Тарих • 02 Қыркүйек, 2022

Қайыр ханға ескерткіш қою керек!

619 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тарлан тарих сыр қып, жыр қып шертеді: Шыңғыс ханның аяуды білмес, қатыгез, қайсар ұлы Шағатай екі жүз әскерімен кіп-кішкентай Отырарды алты ай бойы ала алмады.

Қайыр ханға ескерткіш қою керек!

Ала алмаған себебі Отырар халқының бірлігі бекем, рухы асқақ, ел басқарған көсемі – Қайыр хан дара туған дана еді, қайсарлығымен де, ерлігімен де дара еді.

Алты айдан кейін де ала алмайтын еді, егер бір сатқын Шағатайға Отырардың қақпасын ашып бермесе. Қаһарлы Шыңғыс ханның алдында тұтқын болып отырып та тізе бүкпей асқақтап тұрды. Өр рухты Қайыр хан дара туған батырдың ерлігі ақиқатпен астасқан аңыз болып жетті бүгінге. Отырардың өр рухты ер перзенті Қайыр ханның есімі мен ерлігі халықпен бірге жасасып келеді.

Өкініштісі сол, елін сүйген, есімі ерліктің символына айналған рухты ерді құрметтеуіміз кемшін соғып тұр.

Өлген соң да ораламыз рух боп,

Шыға келіп айқасамыз көрден біз, –

деп Шандор Петефи жырлағандай, өлген соң да аңызға айналған ерлігімен ел мен ердің рухын асқақтатып тұрған Қайыр ханға Отырарда, Алматы мен Нұр-Сұлтанда еңселі ескерткіш қоятын кез келді.

Қайыр хан ескерткіші жастың да, жасамыстың да патриоттық сезімін оятып, халықтың рухын асқақтатуға қызмет етер еді.

 

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

АЛМАТЫ