Қазақстан • 31 Тамыз, 2022

Өткен жылғы Жолдаудың іске асырылу қорытындылары айтылды

3843 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президенттің Жолдауында таяу кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары белгіленетінін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылғы Жолдаудың іске асырылу қорытындылары айтылды

«Ертең Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайды, онда елдің таяу кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары белгіленеді», деп жазды Ерлан Қарин өзінің телеграм арнасында.

Оның айтуынша, сарапшылар 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асырудың аралық қорытындыларын шығарды.

Сарапшылардың қорытындысына қарағанда, барлық практикалық жұмыстар арнайы Жалпыұлттық жоспар шеңберінде жүргізілді. Ол 103 тармақтан тұратын жоспардың басым бөлігі іске асырылды, ал қалғандарының орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында.

«Маңызды әлеуметтік бастамалар арасында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен ұлғайтуды атап өту қажет. Сондай-ақ заңнамаға ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін арттыру және оны салық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде алып тастау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу бойынша Жол картасы бекітілген. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Отбасы банкі» арқылы жалпы сомасы 230 миллиард теңгеге жуық 20 мыңнан астам жеңілдікті қарыз берілді.

«Ұлт денсаулығын нығайту үшін нақты қадамдар жасалды. Мәселен, елімізде «биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң қолданыла бастады, халықтың ДДҰ-да тіркелген коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналарға қол жетімділігі қамтамасыз етілді», делінген хабарламада.

Ерлан Қариннің айтуынша, саяси жаңғыру мен адам құқықтарын қорғау блогы толықтай дерлік іске асырылды.

«Адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту және заңдылықты қамтамасыз ету үшін аса ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша айыптау актілерін дайындау бөлігінде прокурорлардың құзыреті кеңейтілді. Уәкілетті органдар 2022 жылға арналған алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар кешенін іске асырып келеді. Заң шығару жұмысы шеңберінде білім беру саласында, стресті активтер нарығын дамыту туралы және басқа да заңдар қабылданды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді», деп атап өтті ол.

Ерлан Қарин жоғарыда аталған барлық жұмыстар әрі қарай жалғасатынын жеткізді.

«Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастамалар дәйекті түрде практикада іске асырылып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің орнықты дамуына тікелей әсер ететінін атап өткен жөн. Осылайша, іске асырылған бастамалар жаңа реформалар үшін негіз қалыптастырады», деп қорытындылады ол.