Алматыдан келген ерікті Жандос Тәліповтің айтуынша, мұндай жағдайда шетте қалуға болмайды. «Зардап шеккендерге жай сөзбен ғана емес, іспен де көмектескім келеді. Мен барша қазақстандықтарды зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырамын, Қостанай, біз біргеміз!», деді ол.
«Дәл осындай уақытта біз елдігімізді, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз керек. Себебі өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарап, қол қусырып отыруға болмайды. Біз зардап шеккендерге мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуға жағдай жасап, көмектесуіміз керек», деді өскемендік ерікті Марлен Әбубәкір.
Айта кетейік, қазірдің өзінде қазақстандықтар жолдаған алғашқы көмек жиын пунктеріне келіп түсуде.
Ал партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін волонтерлер топтарын жасақтады. Түркістан облысынан келген волонтерлер алғашқылардың бірі болып қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға дайын екендерін білдірді.
Белсенді Олжас Мамырдың айтуынша, Түркістан облысының жастары мұндай қиын жағдайдың халыққа қаншалықты ауыр екенін жақсы біледі.
«Біз Арыс пен Мақтааралдағы оқиғалардан кейін тұрғындарға көмектестік. Ол кезде еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер облысымызға келіп, қалпына келтіру жұмыстарына тікелей қатысты, қажетті өнімдерді жіберді. Түнде «Жастар Рухымен» хабарласып, бірге екенімді жеткіздім және мені еріктілер қатарына қосуды сұрадым. Міне, таң ата салысымен еріктілермен алғашқы гуманитарлық көмекті жинауға кірістік. Алдағы уақытта Қостанай облысындағы өрт шалған орынға Оңтүстіктің аманатын жеткіземіз. Біз ел азаматтарымен біргеміз және ойланбастан Қостанай облысына жол тартамыз», деп атап өтті Олжас Мамыр.
Қазіргі уақытта волонтерлер партия филиалдары жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау пунктерінде жұмысын жалғастыруда.