Өнер • 25 Тамыз, 2022

Шекспирдің отанына арналды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде Табылды Мұқатовтың «Армысың, Англия!» атты жеке көрмесі ашылды. Айтулы өнер жәрмеңкесі суретшінің 75 жылдық мерейтойына және шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған.

Шекспирдің отанына арналды

Көрме экспозициясына автордың 2005-2014 жылдар аралығында салған 30-дан астам графикалық туындысы енген. Атауы айтып тұрғандай, көр­ме У.Шекспирдің Отаны – Англияға ар­налған. Туындыгер атағы әлем тарихы­нан орын алған әйгілі мекенде пле­нэр­де жұмыс істей жүріп, Лондон пей­заж­дарының өзіндік ерекшелігін нәзік иіріммен жеткізе білген. Мұқатов заманауи қаланың күнделікті өмірінің көп­қырлы сипатын, онда тұратын адам­дардың бет-бейнесін, олардың тұрмыс-тіршілігін дәл бедерлеуге күш салған.

Күнделікті өмір шындығын қарапа­йым, демократиялық мотивтермен дәлел­дей отырып, ол «Ватерлоо көпіріндегі жел­ді күн», «Эустон көшесіндегі жаң­быр», «Сохо алаңындағы қызыл үй» аква­рельдерінде суреттің шынайы се­нім­ділігіне қол жеткізеді. Автор «Кеш­кі Темза жағасында», «Қызыл авто­бусты көше» картиналарында эстети­ка­лық тұрғыдан шынайы, заманауи өмірді өзінің табиғилығымен, барлық байлығы мен түстерінің жарқырауымен көрсетеді. Көз алдындағы әлемді өзіне тән тұрақты құбылмалылығымен сипаттай отырып, адам мен оның қорша­ған ортасының бірлігін қайта жасайды. Әсіресе кездейсоқ көзге түскен өмірдің үздіксіз ағымының өтпелі сәтіне назар аударады.

а

«Т.Мұқатов «Жауын алдында», «Көгал­­да», «Ормандағы алаңқай», «Бақ­та» пейзаждарында жекелеген бөлшек­терге бой алдырмай, көрілген нәрсенің қайталанбас сипатын «сақтап қалуға» мүмкіндік беретін «алғашқы әсердің» айқындығын, күші мен жаңалығын сақ­тауға тырысады», дейді көрме жетекшісі Еркежан Омарова.

Табылды Мұқатов көпшілік қауымға кітап иллюстраторы ретінде де жақсы таныс. Ол безендірген еңбектер қазақ ақын-жазушыларының шы­­ғармаларындағы бір­­қа­тар ұлттық бей­­не­­ні жасауға сеп­тігін тигізді. М.Әуе­зов, І.Жан­сүгі­ров, С.Жүні­сов сияқ­ты бел­гілі жазу­шы­лар­дың жинақ­та­рын ре­сімдеумен айна­лыс­қан шебер кітап­тар­дың эстетикалық һәм көркемдік қуатын арт­тыруға зор үлес қос­ты. Махамбет Өте­міс­ұлының 200 жыл­дығына орай жа­рық көрген ақын өлең­дерінің бірегей басы­лы­мы 2003 жылы ЮНЕСКО-ның алтын медаліне ие болды. Қазақ перзентінің қолтаңбасы Болгария, Дания, Германия, Англия, Франция елдеріндегі көркем коллекцияларда жарқырап тұр. Сұлу өнерден қол үзбеген суретші қазір Алматыда тұрады.

 

АЛМАТЫ