Экономика • 26 Тамыз, 2022

Шеберлік жаттығуда шыңдалады

156 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Магистралдық газ құбырлары арқылы ел аумағында газ тасымалдауды жүзеге асыратын «Интергаз Орталық Азия» АҚ – республикадағы іргелі құрылымдардың бірі. «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы саналатын кәсіпорында өндірістік қауіпсіздік, еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыс­кер­лер денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау талаптары алдыңғы орында тұр.

Шеберлік жаттығуда шыңдалады

Биылғы жылды «Интергаз Орта­лық Азия» АҚ «Қауіпсіз еңбек – 2022» бастамасы аясында өткізуде. Атаулы жыл шеңберінде өткізілетін іс-шаралар акционерлік қоғамда еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға айрықша ба­сым­дық берілгенін айғақтап тұр. Қызметкерлердің өмірі мен ден­саулығына бейжай қарамай, өндірістік жарақаттанудың және кәсіби аурулардың алдын алу бағытындағы көрсеткіштерді жоғарылататын «Қауіпсіз еңбек – 2022» іс-шарасын қолға алған компания басшылығының бастамасы жан-жақты қолдау тауып отыр.

Осы жылдың 24 тамызында «Интергаз Орталық Азия» АҚ пайдаланатын «Қараөзек» ком­прес­сорлық стансасының база­сында қауіпсіз еңбек жылы ая­сында шұғыл медициналық көмек көрсету және болжамды зардап шегушілерді шұғыл эвакуа­ция­лау бойынша оқу-жаттығу сабағы өтті. Газ құбырындағы апат­тық жағдайды оқшаулау және жою әдістерін көрсететін оқу-жаттығу сабағына «Интергаз Орта­лық Азия» АҚ Қызылорда филиалының өндірістік блогы, жедел медициналық көмек көрсету мамандары, «Ақберен» авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері, «Жәрдем өндірістік медицина» ЖШС мен объектіні күзететін мердігерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Оқу-жаттығу сабақтарының сценарийі бойынша компрессорлық стансада өрт болып, шығу шлейфі жарылды. Рация арқылы түскен хабарламаларға сәйкес жаттығуға қатысқандар крандарды ауыстыра отырып, жұмыс істеп тұрған газ айдау агрегаттарын автоматты түрде тоқтатуға кірісті. Апатты жоюға газ айдау стансасының бас­шысы жетекшілік етті. Маман­дар оқыстан болған оқиғада абыр­жымай, компрессорлық станса­дағы­ларды эвакуациялауды, өртті оқшаулау мен жоюды қолға алды.

Ауысым инженері өрт сөндіру және құтқару қызметтерінің мамандары жеткенін хабарлады. Өрт сөндірушілер санаулы секунд ішінде шлангты су гидранттарына жалғап, жалынның жолын кесуге асықты. Көп ұзамай желілік құбыр жүргізушісінен апатты жағдайдағы алғашқы міндет ойда­ғы­дай орындалғаны жөнінде хабарлама келіп түсті.

Осы сәт рация арқылы екі адам­ның зардап шеккені жайлы хабарланды. Оның бірі қолы мен аяғы сынып, көп қан жоғалтса, екіншісінің жүрек соғуы нашарлап, есінен танған. Медициналық қызметкерлер бригадасы жедел түрде барлық қажетті реанима­ция­лық шараны қолға алып, алдымен қанды тоқтатты. Екінші топ жүрек соғысы тоқтаған жұмыс­шының есін жиғызу әрекетіне кі­рісті.

Дер кезінде көрсетілген алғаш­қы дәрігерлік көмектің нәти­же­сінде зардап шеккендер аман қалып, шақыру бойынша келген «Жедел жәрдем» көлігіне жеткізілді. Сәлден соң өрт сөндіру командасының қарауыл басшысы ауысым инженеріне жалынның толық ауыздықталғанын мәлім­деді.

Оқу-жаттығу сабағы аясын­да жасалған жұмыстарды «Qazaq­Gaz» ҰК» АҚ және оның ен­ші­лес компанияларының басшылары бақылады.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры Әуезхан Уромбаевтың айтуынша, оқу-жат­тығу сабақтарының негізгі мақ­саты – барлық жұмылдырылған топтың дайындығын, олардың апаттарды оқшаулау мен жоюдағы өзара іс-қимылын бағалау. Ол жат­ты­ғуға қатысқан барлық қыз­­мет маманы берілген тап­сырма­ларды кәсіби деңгейде атқарғанын атап өтті.

– Компания жариялаған «Қа­уіп­сіз еңбек – 2022» іс-шарасы ая­сын­дағы бүгінгі жаттығуда бар­­лық құрылым өкілінің бір­лескен қимылының арқасында апаттың ауыздықталғанына куә болдық. Мердігер компания­лар өкілдерімен қатар, «Интергаз Орталық Азия» АҚ мамандары да қойылған мін­деттерді орын­дауда, теориялық бі­лімді тәжірибеде қолдануда на­қ­ты әрі үйлесімді әрекет етті. Мұн­дай жаттығулардың біз үшін ма­ңызы зор. Осылайша, сан мәрте пысықталып, дағдыға ай­нал­ған іс-әрекеттер компанияға тұрғындарға табиғи газды үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды жүзе­ге асыруға мүмкіндік береді, – деді Әуезхан Уромбаев.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ үшін қауіпсіздік мәселесі өте маңызды.

Компанияның Шымкент қала­сын­дағы Оқу-курстық комби­натында мамандар арнайы оқы­тылады. Олардың кез келген жағ­дайда апаттың жолын ке­сетін тех­никалары да сай. Ком­­пания басшылығы шебер­лік­ті шың­дай­тын осындай жаттығу­лар­дың нәтижесінде соңғы жылдары апатты жағдайлар тіркелмегенін айтып отыр.

Жаттығу өткен «Қараөзек» ком­прессорлы стансасында газ қысы­­мын көтеретін 3 агрегат, электр стансасы бар. Олардың жұ­мысын үйлестіріп, апаттың алдын алу, оқыс оқиға бола қал­ған жағдайда жолын кесу маман­дар­дың біліктілігіне тікелей байланыс­ты. «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» МГҚБ «Қараөзек» КС бастығы Кеңес Ембергенов жат­­тығуда кәсіби мамандармен қа­тар, арнайы дайындықтан өткен компания өкілдері де үздік көрсет­кішке қол жеткізгенін айтты.

– Компрессорлық станса тоқ­­тау­­сыз жұмыс істеуі керек. Мұн­­да­ғы жұмыс вахталық әдіс­ке негіз­делген. Жазғы күндері мұн­­да­ғы 3 қондырғының біреуі жұмыс істеп, қалғандары резерв­те тұрады. Бүгінгі жаттығу сцена­рийі бойынша қысым көте­ре­тін тұстан өрт шығып, оны тоқ­та­туға түрлі қызмет мамандары жұмылдырылды. Бұл ретте өзі­міздің парамедиктер қыз­метін ерекше атап өткен жөн. Өз мамандарымыздың осындай оқыс оқиғаларға дайындығын баға­лауға арналған жаттығу нәти­жесі көңілімізден шықты, – деді станса бастығы.

Жаттығу аясында алғашқы тапсырманы мүлтіксіз орындаған мамандар екінші тапсырмаға сәйкес болжамды апат салдарын жоюға кірісіп кетті. Жарты күнге созылған іс-шара нәтижесінде оған қатысқан барлық қызмет өкіл­інің жұмысы жоғары баға­ланды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА