Өнер • 25 Тамыз, 2022

Қуыршақ театрының қуанышы һәм мұңы

502 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Басқа театрлармен салыстырғанда, Қуыршақ театрының іші құпияға толы ғажайып сарай секілді сырт адамның қызығушылығын оятатын қасиеті бар. Драма театрының әртісі бейнелеген образының жүгін өзі көтеріп, абырой-даңқын өзі иеленсе, Қуыршақ театрының актері өмір бойы жетелеген қуыршағының көлеңкесінде көрінбей жүреді. Қараңғыда қара киінген Қуыршақ театры әртісінің «адам» екені білініп қалса, бітті дей беріңіз, ғажайып күтіп отырған бала қиялының күл-талқаны шығады. Бірақ қуыршақпен жұмыс істейтін әртістер осы бір сәттік ғажайып үшін бүкіл өмірін арнауға бар.

Қуыршақ театрының қуанышы һәм мұңы

Біздің кейіпкеріміз де сахнада еш­қашан Еңлік болып еркелемеген, Қарагөз болып қайғы шекпеген, бірақ сахна өне­рін­дегі асыл мұра­тын қуыр­шақтармен бай­ланыстырып, Алматы Мемлекеттік Қуыршақ теа­трында 55 жылдан бері үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан ерекше дарын иесі. Мінезді әртіс. Миллиондаған оқырман тартып, тұтас ұрпақты тәрбиелеген белгілі ертегі желілері бойынша сахналанған пьесаларда 200-ден артық рөл ойнап, қуыршақ жүргізу өнерінің қыр-сырын меңгерген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәбила Абуева бүгінде «Қуыршақ театрының анасы» атанған.

Қуыршаққа жан берген жарты ғасыр

– Егіздің сыңары екенмін. Сыңа­рым­­ды анамызға тартқан аққұба бол­ған­дықтан Алтыншаш, ал мені әкеме тартқан қараторы болған соң Қара­шаш деп атапты. Атымның Сәбила, сыңарымның есімі Әмина екенін мектеп бітірер шақта құжат алғанда ғана білдім. Бүгінде жасым жетпістен асса да, Сәбилә деген атқа үйрене алмай-ақ келемін. Актерлік өнердің не еке­нін алғаш Атырау облыстық драма теат­рына жұмысқа келгенде көрдім, кә­сіби өнерімен таңдай қақтыратын Зарина Сүлейменова, Алма Ахметова, Жұпар Манапова секілді үш бірдей Қазақстанның халық әртісі, Күнипа апа, Қазила апалардай еңбек сіңірген әртістер қызмет ететін үлкен ұжым өнеріме жол ашты. Еңбек жолым осы театрдың ішінде орналасқан «Ақ Жайық» ансамбліндегі бишіліктен басталды. Осында жүріп Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» спектаклінен директордың екінші әйелінің рөлін ойнадым. Менің шолақтау пішілген мұрныма Шығыс аруының келбетіне ұқсату үшін дөңестеу келген тұмсық жалғап, сахнаға шығарды. Оқта-текте тіл қатқаным болмаса, көп сөзім жоқ, қатырып ойнап жүрген сияқтымын. Әлден уақытта ашулы келген профессор күйеуім бетіме қарады да, екі иығы селкілдеп күлкісін тыя алмаған күйі құ­мықты да қалды. Тұрған орнымда қатып қалған мен қоз­ғалуға қорқамын. Сөйтсем менің жал­ғамалы мұрным жерге түсіп кеткен екен. Осындай қызықпен басталған ак­терлік өнер иіріміне тартып, Алматыны аңсады да тұрды. Театрдағы актрисалар: «Алматы деген таудың етегінде жатқан алып шаһар, көшелерінде алма мен өрік төгіліп жатады, тек аласың да, арықтағы суға жуып жей бересің» деп тамсана айтатын әңгімесі өмірі көрмеген Алматының көңілдегі бейнесін тіпті шарықтата түсті. Әртістің оқуын іздеп, Алматыға осылай келген едім.

Тағдырда кездейсоқтық болмайды дейміз ғой, бірақ Алматыға келген бетте ойламаған жерден Қуыршақ театрына жұмысқа қабылдандым. Ол уақытта қуыршақ жасайтын шеберлердің арасында ұлттық маман жоқтың қасы еді. Жұмысты қорқа-қорқа бастасам да, кейін күліп отырып жасайтын жағдайға жеттім. Қуыршақ қалай жасалады, ағашқа басы қалай қондырылады, аузы, аяғы, қолы, кірпігі қалай қимылдайды, көзі қалай ашылып-жұмылады, қалай бұрылып, қалай шалқайып-еңкейеді, не керек, аз уақытта осының бәрін үйреніп алдым. Осы цехта алты ай жұмыс істедім. Күндіз қуыршақ жасаймын, кешке спектакль көремін, жұмыстан соң бәрі үйіне қайтқан кезде, есік-терезені тарс бекітемін. Түнгі күзетке кел­ген екі апам: «Ал Қара­шаш, ойна, көрсет, таңырқат!» дейді. Қолтығыма су бүркіп, дем беріп отырған соң, аянам ба, кез келген кейіпкердің образына кіріп елігіп алған мен бірі ауыр, бірі ұзын қуыршақтарды еппен де, екпіндетіп те жүргізіп, бар өнерімді салып ойнаймын. Күзетте отырған қос көрерменім: «Сен актрисадан айнымайсың, сен түбі актриса боласың» деп мақтауымды асырып, мәз болады.

Қуыршақтың көлеңкесіндегі қуаныш

– Қуыршақтың түрлері көп. «Марио­нетка», «ширмовой спектакль», «трос­тевая кукла», «планшетный» деп қуыр­шақтың алуан түрі туралы сыр шертіп отырған Сәбила Абуеваның сөзінен, қуыршақ театрындағы термин­дердің тілімізге сің­ген тәржімасы жоғына көңіл аудардық. Қалалықтардың қызығы болмаса, алыс­та­ғы ауыл балаларына бұл өнер әлі де таңсық. «Қуыршақ театрының әртісі болу­дың қиындығы неде?» деп сұрадық кейіпкерімізден.

– Қуыршақ театрына келген әртіс сахнаға қара басын алып шығып, әнін айтып, биін билеп, өз өнерін жеке-дара көрсете алмайды. Басты орында қуыр­шақ­тың өнері, қуыршақ жүргізе білу өнері тұрады. Балет бишісі күн ұзақ аяғын қалай баптаса, қуыршақ жүргізетін әртіс те ертелі-кеш қолын солай жаттықтырады.

1981 жылы Алматы Қуыршақ театры гастрольдік сапармен Вьетнамға барды. Ауылдағы әжесіне қыдырып барған кішкентай қалалық боксшы баланың өмірі туралы баяндайтын «Чемпион Қожанасыр» спектаклін көр­ген вьетнамдықтардың ықыласы мен таңданысы әлі күнге көз алдымда. Оспанхан Әубәкіров ағамыздың қаламынан туған пьеса қызық еді. Ең қызығы, вьетнамдықтарды таңырқатқан сол спектакльді аудармасыз қазақша ойнап шықтық. Міне, өнер тілінің құдіреті. Вьетнамдық көрермен қазақ тіліндегі пьесаны кедергісіз түсінгенін дуылдата қол соғуымен білдірді. Сондай-ақ ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз» пьесасын да олар есі кетіп, құмарта тамашалады. Қай елдің сахнасында өнер көрсетсек те, біздің бота көзі мен мейірімді жүзіне қос етек көйлек, биік сәукеле, қынама бел камзолы жарасқан қызылды-жасылды ұлттық киімдегі әсем қуыршақтарымыз өзге елдің көрерменінің көзін жайнатып, көңілін аудармай қоймайды. Вьетнамға апарған екі спектакліміздің де биік деңгейде қойылуының бір себебі, сол қуыршақтарымыздың ұлттық болмыс-бітіммен біте қайнасып, тарихымыз бен дәстүріміздің өзегіне жан салып көрсете алғанында. Осы гастрольдік сапардан оралған соң «Ақ құс туралы аңыз» спектакліндегі мыстан рөлі үшін маған «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атақ берілді. Жарты ғасырдан астам сахналық ғұмырымда барлық ке­ңес­­тік республикаларда, Кампучия, Қытай, Жапония, Түркия елдерінде өткен халықаралық Қуыршақ фестивальдеріне қатысып, өнер көрсеттім, кейін тіпті өзім де қазылар алқасының құрамына шақы­ры­латын болдым. Шүкір.

Қуыршақ театрында Шарль Азнавур да ән салған

– Тылсым сиқыр өнерін табандап жүріп меңгеріп, қазақтан шыққан тұңғыш иллюзионист атанып, әлемді мойын­датқан атақты Сұлтанғали Шүкіров пен Сара Қабиғожина театры­мыз­дың тарихында өшпестей із қалдырған жандар. Цирк өнерінің майталмандары сол жылдары Африкадан лауреат болып оралып, біздің театрымызда бірі директор, бірі режиссер болып жұмыс істеді. Мен режиссердің көмекшісі едім. Жұп-жұмыр бір рөл шығару үшін пьесаны бір ай бойы «мыжимыз». Бір қуыршақтың күлгенін, жүргенін, қарағанын, акробатика жасап, шпагатқа отырып, иіліп-бүгілгенін үш адам жүріп жасаймыз. Бастысы, бірдей жасау керек. Мәскеу көрерменінің алдында өнер көрсеткенімізде, осы өнердің атасы саналатын орыстардың өзі аузын ашып, көзін жұматын. «Қуыршақ-шоу» деген үлкен дүниені Қуыршақ театрының сахнасына ғана емес, күллі қазақ өнеріне әкелген С.Шүкіров еді. Ол өзіміздің Мүсілім мен Рашид Абдуллиндердің, Ғарифолла Құрманғалиев пен Роза Бағ­ла­нованың, Батыстың танымал өнер жұлдыздарының қуыршақ бейнесін жасатты. Абдуллиндер басын түйістіріп тұрып екі дауыста ән салғанда, жұрт мәз болатын еді. Француздың әлемге әйгілі әншісі Шарль Азнавурдың сах­на­ға шығып «Мәңгілік махаббат» әнімен мұңға батыратын бейнесі қан­дай еді! Ғарифолла ағамыздың аяғын айқастырып, басын сілкіп, мойнын оңды-солды ырғап, домбырамен дауылдата ән салғанын көрген жұрт күміс көмей, жезтаңдай тірі Құрманғалиевтің өзін көргендей орнынан дүркірей көтеріліп, белгілі әртістің мінезін дәл кейіптей алған қуыршақтарға аямай қол соғып, қошемет білдіретін. Өкінішке қарай, бұл қуыршақтардың ешқайсысы сақталмады. Әр жерге көшіп жүріп, ақыры қурап қалды. Себебі қыстың күні қатпайтын, жазда құрғап кетпейтін, бірқалыпты жылу ұстайтын арнайы қойма театрда қарастырылмаған.

Ұлылар да қуыршақты ұлықтаған

– Белгілі композитор Әсет Бейсеуов біздің Қуыршақ театрының музыкалық бөлімін басқарды. Ол кезде Ескендір Хасанғалиев сымға тартылғандай сымбатты жігіт, екеуі арасынан қыл өтпестей дос. Ескендір жолдасын іздеп театрға жиі келетін. Екеуі де әрі әнші, әрі композитор, ән жазудағы қолтаңбасы екі түрлі болғанымен, әуені анық, бояуы қанық әндерге ортақ бір белгі – еркіндік, кеңдік, еркелік екі композитордың да әндерінен есіп тұратын. Е.Хасанғалиев пен Ә.Бейсеуовтің жаңа жазылған әндерін ауыл-ауылдарда бірінші болып баянмен орындап шығатын нақ осы Қуыршақ театрының әртістері болғанын көпшілік біле бермейді. Қос композитордың да сиясы кеуіп үлгермеген көп әндерінің беташарын біз жасадық, біз орындағаннан кейін ғана қалықтап, басқа жаққа қанат қағып тарап жататын. Ол уақытта гастрольде ұзақ жүреміз, екі-үш айлап үй бетін көрмей кетеміз. Әлі есімде, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдеріне барған сапарымызда спектакльдің соңынан концерт қоямыз. Е.Хасанғалиевтің «Боз­торғай» әнін орындағанымызда, сахнаны қаумалай жайғасқан қазақтар көзінің жасын тыя алмай, кемсеңдеп жылап отырады. «Тағы да айтшы» дейді қиылып. «Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан, Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан...» Не керек, бір әнді екі-үш қайтара айтқызады. Кейін ойлап отырсам, қиыр қонып, шет жайлаған  қандастарымыз елін сағынады екен ғой.

 Баланы алдау мүмкін емес

– Шығармашылық жолдағы 55 жыл – аз уақыт емес. Жарты ғасыр бойы театрдың арғы тарихының да, бергі кезеңінің де куәсі болдым. Спектакль де уақыт талабына орай қойылады. Дәл осы кезеңнің тамырын тап басып танып, қоғам күтіп отырған, уақытқа керек кесек сөзді айта алса, театр­дың ерлегені. Достықты, бірлікті, жалпы идео­логияны насихаттаған кеңес кезіндегі қойылымдардың бағыт-бағдары бәрімізге белгілі ғой, ал бәрін жаңаша құрамыз деген бүгінгі арпалыс кезеңіндегі айтылар сөз де халықты ауызбіршілікке, отаншылдыққа, адам­гер­шілікке шақыруы керек. Бұрын­ғы спектакльдерден бүгінгі қойылымдардың мазмұны да, тақырыбы да бөлек. «Қуыршақ театры тек балаларға арналған спектакль қоюы керек» деген қатып қалған қағида бүгінде бұзылды. Дәл қазір біздің театрдың сахнасында «Ромео мен Джульетта», «Медея», «Ана – Жер – Ана», «Ана жүрегі» секілді ересектерге арналған спектакльдер қойылып жатыр. Мектептің жоғарғы сынып оқушылары спектакльдің басында «ха-ха-ха-хи-хи-хи» деп отырады да, соңында ағыл-тегіл көз жасына ерік береді.

Рас, бүгінгі шетел аниматорларының не адамға, не аңға ұқсамайтын неше түрлі құбыжық кейіпкерлері кешегі мен ойнаған қиял ғажайып ертегілеріндегі мыстандар мен аждаһаларға ұқсамайды. Бүгінгі балалардың пір тұтатын кейіп­керлері мен қаһармандары бас­қа. Қуанарлығы, соған қарамастан бала­ларымыздың қуыр­шақ кейіпкерлерге қызығушылығы артпаса, аласарған жоқ. Бүгінгі балаларды алдау мүмкін емес. Тіліңді бұрап, сендіремін деп ойлама. Иненің жасуындай қателігіңді көріп қояды. Балалардың алдында ойнаған соң әртістің жан тазалығы жарқырап көрініп тұруы тиіс. Актердің қуыршақ кейіпкерін жақсы көретіні, жанашырлығы, жауапкершілігі сезіліп тұруы қажет. Театрымызда сенімді ойын үлгісін көрсетіп «балалардың ішіне кіріп кететін» ізденіс жолындағы талантты жастар жетерлік. Сол себепті сах­наның тәртібі мен режиссер белгілеген мақ­саттың шарттары қатаң сақталуы керек.

«88 жылдық тарихы бар, Қазақ­стан­дағы бетке ұстар үлкен театрларының бірінен саналатын Алматы Қуыршақ теат­ры­на бірегей өнер ордасы ретінде неге академиялық мәртебе берілмейді екен» деп жиі ойланамын. Өзгеше өнерімен сахнаның сәні болып, өкшемізді басып келе жатқан жастарымыз да атақ-марапаттан тысқары қалып жатады. Оның себебі Алматы Қуыршақ театры Мәдениет министрлігіне емес, қала әкім­ді­гінің құзырындағы мекеме. Ел алып жатқан «еңбек сіңірген қайраткер» дегенді олар бере алмайды. Ал біздің талантты жастарымыздың өнері қай драма әртісінің өнерінен кем, неге олар тар шеңберде қалып, еңбегі ескерілмей, елеусіз жүре беруі керек? Сондай-ақ Қуыршақ жасайтын шеберлер менің жас күнімде қандай қат болса, маман жетіспеушілігінің зардабы әлі күнге сезіледі. Жастар бұл кәсіпке қызықпайды. Шешімі менің қолымда болмаса да, осының бәрі жасы ұлғайған адамның жанына тыныштық бермейді екен.

 

АЛМАТЫ