Үкімет • 06 Қыркүйек, 2022

Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі жоспарды мақұлдады

1308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі жоспарды мақұлдады

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ЖҰЖ жобасы келесі бағыттар бойынша 109 іс-шараны орындауды қарастырады: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына стратегиялық инвестициялар,  мемлекеттік басқаруды қайта жүктеу, заң және тәртіп.

Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске қосу және жалпы медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсарту бойынша шаралар әзірлеу жоспарланып отыр. Жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады.

Бұдан басқа, әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін жоғарылатуға (61 жасты белгілей отырып) мораторий енгізу және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер беру ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту жөніндегі заңнамалық түзетулер қабылданады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Оның аясында балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражатты 18 жасқа толғанда тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалануға болады.

Сонымен қатар сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды жаңарту, «Самұрық-Қазына» қорының қызметін қайта форматтау, сондай-ақ АЭА, агроөнеркәсіп кешені мен су саласы қызметінің тиімділігін арттыру үшін шаралар қабылдау жоспарда бар.

Оған қоса, жаңа Салық, Бюджет және Қала құрылысы кодекстері әзірленеді.

Премьер-Министр Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің барлығы қамтылғанын атап өтті. Ол халық пен бизнестің өзекті проблемаларын шешуге бағытталған.

Жоспар бағаны реттеу, салықтық және кедендік әкімшілендіру, бюджет процестерін жеңілдету,  кәсіпкерлікті қолдау, автомобиль жолдарын салу, заң үстемдігі мен сот төрелігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту сияқты салаларды қозғайды.

«Жоспардың маңызды бөлігі әлеуметтік даму, денсаулық сақтау және білім беру бойынша кешенді әрі жүйелі шараларды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы оны іске асыру экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов. 

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет ұсынылған құжат жобасын мақұлдады.

Премьер-Министр барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Жалпыұлттық жоспарды орындауға шұғыл кірісуді тапсырды.