Президент • 01 Қыркүйек, 2022

Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет - Президент

9198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет - Президент

«Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін баса айтты.

«Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады», деді Мемлекет басшысы

Президент сондықтан балабақшаны емес тәрбиешіні аттестациялау қажет екенін ескертті.

«Орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып жан жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.