­­­райды. Қазақтың байырғы сал­­­­ты – бастаңғы стилінде өр­битін мю­зиклде негізінен жас­тар­­дың сыры мен мұңы, арманы мен мұ­раты, ең бастысы, кір­шік­сіз махаббаты алға шы­ға­ды. Әсі­ресе Жібек рөліндегі – Назерке Серікболова мен Айым Жүсіп­бекова, Төлеген – Мейірғат Аман­гелдин, Дүрия – Шехназа Қызы­ханова, Бекежан – Бекжан Керім­баев пен Данияр Оразаев, Шеге – Жандәулет Батай мен Нұр­лы­бек Төлегеннің шынайы ойыны һәм актерлік ішкі органикасы, во­кал­дық мүмкіндігі театр сүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлады.

Қойылымды тамашалап оты­рып, ұлттық классикалық музы­каның саф құнарына бас қо­йып, актерлердің жанды дауыс­та жекелей де, хормен де жет­кізген се­­зім суреттері мен үн иірім­де­­рінен шын мәнінде жаныңыз ләз­­зат алып, ішіңізге, жүрек түк­­пі­ріне сақтап келген бар мұң мен сырыңызға музыка, тек қа­на му­зы­ка дәру болады. Дра­ма­лық актерлердің музыканы дәл осы­лай жоғары кәсіби дең­гейде игеріп, титтей де шашау шығар­май, бір деммен, бір нотада орын­дауы – сахнагерлер еңбегіне еріксіз бас игізеді.

Нұрқанат Жақыпбай режис­су­ра­сының басты кредосы – еңбек, еңбек және еңбек. Маңдай тер төгілмеген, жан қиналмаған жерде таңдай қаққызар биік өнер­­­­­дің тумайтынын суреткер кезекті жұ­­мысы арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді. Театр – синтетика­лық өнер десек, сол сантарапты­лық­тың бар түрін режиссер сахнада сәтті пайдаланады.

Жалпы, режиссер ретінде Нұр­қанат Жақыпбайдың өзіне ғана тән қолтаңбасы, суреткерлік сараптауы – оқиғаны символ­мен сөйлету стилімен ерекшелене­ді. Яғни Нұрқанат Жақыпбай – символист. Режиссер сахнада бар құпиясын ашып тастамай­ды. Суреткерлік сараптауында жұмбақ, астар, аллегория ба­сым. Сол арқылы өнерді тұрмыс­тық қарабайырлықтан алшақ әкетіп, көрерменін талғам мен өре биігіне қарай жетелейді. Өзі­­нің жасырған жұмбағын шешуге қызықтырады. Сондықтан да режиссер жұмысы көрермен­ді жалықтырмайды, керісінше құпиясының сырын білуге өзіне қарай тартады, қызықтыра­ды. Нұрқанат Жақыпбайдың кейіп­керлері көрерменіне ешқашан ақыл айтып, қойылым бойы кеңі­нен көсіліп отырмайды. Кері­сінше, соңғы сөзді әр адамның өзіне, жүрек үніне қалдырады. Спектакльден әр көрермен өз арманын, өз ойы мен мұратын, өз түсінік-таным, талғам-пайымына қарай жеке-дара арқалап шығады. Бұл «Жібектің» де мұраты сол.

Жастар театры сахнасында суреткерлік биікте сарапталған спектакль әлемнің қырағы театр­ сарапшыларының назарынан тыс қалмады. 2018 жылдың шіл­­де айында фестиваль ұйым­дас­тырушыларының арнайы ша­қыруымен Оңтүстік Корея елін­де өткен XII Дэгу Халық­ара­лық мюзикл фестивалінде (DIMF – Daegu International Musical Festival) жо­ғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты. Бұл – Қа­зақ театрлары­ның ара­сынан ал­ғаш болып суыры­лып шы­ғып, жаһандық кәсіби мюзикл фести­валіне жолдама алған жас та болса жаңашылдығымен үнемі жасампаздыққа ұмтылып жүре­тін Жастар театрының әлемдік сахна мәдениетін бағындыруға бағыт­талған кезекті сәтті қадам­дарының бірі.

Айтулы байқау Нью-Йорк мюзикл фестивалінен кейінгі екін­ші орында тұрғандықтан, үлкен сахнаға жолдама алмас бұрын, кез келген театр ұжымы іріктеу кезеңінің бірнеше сатыларынан сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік екенін дәлелдеуі шарт. Дегенмен, «Жібек» бұл сыннан да сүрінген жоқ. Үш айға жуық жүрген іріктеу кезеңінің 3 сатысынан да «Жібек» әлем көрермені қызыға қарайтын туынды екенін дәлелдеп, ақтық сынға жолдама алды. Франция, Ресей, Қытай, Корея, Ұлыбритания, Тайвань сынды әлемдік мюзикл саласын дамытып келе жатқан елдермен бір қатарда тұрды.

Мюзикл қою мәдениеті әлде­қашан өндіріс биігіне көтері­ліп, дамып кеткен әлемнің алпа­уыт ел­дерімен тең дәрежеде иық ті­рес­­тіре өнер көрсеткен Жас­тар театры ұжымы додаға өзге қойылым емес, «Қыз Жі­бек­ті» ұсы­нуы тегін болмаса ке­рек. Дәл осы туындымен 1934 жылы қазақ­тың тұңғыш опера театры­ шы­мылдығын түрсе, 1936 жылы Мәс­кеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он­күн­дігінде көмейіне бұлбұл ұя сал­ған Күләш Байсейітова, Құр­ман­бек Жандарбеков, Қана­бек Бай­сейітов, Манарбек Ержа­нов бастаған таланттар шо­ғы­ры кеңес көрерменін дүр сіл­кінткен болатын. Есімі аңызға айналған сол дарындарың ізін жалғай әлемнің аса ірі мюзикл фестивалінде бақ сынау үшін Корея асқан театр ұжы­­мы қаза­қы діл мен дәс­түрді өн бо­йына үй­ле­сімді жа­рас­­тырған ұлт­­тық қойылымды жаһан назары­на ұсынды. Ұлттық нақыш­пен өр­нектеліп, салт-дәс­түр­ді өнер биі­гінде сәтті бедерле­ген туынды Корей елі мен қонақ­тары­ның үлкен сұранысына ие бо­лып, ыс­­тық ықыласына бөленген сол тарихи сәтіне біздің де куә бол­­ғанымыз бар. Демек қа­зақ теат­ры­­ның бұл мерейі ұзынқұлақ­­­­тан жеткен құрғақ ақпарат емес, ­осы жолдар авторының өз кө­­зі­мен көріп, Тэгу төрін­де­гі айрық­­­ша тол­қынысты сезім­ді бас­тан кеш­­кен әсерлерінің айшықты үзіктері.

Фестиваль қорытындысы бо­йынша, «Жібек» мюзиклі тәуел­сіз театр сарапшыларының шеші­мімен әрі 6 ай бойы жүргізілген әлемдік рейтинг бойынша Ұлы­британия мемлекетінен кейін ІІ орынға жайғасты. Сол көрсеткіш арқылы қойылымды 2 жылдың ішінде әлемнің 30 000-нан астам көрермені тамашалап, ұлттық өнеріміздің өзгеше өрнегіне таң­дай қағысты. Бұл – сөз жоқ, қазақ театрының мерейі.

Сондай-ақ айтулы қойылым 2018 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстанның халық әр­тісі Р.Сейтметовтің 80 жыл­ды­­ғына арналған Қазақстан дра­ма театрларының XXVІ Респуб­ли­ка­лық фестивалінде «Үздік спек­такль» – Гран-при жүлдесін иеленгені де театр ұжымы үшін зор мақтаныш.

Одан бөлек, 2019 жылы Түрік­менстан астанасы Ашхабад қала­сында өткен ІІІ Халықара­лық «Өр­кендеу дәуіріндегі театр өне­рі» театр фестивалінде бақ сы­нап, арнайы диплом иегері атан­са, сол жылы Түркия елінің Конья шаһарында өткен XII Ха­лық­аралық Түркітілдес елдер ара­сындағы «Мың тыныс – бір дауыс» фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.

2020 жылы әлемдік панде­мия­ға байланысты форматы өз­геше өткен XIV DIMF (Deagu Inter­national Muzical Festival) дүние­­жүзілік Тегу фестивалі­нің (Оң­түстік Корея республикасы) ұйым­­дастырушылары 2007 жыл­­дан бері қатысқан 61 мем­лекет­тің 284 қойылымы ара­сынан ең үз­дік 9 мюзиклді ірік­теп алып, көрер­мен назарына қайта ұсынды. Сол «үз­дік тоғыздықтың» арасында Жас­­тар театрының «Жібегі» де бар.

Өнер – ұлттың жаны әрі айнасы десек, Тәуелсіздік тұса­уын ­кескен талантты театр ұжы­­мы­ның түркі әлемі төріндегі тұ­ғыр­лы орны мен асқақ абыройы – күллі қазақ өнерінің мерейі һәм мәртебесі екені анық. Осынау клас­сикалық туындыны заманауи тілде сөйлете білген режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл туын­дысы әлі талай асулар­ды бағындыратынына сені­мі­міз мол. Ал жаһан жана­рын жау­ла­ған «Жібекті» Қазақ­стан Рес­пуб­­ликасының Абай атын­дағы әдебиет пен өнер сала­сындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деп санаймыз.