13 Мамыр, 2014

«Ойдене» деген өнер бар

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда Фейсбук әлеуметтік желісінен «Ойдене» қоян-қолтық ұрыс федерациясының парақшасын байқап, ойға қалдым. Қазақ байтақ жерін ат үстінде ғана емес, қоян-қолтық ұрыс тәсілімен де қорғап қалған екен. Бұл тәсіл қазір спорттық жекпе-жекте жалғасын тапқандай. Иә, денешынықтыру қимылдары ептілік пен есептілікке үйретеді. Осы орайда, қазақы спорт түрі, алда айтқан «Ойденені» дамытуға барынша күш салып жүрген Серік РЫСПАЕВПЕН әңгімелескен едік. – «Ойдене» қандай мақсаттан ту­ған дүние? IMG_8228– Бала жастан спортты өзіме серік еттім. Самбо, бокс секция­ларына қатыс­­тым. Әсіресе, тоқ­са­ныншы жылдардың басында қазір­гі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық по­­­­­литехникалық университетте оқып жүргенімде жекпе-жек түрлеріне деген қызығушылығым арта түсті. Таэквондодан бапкер атандым. 3-курс­та оқып жүргенімізде елге келген Мұстафа Өзтүріктің таэквондоны үйрететіні туралы естіп, бір топ азамат алдына бардық. Асыл ағамыздан сабақ ала жүріп, Түркия­ға алғаш барған Қазақстан құра­ма­сының сапында өнер көрсеттім. Мұс­тафаның алғашқы шәкірттерінің бірі екен­дігімді мақтанышпен айта аламын. Ол бізге таэквондоның спорт қана емес, философия екенді­гін үйретті. Жекпе-жек өнері ұғымы, шығыс жекпе-жегінің басты ма­ғынасы – адамгершілікке баулу дегенді санамызға сіңірді. Кейін мен корейдің таэквондосынан жапонның каратэсіне ауысып кеттім. Уақыт өте берді. 2000 жылдардан бастап өзіміздің ата-баба үлгісіндегі қоян-қолтық ұрысты дамытып, қазақтың жекпе-жек өнерін жеке мектеп ретінде ашу туралы ой санамды жау­лап алды. Шығыс Азия елдерінің жекпе-жегі секілді, қазақтың қоян-қолтық ұрысын дамытуды өзіме мақсат еттім. Тіпті, жобасын кесіп-пішіп, бағдарламасын дайындап қойдым. 2001 жылы Алматыдағы оқушылар сарайында жұмыс істеп жүрген кезімде Әли есімді үйірме жетекшісімен аралас-құралас болдық. Ол бағдарламамды көріп, атауын «Ойдене» деп атауды ұсынды. Таза ой мен епті дененің белгісі ретінде. Со­сын каратэ үйірмесіндегі 60 шақты шәкір­тімді «Ойдене» секциясына ертіп әкеліп, жаттықтырдым. Бәрі осылай басталды. – Нұсқаулық әдістемені кім дайындады? Федерация ретінде тіркелдіңіздер ме? – Жоқ, әлі тіркеле қоймадық. Әрине, бірақ қай дүниенің де асығыс, шала-пұла дайындалмағаны жақсы. Өйткені, «Ойдененің» ережелерін 2000 жылдан бастап жасақтап келемін. Жаңашылдықты құптаймын. Өсу бар жерде даму, ізденіс бар. Киім үлгісін, спорттық белгісін жаса­дық. «Ойдененің» әлеуеті үлкен еке­­­ні­не сенімім мол. Егер Спорт және денешынықтыру агенттігінен аккре­дитация­дан өтіп жатсақ, спорт­тық мектептерде «Ой­дене» сек­­­­циясы тегін ашылатын бо­­лады. Өйт­кені, қазірдің өзінде «Ой­де­­немен» айна­­лысқысы келе­тін бала­лар өте көп. Бірақ көбінің қал­тасы «тесік». Әрине, тегін қабыл­дай­тын кезіміз де бо­лады. Себебі, «Ойденеге» жастарды неғұр­лым көбірек тартсақ, жастар арасында отансүйгіштік, адамгершілік беки түседі. «Ойдененің» түпкі мақсат-мұраты ой мен бойды таза ұстап, дененің мығым болуы. Ұлы Абай Құнанбаев айтпақшы, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» әр жасөспірімнің бойынан табылса, ертеңгі күнге алаңдау азаяды деп ойлаймын. «Жаның сау болса, сорлымын деме, тәнің сау болса, жар­лымын деме» деген қазақ. Жарлы­мын демейтін жастарды көбейтуді мақсат тұтып жүрмін. Уақыты келгенде федерация атанармыз деген үмітім басым. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».