Аталған клубтың спортшылары алғашқы жарты жылдықтың өзінде толайым табыстарға қол жеткізді. Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиадалық ойындарда сайыпқырандарымыз 6 спорт түрінен бақ сынап, 3 күміс және 8 қола жүлдемен оралды.
2013 жылы Болгария астанасы София қаласында өткен аламанда еркін күрестен ел тарихында алғаш рет алтын жүлде алған Ғабит Есжанов Бразилия төрінде төселген бозкілемде 57 килограмм салмақта бақ сынап, күміс жүлдеге қол жеткізсе, 74 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Ғасыр Тұрғынбай әріптесінің нәтижесін қайталады. Дзюдошылар арасындағы додада да жамбылдықтар жүлдеден құралақан қалмай, ұлттық құраманың қоржынын толтырды. Атап айтар болсақ, 78 килограмм салмақтағы Анна Крамарова жекелей сында күміс жүлдегер атанса, командалық жарыста үздік үштіктен көрінді. Фериде Караоғлы арулар арасындағы командалық додада және жекелей сында қола медальға ие болса, Эвелина Егембердиева әйелдер арасындағы сында, Айдос Түгелбаев ерлер арасындағы аламанда үздік үштікті қорытындылады.
Өзге спорт түрлері бойынша топқа түскен саңлақтар да сенімнің үдесінен шыққан болатын. Мәселен, 77 килограмм салмақта бақ сынаған Нұржан Асан үшінші орын иеленсе, таэквондо шебері Олжас Рысжанов пумсе бағдарламасы бойынша жекелей және жұптық жарыста қола жүлдегер атанды.
Пара жүзуден Португалияның Мадейра қаласында өткен әлем чемпионатында Нұрдәулет Жұмағали брасс әдісімен 100 метр қашықтықта күміс жүлде алса, Сиязбек Далиев баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтықта қола медальды мойнына тақты. Брасс әдісі бойынша 100 метр қашықтықта бақ сынаған Андрей Афанасьев те үздік үштікті түйіндеді.
Аталған клубтың спортшылары өзге де халықаралық жарыстар мен Әлем кубогы секілді дуы басым додада толайым табыстарға қол жеткізіп жүр.
Жамбыл облысы