Өнер • 30 Тамыз, 2022

Елордада пластикалық спектакль қойды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың «Астана Опера» театрында Түркістан музыкалық драма театры «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін қойды.

Елордада пластикалық спектакль қойды

Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған спектакльдің би қимылдарын ресейлік балетмейстер Конс­­тантин Семенов сахналады. Пластикалық спектакльдің ерекшелігі – әртістер оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды. Қойылым әуендерін композитор Хамит Шанғалиев жазған.

«Түркістан музыкалық драма театрының ашылғанына аз уақыт өтсе де, республикаға танымал бола бастады. Бұл Нұр-Сұлтанға екінші гас­трольдік сапарымыз, оған дейін біз Қ.Қуа­ныш­баев атындағы мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрында Дулат Исабековтың «Бөрте» тарихи драмасын қой­­дық, енді «Астана Опе­раның» тамаша сахна­сында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе», дейді Түркістан музыкалық драма театрының дирек­­торы әрі көркемдік же­текшісі Айнұр Көп­баса­рова.

Спектакль көшпелі халықтар тарихында терең із қалдырып, құнды әдеби-музыкалық мұра жасаған Қорқыт атаның өмірін баян­дай­ды. Қойылымда Қорқыт алып қараағаштан ойып қобыз жасайды, бұл аспап өзінің сиқырлы үнімен айналасын үндестікке жетелейді. Алайда қобызшының өмір жолында көптеген сынақ кездеседі. Қайда барса да, қайда кө­шіп-қонса да, ажалдың елесі соңынан қал­май­ды. Қиын жолдан өткен соң ақыры Қорқыт туған жеріне оралады.

Бұл спектакльде ізгілік нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін араздыққа толтыруға тырысқан сиқыршы Мартудың арасындағы мәң­гілік қақ­тығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бей­неленеді. Қойылым режис­сері Константин Се­ме­нов Қорқыттың тұтас түркі әле­мі үшін ма­ңыз­ды тұлға екенін, сон­дық­тан туын­дыға асқан жа­уапкершілікпен қара­ғанын айтты.

«Менің ойымша, спектакль қызықты, инно­вациялық, көпкомпонентті болып шықты, се­­бебі бейнепроекция мен мол жарық қол­да­­нылды. Әртістер үшін бұл жаңа бір белес бол­­ды, себебі спектакль тұтастай пластикаға негіз­­­делген», дейді К.Семенов.

Қойылымда заманауи технологиялар мен арнайы эффектілерді қолдану – Түркістан театры­ның басты ерекшелігіне айналды. Қор­қыт спектаклінде де жаңбыр мен тұман сынды табиғат құбылыстары дыбыстық, визуалдық эффек­тілермен көрсетіледі.