Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2022

Мәңгілікке айналған қас қағым сәт

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордадағы «Арай Сити Молл» сауда орталығында белгілі фотосуретші, Қазақстанның құрметті журналисі Болат Омарәлиевтің әр жылдардағы туындыларынан жасақталған көрме ашылды. «Қас қағым сәт, бір өмір» деп аталатын көрмені қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырып отыр.

Мәңгілікке айналған қас қағым сәт

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

Көрмені қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова ашып, көп алдында фотосуретшіге шапан жауып, құрмет көрсетті. Өңірдің жартығасырлық тарихын фотоға айналдырған кеш иесін құттықтаған «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев фотосуретші еңбек­терінен көлемді альбом әзір­­ле­ніп жатқанын жеткізді.

Еңбек жолын аудандық басылымнан бастаған Болат Шамаұлы 45 жыл облыстық «Сыр бойы» газетінде ең­бек етті. Әр жылдары респуб­лика­лық басылымдар жариялаған фо­то­конкурстар бәйгесін ие­ле­ніп, Алматы мен Мәскеу қа­ла­ларында, Польша, Украи­на мем­лекеттерінде көрмесі ұйым­­дастырылған. Өткен ға­сыр­­дың сексенінші жылдары сырбойлық фотосуретші туын­­дылары «Со­вет­ское фото» жур­налы мен «Из­вестия» га­зеттерінде жарық көрді. Қазақстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» меда­лімен марапатталып, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі аясында елордадағы Ұлт­тық музейде суреттері қойылды.

Көрмедегі көп еңбектің арасынан ел тарихына жазылған айтулы оқиғалар мен танымал тұлғалардың өмірінің бір сәтін ғана бейнелеген фотолар көзге шалынады. Тағы бір қатарда ауыл өмірі, еңбек адамдарының тіршілігі таңбаланған туындылар тізіліпті. Фотообъективке ілінген табиғат құбылыстары да көрмеден орын алыпты.

Қалалық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмахановтың ай­­­туынша, көрме сауда орта­лы­­ғында аптаға жуық уақыт тұ­­рады, алдағы уақытта оны об­­лыс­тық көркемсурет галерея­сын­­да жал­ғастыру жоспарланып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА