Ел аузында сақталған аңыз әңгімелерге, жер-су аттарының этимологиясына жасалған талдауларға сәйкес 1635-1758 жылдар аралығында Жетісу Алатауының Лепсі, Сарқан, Қаратал, өзендерінің жоғарғы ағыстарында қазақтар мен жоңғар қалмақтары 100 жылдай қатар қоныстанғанын айғақтайтын деректер бар. Оны Қаратал өзені алабының жоғарғы ағысындағы Бұрқанбұлақ, Шыжы, Мұқыры сияқты жер-су аттары, Қора өзенінің Қараталға құяр сағасында будда храмының орны дәлелдейді.
Жетісулық өлкетанушылар мен Құдайназар батырдың ұрпақтары Қызылжар шайқасы өткен орынды анықтау үшін бірқатар ізденіс жасады. Жалпы, еліміздің әр өңірінде 24 «Қызылжар» деп аталатын жер атауы кездеседі. Өлкетанушылар оның бәрін сараптап, жергілікті тұрғындардан деректер жинап, аңыз-әңгімелер негізінде осы шайқастың орнын Ақсу ауданына қарасты Қапал шатқалында болған деп тұжырым жасады. Жинақталған дәлелдер мен дәйектерді назарға алған Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы және жетісулық өлкетанушылар, Қызылжар шайқасының батыры Құдайназар Тәңірбердіұлының ұрпақтарынан ұйымдасқан экспедиция Ақсу ауданы, Қапал ауылына қарасты жергілікті жұрт «Жүз оба», «Қыз бейіті» атап кеткен тарихи орын мен Қызылжар шайқасы болған асуға сапар шекті. Көпшілік батыр, оның қызы және жүз сарбаз жерленген қорым мен шайқас болған асуға белгі қойып, тарихты қайта жаңғыртты.
«Қызылжар шайқасы – XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында орын алған ел қорғау жолындағы ұлы шайқастардың заңды жалғасы саналады. Шайқаста қаза болған жүз сарбаздың екеуінің аты мәлім. Ал қалған 98 батыр сол кездері осы шайқас болған өңірді мекендеген төрт төлегетайдың, жалайыр, албан, суан, дулат руларының азаматтары деген болжам бар. Бұл ақиқатты анықтау алдағы уақыттың еншісінде. Сол шайқастың бас қолбасшысы Құдайназар батыр мен қызы Гүлайымның ерлік істері ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып, бүгінгі күнге жетті», дейді өлкетанушы-журналист Қажет Андас.
Қызылжар шайқасындағы «Аттың ішін жарып соғысу» тактикасы – әлем тарихында болмаған ерекше ұрыс әдісі және осыдан кейінгі қазақ-жоңғар соғысындағы тактикалардың бастамасы болған жаңалық. Бір қызығы, бұл соғыс тактикасын қазақ батырларынан 200-300 жыл кейін француз әскерлері Бірінші дүниежүзілік соғыста қолданыпты. Ал бұл тәсіл Еуропа соғыс тарихындағы «таңғажайып ұрыс тактикаларының бірі» ретінде жазылған. «Голливуд осындай қорғану тәсілін қолданған шын тарихи оқиғаны баяндап, фильм түсіріп үлгерді. Миссури территориясындағы америкалық тәуекелші Хью Гласстың өміріндегі бірқатар оқиғадан шабыт алып, америкалық жазушы Майкл Панке 2002 жылы «Тірі қалған» (Выживший) деген роман жазды. Автордың осы романды жазуына итермелеген таңғаларлық шытырман оқиғаның бірі – «Аттың ішін жарып соғысу» тәсілі болған, сол себепті бұл оқиға романға ерекше бөлім ретінде қосылған. 2015 жылы романды арқау етіп, Алехандро Гонсалес Иньярриту фильм түсірді. 88-ші реткі Оскар сыйлығының 12 номинациясына ие болған фильмде жергілікті үнділермен соғыс дәуіріндегі қиын-қыстау жағдайда «Аттың ішін жарып соғысу» тактикасы көрсетілген. Шын мәнінде, мұндай таңғаларлық және тапқыр ұрыс тәсілін олардан бірнеше ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз қолданған болса да, оны әлі күнге әспеттей алмай келеміз», дейді Ұлыбританияның Шеффилд университеті мен АҚШ-тың Иллинойс университетінің түлегі Талғар Дәлелғазы. Демек біз осы бір ұмытылған тарихты қайта түгендеуіміз керек. Ол үлкен еңбекті қажет етеді.
Жалпы, «Құдайназар батырдың кіндігінен Жолымбет, Есенгелді, Солтангелді атты үш ұл тарайды. Бұл тарихта «Үш жетім» деген атпен белгілі. Әкесі қайтыс болған соң үш ұл нағашысы Сарыүйсіндердің елінде ержетеді. Үлкені Жолымбет шаруаға жайлы болса, Есенгелді жас күнінен нағашыларының тәрбиесінде ержетіп, жастайынан «Бала би» атанады. Ержеткен тұсында Қабанбай батыр қатысқан жорықтарда ерлігімен танылып, Абылай ханның сеніміне ие болып, ел ісіне араласып, 1757 жылғы қазақ-қытай арасында болған «Мамыр су» келісімінде үйлестіруші қызметін атқарған. Сондай-ақ Қазақ хандығының елшісі салауатымен Цин империясының патшасы Шян Лұнның қабылдауында болған алғашқы қазақ дипломаттарының бірі. Ал Солтангелді жастайынан мырза өскен, сал-сері, кейіннен ағасы Есенгелдімен бірге талай жорықта ақылдылығымен көзге түскен тұлға екен. Мұны батырдың ұрпағы Имаш Абдырахманұлы баяндады.
Жолымбеттен 6, Есенгелдіден 19, кей деректе 23, Солтангелдіден 12 ата тарайды. «Үш жетімнің» ұрпағы әлемнің әр түкпірінде АҚШ, Жапония, Түркия және басқа да Еуропа елдерінде, Араб мемлекеттерінде, Иран, Ирак сияқты Азия елдерінде қоныстанып, адамзат өркениетіне үлес қосуда. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Үш жетімнің» ұрпақтары атжұртқа оралып, еліміздің әр өңіріне тұрақтап, ел өркениетін еселеу жолында еңбек етіп келеді», дейді И.Абдырахманұлы.
Конференция соңында қатысушылар Қызылжар асуы мен жергілікті тұрғындар «Жүз оба» мен «Қыз бейіті» деп атап келген қорымды Құдайназар батыр мен қызы Гүлайым және қазақтың жүз сарбазы жерленген жер ретінде қасиетті нысандар тізіміне енгізуді басты назарға алды. Сондай-ақ облыстық музейден шайқас тарихын өрнектейтін бұрыш ашу, Талдықорған мемлекеттік архивінен шайқасқа қатысты деректерді жинақтайтын арнайы орын беру, Қызылжар шайқасы болған асу мен «Жүз оба» атанған тарихи нысанды абаттандыру жұмысын жүргізу, Гүлайым Құдайназарқызының ерлігін өскелең ұрпаққа өнеге ету керектігін ұсынды.
Жетісу облысы