Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2022

Әйгілі ақынды әспеттеді

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз төрінде Қазақ­стан­­ның Еңбек Ері, Ха­лық жазушысы Мұх­тар Шахановтың 80 жыл­ды­ғына арналған «Ғұмыр-дария» атты әде­би кеш ұй­ымдас­ты­рылды. Іс-ша­раға әйгілі ақын арнайы келіп қатысты. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов облыс тұрғындары атынан алдаспан ақынға құрмет көрсетті.

Әйгілі ақынды әспеттеді

Кеш басталмас бұрын фойе­де келушілерге арналып «Алатау» фольклорлық ан­самблінің орын­дауында Мұх­­тар Шаханов әндерінен радио-фон концерті ұсы­ныл­ды. «Ба­ласағұн» ор­та­лық концерт за­­лына жи­налған жұртшылық ақын шығармашылығына ар­нал­ған Ш.Уәлиханов атындағы об­­лыс­­тық әмбебап ғылыми кі­тап­ханасының көрмесін тамашалады.

Іс-шара барысында лэд экран арқылы Мұхтар Шаханов туралы замандастарының пі­кір­лері беріліп, қаламгердің «Та­накөз» поэмасы желісімен сахналанған композиция көп­шілік назарына ұсынылды. Мерейтой иесі оқырман қауым­мен сұхбаттасып, көкейкесті ойларын ортаға салды. Сондай-ақ ұлттық рухқа, сезім, көңіл күй лирикаларына не­гіз­делген жыр­ларын шабыттана оқып, жырсүйер қауымның қо­ше­метіне бөленді. Бұл күні жер­­гілікті әншілердің орындауын­да ав­­тордың тыңдармандарға кеңі­нен танымал әндері де шыр­қал­ды.

Кеш соңында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жуырда ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанған қайраткер ақынның шығармашылығын, ел дамуына, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі мен еңбегін айрықша атап өтті.

«Өзіңіздің ерекше талан­тыңыз арқылы халық мақ­танышына айналып, ұлттық ру­хымызға негізделген қазақ поэзиясының асқақтауына ай­рықша үлес қосқан азаматсыз. Өлеңсүйер қауым сіздің шығармаларыңызды оқи оты­рып, бірде патриоттық рух­қа, ұлтжандылық сезімге бө­ленсе, енді бірде махаббат жырын жырлайды», деді облыс әкі­мі.

Өз кезегінде ақын да қо­шеметке бөлеген жамбыл­дық­тарға ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын берді.

 

Жамбыл облысы