Қоғам • 05 Қыркүйек, 2022

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өседі

1618 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 000-нан 70 000 теңгеге дейін өсетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өседі

«ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ведомство ақпаратына сәйкес, бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Айта кетсек, Президент Үкіметке ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырған еді. Бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.

Жүктелген тапсырманы орындау мақсатында министрлік мамандары динамикалық тәсілдемеге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындау әдістемесін әзірлеуге кірісті.