Докто – Оңтүстік Кореядағы Уллындо аралынан шығысқа қарай 87,4 км, ал теңізден 216 шақырым қашықтықта орналасқан арал. Екі арал мен 89 кішігірім тас алқаларынан құралған бұл аралдың корей тіліндегі атауы Докто. Ал жапондықтар бұл аралды Такешима деп атайды. Неліктен бір арал екі түрлі аталады дейсіз ғой? Оның себебі Жапония мен Кореяның мыңдаған жылды қамтыған тарихының желісінде жатса керек.
Тарих беттерін ақтарсақ, Докто аралын алғаш ашқан Усангук мемлекеті екен. Ал Усангук – қазіргі Оңтүстік Кореяның ежелгі атауы. Демек Докто аралы әу баста Оңтүстік Кореяға тиесілі екені анық. Алайда 1625 жылы дәл осы аралға Жапония мемлекеті Такешима деген атау береді. Осылайша, екі мемлекеттің ынтымақтастығы 1693 жылға дейін жалғасады. Осы жылы Уллындо аралына балық аулауға шыққан корей балықшылары Ан Ён Бок пен Пак Одунды ойда жоқта жапон әскері тұтқынға алып, Жапонияға күшпен айдап әкеледі. Балықшылардың «кесірінен» осы сәттен бастап екі мемлекеттің арасында Уллындо дауы пайда болады. Осыдан кейін Жапония мемлекеті Докто аралына екі жылда бір рет «тексеру» жүргізіп тұратын болған.
1695 жылы Жапония билігі Уллындо және Докто аралдары қай мемлекетке тиесілі екенін білу үшін тұрғындар арасында сауалдама жүргізеді, онда басым көпшілігі бұл аралдың Оңтүстік Кореяның жері екендігін айтады. Содан соң Жапонияның өзі Доктоны Кореяның жері екенін ресми түрде мойындайды. 1770 жылы жарық көрген Корея энциклопедиясында да Уллындо Кореяның жері ретінде бейнеленген.
1905 жылы Жапония мен Ресей арасында соғыс басталады. Сол сәтте әскери күшті дайындайтын жер қажет болғандықтан, Докто аралының қожайыны жоқ деп, өзара жерді тартып алмақ болады. Ол кезде Оңтүстік Корея Жапонияның билігіне тәуелді еді. Сондықтан Жапония Докто аралын корейлердің рұқсатынсыз өз мақсаттарына қолданады. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сан-Франциско бейбітшілік келісімінде «Жапония Кореяның тәуелсіздігін мойындады. Демек Чеджудо, Комундо және Уллындо аралдары толығымен Кореяға тиесілі» деп көрсетілген. Атап өтетін жайт, аталған құжатқа сәйкес Чеджудо, Комундо аралдары қазіргі кезде Оңтүстік Кореяның аумағы болып есептелінеді. Алайда Докто аралының тағдыры әлі де белгісіз күйінде қалып отыр.
Тарихи деректерге сәйкес Докто мен Уллындо Корея мемлекетіне тиесілі болғанымен, Жапония мұнымен келісер емес. Тіпті ресми кездесулер де бұл мәселенің түйінін шеше алмады. Мәселен, өткен жылы Вашингтонда Жапония, Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың қатысуымен жоспарланған баспасөз мәслихаты бірер күн қалғанда кенеттен тоқтатылды. Бірлескен баспасөз мәслихатының өтпеу себебі ресми жарияланбады. Дегенмен бейресми дереккөздерге сүйенетін болсақ, бұл жағдай Корей полиция басшысының Доктоға бағытталған сапарына Жапон үкіметінің наразылық білдіруіне байланысты туындаған. Бұл жағдай Жапонияның әлі де Доктоны Кореяға тиесілі екенін мойындамай келетінін көрсетсе керек.
Негізі Докто аралының мәселесі тек Корея мен Жапонияға ғана тиесілі емес. Бұл әлемнің проблемасы. Өйткені қазіргі таңда күшейіп келе жатқан Солтүстік Кореяның «сесіне» жауап беру үшін мемлекеттер өзара жақсы қарым-қатынаста болуы қажет. АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапония біріккен жағдайда ғана Солтүстік Кореяның мысын баса алады.
Докто аралын барып көру екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік. Кореяда оқып жүргенімнің арқасында мен бұл мүмкіндікке ие болдым. Мұнда білім алып жүрген өзге шет мемлекеттерден келген студенттермен бірге Докто аралына аттандық. Докто басқа аралдарға қарағанда өзінің тау-тастарымен ерекше. Кемеден түскен бойда корейлер «бұл біздің жер» деп қуаныштарын жасырмады. Тіпті кішкентай балаларын ертіп, отбасыларымен келгендер де бар. «Біз қайдамыз?» деп сұраған баласына анасы: «Біз Докто аралына келдік. Бұл біздің жеріміз, бірақ жапондықтармен біраз келіспеушіліктер болып жатыр» деп түсіндірді. Мұндай диалогтарды естіп, корейлердің шынымен патриот, өз еліне деген шексіз махаббатты сезінетін ерекше халық екеніне көз жеткіздім.
«Сонда Доктода қазір тұратын адам бар ма? Олар жапондықтар ма, корейлер ме?» деген кезекті сұрақтар мазалайды. Қазіргі таңда бұл аралда корей полиция қызметкерлері ғана жұмыс істейді. Ескерте кететін жайт, әскери күштер емес, полиция қызметкерлері. Егер Докто аумағына әскери күштер келсе, мұндағы бейбітшілікті сақтау қиындық туғызады деп тәртіп сақшыларын ғана «қоныстандырған». Арал бізді жайдары ауа райымен қарсы алғанмен, Доктоның өзіне тән бір ызғары сезілді. Ол тарих қатпарларының ызғары ма, әлде әбден көңілі қалған корейлердің реніші ме,оны ажырату қиын.
Жылдар өтсе де Докто мәселесі шешімін таба алар емес. Аралдың мәселесі шешілсе, Шығыс Азияның жағдайы бір қадам алға басатыны айқын. Саясаттың салқынын сезініп отырған Докто «өз еліне» ресми түрде қабылданса, әрбір тіршілік иесін табиғаты да жайма-шуағымен қарсы алатыны сөзсіз.
Адель ТӨЛЕУБЕКОВА
СЕУЛ