13 Мамыр, 2014

Әлеуметтік сақтандыру – әлеуметтік қорғаудың негізі

2187 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Президент АО ГФСС Курманов А МАлмас Құрманов, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті. Экономикасы дамыған мемлекеттердегі әлеуметтік қорғау – ұлттық экономиканың маңызды бөлігі және барлық азаматтарды қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесі олардың әл-ауқатын жақсартып, еңбек ресурстарын кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге экономикалық өсім мен әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына алып келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау әлеуметтік келісім мен оның мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, қоғамға жағымды әсер етеді. Мемлекеттік социализмнен аралас, көпсалалы экономикаға өту Қазақстанда тек экономикада ғана емес, әлеуметтік саясат саласында да реформалар жүргізуді талап етті. Еліміздің Ата Заңында Қазақстан демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып табылады деп атап көрсетілген. Бұл – мемлекет азаматтардың әлеуметтік құқықтарын аса жоғары бағалайды және осы құқықтарды қорғауға міндетті деген сөз. Адамның әлеуметтік құқықтарының ең маңыздысы – оның өмір сүруге, әлеуметтік қамсыздандырылуға, жұмыссыздықтан қорғалуға, медициналық және басқа да әлеуметтік көмектерге құқығы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында және стратегиялық құжаттарда көрініс табатын қоғамдық ынтымақтастық пен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары бойынша халықты әлеуметтік қорғаудың модельдері одан әрі жетілдірілуде. Қазіргі уақытта дамудың ұлттық ерекшеліктері ескерілетін және әлемдік ең үздік жетістіктерге негізделетін әлеуметтік қорғау бағдарламаларының жаңа экономикалық жағдайларына тез бейімделуге қабілетті, ыңғайлы шаралар қабылдануда. Егер 1994 жылы Қазақстанда халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 700 доллардан әрең асса, ал 2013 жылы ол 12,8 мың АҚШ долларына көбейді. 2013 жылы күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халық саны 1996 жылмен салыстырғанда 12 есеге азайды. 1-диаграмма. диаграмма Мемлекеттің әлеуметтік саясаты халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға, экономикалық үдерістерге қатысушылар арасындағы қайшылықтарды жеңілдетуге бағытталған. Соған қарамастан, әлемде де, Қазақстанда да болып жатқан өзгерістердің ауқымы мен жылдамдығы әлеуметтік жаңғыртуды қарқынды жүргізуді талап етеді. Оның салдарлары өңірлік және жаһандық деңгейдегі сауда мен шаруашылықтың қарқынды дамуына байланысты Қазақстанға да білінуде, және ел аумағынан тыс қалыптасқан тәуекелдер мен сын-қатерлерді де ескеру қажет. Осыған байланысты еліміздегі әлеуметтік саясат барлық қазақстандықтардың мүддесін тиімді қорғауға бағытталған. Әлеуметтік жаңғыртудың ішкі себептерінің арасында аса маңыздысы болып еңбекке деген ерекше қатынасты қалыптастыру, қандай да бір қиыншылықтар мен жағдайларға қарамастан өзінің тағдырын өзі жасау қабілеті, адамның істеп отырған жұмысына берілгендігі аса маңызды болып отыр. Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы еңбекке деген көзқарастың қоғамның жетілуінің маңызды индикаторы екендігін, оның дамуы мен прогреске деген қабілетіне қатынасын айқындап берді. Тек еңбек қана адами құндылықтардың, байлықтың өлшемі ретінде көрінеді. Мұнсыз даму экономикасы мен әлеуметтік қамсыздандыру міндеттерінің талаптарына сай келетін қызметкерді жасау мүмкін емес. Бұл құндылықтарды біз әлеуметтік қамсыздандыру міндеттерін шешуге жұмылдырудың және қазақстандықтардың негізгі дәлелді құралы болатын жаңарту идеологиясын құраушы ретінде қараймыз. Сондықтан мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті бөлу жолымен жұмыс істейтін адамды әлеуметтік қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету маңызды. Халықаралық тәжірибеде әлеуметтік сақтандыру шығынды қайтаруда ұжымдық ынтымақтастық негізінде экономикалық белсенді халықты жұмысынан, еңбек ету қабілетінен және табысынан айырылуы сияқты әртүрлі тәуекелдерден әлеуметтік қорғаудың түрі екендігі белгілі. Әлеуметтік сақтандырудың ерекшелігі мемлекеттің қолдауымен жұмыс берушілер мен қызметкерлердің мақсатты жарналарынан қалыптасатын, арнайы бюджеттен тыс қорлардан қаржыландырылатыны баршаға аян. Сақтандыру төлемдері нақты еңбек үлесі мен сақтандыру өтілінің көлеміне байланыс­ты болады. Бірақ, жеке сақтандыруға қараған­да әлеуметтік сақтандырудағы эквивалент­тілік қағидаты тәуекелдер мен ұжымдық ынтымақтастықты біріктіру қағидаттарымен байланысты болады. Әлеуметтік сақтандыру қорларының қоғамдық маңызды сипатымен қызметкерлер мен жұмыс берушілердің ынтымақты қатысу қағидаты оларды басқарудың ерекшелігін айқындайды. Бұл қорлар өзін-өзі басқару және коммерциялық емес шаруашылық жүргізуші қағидаттарымен қызмет жасайды. Еңбек ету қабілетін және табысын жоғалтуға әкеліп соқтыратын әлеуметтік тәуекелдердің маңызды түрлеріне: ауыру, өндірістік жарақат, кәсіби аурулар, жазатайым оқиға, аналық және балалық, жұмыссыздық, кәрілік, асыраушысынан айырылу жатады. Бұл көрсетіліп отырған тәуекелдерге әлеуметтік сақтандырудың нақты түрлері сәйкес келеді. Қазіргі уақытта дамыған елдерде зейнеттік және әлеуметтік сақтандырудың басқа да түрлері мемлекеттің экономикасымен, еңбек нарығымен және демографиялық саясатымен үйлесімді байланысқан әлеуметтік, ұйым­­­дастырушылық, қаржылық және медициналық-оңалту жүйелерін білдіретінін атап өткен жөн. Негізінен олар мынадай үш мақсатқа қызмет етеді: – барлық азаматтарға кедейліктен қорғау­дың ең төменгі деңгейін ұсыну; – тәуекелдер туындаған жағдайда (кәрілік, мүгедектік, асыраушысынан айырылу және т.б.) жоғалтқан табыстың орнын толтыру; – ұзақ ауырған жағдайда қолайлы күтімге қол жеткізу және сапалы медициналық көмек, лайықты зейнетақы беру. Әлеуметтік сақтандырудың әрбір түрінің шеңберінде жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қаржылық жүктемені бөлу, олардың сақтандыру жарналарын төлеуге дәлелдеме қалыптастыруда негізгі кезең болып табылады. Мұндай бөлуде: сақтандыру жарналарының 2/3 бөлігі жұмыс берушілерге және 1/3 қызметкерлерге бөлінуі тиімді қатынастар деп есептеледі, кейбір елдерде мемлекет әлеуметтік сақтандырудың кейбір түрлерін дотациялайды. Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша әлемнің кейбір елдерінде сақтандыру жарналарының жалпы сомасы еңбекақы сомасының 50%-ын құрайды. Халықаралық тәжірибе әлеуметтік сақтан­дырудағы сақтандыру тетіктерінің жұмысының мынадай базалық алғышарттарының болуын көрсетті: - жалдамалы еңбектің жаппай түрі (эко­номикалық белсенді халықтың жалпы санының 80%-дан астамы жалдамалы қызметкерлер); - тұрақты жалдамалы (қызметкер еңбекке қабілетті жасында барлығы екі-үш рет жұмысын ауыстырған); - тұрақты еңбекақы; - жәрдемақы мен зейнетақыны қаржылық қамтамасыз етуді жұмыс беруші мен қызметкер жүзеге асыратын сақтандыру негізінде беріледі. Бұл ретте, сақтандыру жарналарын төлеу кезеңдерінің ұзақтығы (30-40 жыл) сақтандыру қаражатының сақталу кезіндегі тұрақтылығына мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша шеткі децилиялар арасындағы еңбекақы дифференциясы 1:6 артық болмаған жағдайда, әлеуметтік сақтандырудың қаржылық тетіктері тиімді жұмыс жасайды. Егер бұл көрсеткіш 1:10 құраса, ол жаңылыса бастайды, ал жоғарылаған кезде әлеуметтік сақтандырудың тиімділігі төмендейді, бұл құбылыс қазірде Ресейде байқалуда. Джини коэффициенті – халықтың табысына қатысты қоғамның бөліну дәрежесін сипаттайтын көрсеткіш. Оның көмегімен азаматтардың ақшалай табысының дифференциациясының бағасы жүргізіледі. Бұл коэффициент 0- ден (абсолютті теңдік) 1-ге дейін (табыстың теңсіздігі) табыс шегіндегі елдегі тұрғындардың арасындағы теңдей бөлуден табыстарды нақты бөлудің ауытқуын бағалайды. Сәйкесінше бұл көрсеткіш төмен болған сайын, қоғамдағы табыстар теңдей бөлінеді. Қазақстанда 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек ету қабілетінен айырылуына, асыраушысынан айырылуына, жұмысынан айырылуына, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен жүз пайыз мемлекеттің қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде 2004 жылы құрылған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) 10 жыл ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын және жұмыс істейтін халықтың қанағаттандырылуын қамтамасыз ету бойынша қызметті жүзеге асыруда. МӘСҚ маңызды міндеттерінің бірі – жұмыс берушілер мен халықтың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге негізделген. Бүгінде әрбір адам жұмысқа тұрғанда ең алдымен бірінші кезекте оның құқықтары мен міндеттері, ерекше және зиянды еңбек жағдайлары мен еңбекақысының мөлшері көрсетілетін еңбекшартына отыру қажеттігін түсінуі қажет. Сонымен қатар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңы аясында еңбек шартын жасағанда жұмыс беруші автоматты түрде жалдамалы қызметкері үшін МӘСҚ ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды төлеуге міндетті. Әлеуметтік аударымдар біздің еңбекақымыздан ұсталмайды, ол жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленеді және жұмыс берушінің жауапкершілігіне жатады. Қызметкер жұмыс берушінің МӘСҚ ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды уақытында және толық аударуын қадағалап отыруы қажет, өйткені, әлеуметтік қатер туындаған жағдайда МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдердің мөл­шеріне жұмыс өтілі мен әлеуметтік аударымдар төленген табыс мөлшері тікелей әсер етеді. Ынтымақты жауапкершілік қағидаты әрбір тарап – мемлекет, жұмыс берушілер және азамат өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік экономикалық мүмкіндіктердің барлық көлемін қамтамасыз етуге қол жеткізу үшін нақты міндеттер мен жауапкершілік алуда әлеуметтік серіктестікті көздейді. Қорыта келе, бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру әлеуметтік қатер туындағанда жұмыспен қамтылған халықты қосымша қорғауды қамтамасыз ететін, қазіргі заманғы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың маңызды және қажетті элементі болып отырғанын атап өткен жөн. Міне, осыған орай ынтымақты және әділеттілік қағидаттарына негізделген еліміздің әлеуметтік сақтандыру жүйесі оның қатысушыларына олардың денсаулық жағдайына, жасына, жынысына, тұрғылықты жеріне байланыссыз бірдей мүмкіндіктер мен құқықтарды қамтамасыз етуге бағытталған. Адамның лайықты өмір сүру деңгейіне жетуі – мемлекеттің, жұмыс берушінің және адамның өзінің белсенді өміріндегі біріккен жұмысының нәтижесі. 1-кесте

Әлемнің кейбір елдерінің әлеуметтік сақтандыру жүйелеріндегі

сақтандыру жүктемесін бөлу көлемі және пропорциясы

Ел Сақтандыру жарналары, еңбекақыдан, пайызбен Еңбекақының жоғарғы шегі, одан жоғары сақтандыру жарналары ұсталмайды
Жұмыс берушілер жұмыс-керлер барлығы
Австрия 25,1 17,2 42,3 айына 3,0 мың еуро
Германия 21,2 19,8 41,0 жылына 51,0 мың еуро
Грекия 28,2 15,4 43,6 жоқ
Италия 35,1 9,5 44,6 медициналық сақтандыру үшін жылына 20,5 мың еуро
Нидерланды 29,4 25,6 55,0 мүгедектерді сақтандыру үшін жылына 37,7 мың еуро
Франция 38,9 12,5 51,4 жылына 25,6 мың еуро
Ресей 30,0 - 30,0 регрестік шкала
Қазақстан 11,0* 10,0 21,0 айына: әлеуметтік сақтандыру үшін – 10 ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ), жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін – 75 ЕТЖ
* Қазақстанда жұмыс берушілер Мемле­кет­тік әлеуметтік сақтандыру қорына төле­не­тін 5% әлеуметтік аударымдарды шегере оты­рып, бюджетке 11% әлеуметтік салық төлейді 2-кесте

Халық табысының дифференциациясының динамикасы

2005 2006 2007 2008 2009 2010 2011 2012 2013
Халықтың ең аз қамтылған10%-ын және ең көп қамтылған 10%-ының арақатынасы (қорлар коэффициенті), рет
Ресей 15,2 15,9 16,7 16,6 16,6 16,6 16,2 16,4 16,2
Қазақстан 6,8 7,4 7,2 6,2 5,3 5,7 6,1 5,9 5,6
Табыстың шоғырлану коэффициенті (Джини индексі)
Ресей 0,409 0,415 0,422 0,421 0,421 0,421 0,417 0,42 0,418
Қазақстан 0,304 0,312 0,309 0,288 0,267 0,278 0,290 0,284 0,276
Дерек көзі: www.gks.ru; www.stat.gov.kz