Өнер • 05 Қыркүйек, 2022

«Япурай» әні

1096 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Естігенде еміне еліктіріп, буы тұла бойды ерітетін әсерлі, өрнекті әндер болады. Сол әннің бірі һәм бірегейі – «Япурай». Әннің шығу тарихы жөнінде пікірлер сан-саққа таралып, әртүрлі жорамалдар айтылып жүр. Белгілі музыка зерттеушілері мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар десе, кейінгі кезде әнді Мағжан Жұмабаевқа телушілер басым.

«Япурай» әні

Мағжан ақынды көзі көргендердің жазуынша, ақын домбыра шертіп, ән шырқамаған екен. Дарабоз ком­позитор Илья Жақанов: «Аса бай ән мұрадан бізге Мұхит әндері ғана біршама белгілі. Алайда бұл дар­хан дарынның өзінің бірталай әндерінің хикая­сы, шығу тарихы және өмірінің елеулі кезеңдері тия­нақ­ты зерттелмеген. Осы жайт мені ұдайы ойлан­дыра­тын. Ақыры 2000 жылдан бастап нақты іске кірісуге бел будым», – дейді әндер тарихын зерттеп, зер­делеп жазған «Зәуреш» жинағында. Сонымен бірге «Япурай» әнінің тарихына тоқталып, құныға тінтіп, таразылай өтеді. Композитор тарихи тұрғыда Затаевичке жүгінеді. Әрине, Александр Затаевич қазақ әнін жинап, тарих бетінде қалдыруға жоғарғы еңбек сіңірген тұлға. Дегдар ғалым Орал өңірінен бұл әннің екі нұсқасын нотаға түсірген. Екеуінде де ән «Я, пірім» деп аталған. Біріншісін Құл­сүйіндік деген ауылда Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екінші ән нұсқасын – Ғалым­жан Шынғалиевтен жазып алған. Үшінші әнші жайлы Затаевич: «Песню эту, по словам сообщившего ее Г.Шынгалиева, пели в конном строю казахи, высту­пав­шие в 1920-21 годах против бандитских шаек в Уральской губернии», – деп қызықты дерек қал­ды­рады. Әннің «Я, пірім» деген атаумен жазылуы ойла­нар­лық. Халық арасында көптеген тіркес діни ұғым­дардан туғаны белгілі. «Япырмай» (Я, пірім-ай), алақай (Алла хай), яғни «Құдай тірі» деген сөздер пікірімізге дәлел. Бәлкім, әнді шығарушы автор дүниенің қызылды-жасылды мұнарасынан бір сәт қажып, бой тартқан болар. Томағасын шешкен қыра­нша сілкініп, қанатын кеңге жайып, кеудесі сиқырлы сазға толғанда піріне, яғни ұстазына қарап мұң шаққаны болар.

Жаз болса жарқыраған көлдің беті,

Көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір суы,

Шайқайды жас баладай, япур-ай, желдің лебі.

Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар,

Судан бу көкке төніп, япур-ай, маржан тағар.

Есіме ақ еркемді алған кезде,

Ақ маржан жылт-жылт етіп, япур-ай,

жерге тамар.

Әннің құр өлеңін оқып отырсаңыз да бой шымырлап, жанды елітерлік қуатқа ие. Көз алдыңызға тұтас бейне, сурет елестейді. Сана зиратына жерленген сан мыңдаған көріністер тіріліп жүрек ұшына құйылғандай қалтаң қағасыз. Маралдың жанарындай қалтарысы мен бұлтарысы қалың дүние тіршілігінен алысқа ұзап, мәңгілік жайлы аласапыран ойларға шомасыз. Бойдағы Құдайлық сипаттар оянып, арлылық, әділеттік, махаббат хақында үзік-үзік сырға қаныққандай белгісіз әлемге саяхатқа шығасыз. Міне, бұл ән сиқыры, өнер құдіреті.