14 Мамыр, 2014

Сүгір сарыны

1027 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
сугирМен бұл лебізімде баспа бетін көрген Сүгір өмірінің шежіресін қайталамай-ақ қойғанды жөн көрдім (Күйші өмірі мен өнеріне қатысты ең көп мағлұмат ғалым А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» монографиясында жинақ­таулы екенін оқырманның есіне саламыз). Зерттеулерге кірмей қалған бір­ді-екілі сирек дерек пен күй өнері турасындағы өз пайымыма сүйендім. Сүгір, күй шежіресін білетін адамдардың айтысына қарағанда, жастық дәуренінің біраз бөлігін әйгілі қобызшы Ықыластың жанын­да өткізген сияқты. Балталы-Бағаналы мен Тама­ның арасында жылқы алысқан дау-шардың бірінде Ықылас жоғалған үйірдің ізін қуып Ерден бидің алдына барыпты. Осы сапарында оның жанында бозбала Сүгір болған екен. Жоқшылар найман ауылында үлкен қайғының үстінен шығады. Ерден бидің кәмелетке келіп қалған ұлы қайтыс болған екен. Жас басына қармай күй қаді­рін жете таныған Сүгір осы жер­де қазақ тұрмысында, қазақ тарихында ілуде бір рет қана кез­де­сетін жосыққа куә болады. Баласы өлген әміршіні күйшінің қалай жұбатқанын көреді. Бұл салт Сыр бойының жыршылық өнерінде көрініс тапқан. Сыр сүлейлерінде қаралы адамды жырмен жұбату дәстүрі бар. Бұл арнайы жанр «Көңіл хош» деп аталады. Ал Арқа, Сарысу, Шу бойында күймен естірту, күймен жұбату сол қалпында қалған екен. Әрине, Ерден – Шыңғыс хан емес, Ықылас – Кет Бұға емес. Алайда, қайғы мен қасіреттің үлкен-кішісі болмайды. Ерден ауылының қазасы Жошының өлімінен кем емес еді. Қобызбен тартылатын ұлы күй «Ерден» дүниеге осылай келген екен. Көзкөргендердің айтысы бойынша ел ішіндегі барымта осыдан кейін сап тыйылыпты. Құрығын сүйреткен ұрының өзі сөзге тоқтаған, күйге тоқтаған не деген заман еді, депті кейін Сүгір бір дастарқан басында. Ықылас пен бозбала Сүгірдің осы сапарынан енді бірнеше тармақ жаңа хикаят өрістейді. Бір әңгіме, Сүгір осы барғанында әйгілі домбырашы қыз Мәпрузамен (бір нұсқада Мақпуза) танысып еді деп баян етеді. Енді бір әңгіме Сүгір жанына сал-серілерді ертіп Мәпрузамен арнайы танысуға барған еді деп куәландырады. Соңғысы бозбалалар абысын­дар­дың (аналық ауыл, әулет) еліне барып, түрлі сайыс пен сыннан өтіп өзіне әйел алып қайтатынын баян ететін Ұмай Ана заманынан келе жатқан салт-саналық әңгіме. Алғашқысы өлім мен өмір, қаза­ның үстіндегі махаббат жайын­дағы, «Өлген – өлді, тірі кісі тіршілігін істейді» деген ұлы қағиданы әйгілейтін көне әңгіме. Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» монографиясының Сүгірге қатысты тарауында оның Баубекпен кездескенін айтады. Бұл өте үлкен дерек. Тәттімбеттің екі-ақ шәкірті болған. Бірі – өзінің туған інісі Жақсымбет, екіншісі – Баубек. Тәттімбеттің төл шәкіртімен кездесуі Сүгірдің өнернамасындағы бірқатар жұмбақ жәйттерді түсіндіреді. Соның бірі – Сүгірдің Тәттімбет күйлерін өте жақсы білгендігі. Мұхтар Әуезов заманында Сүгір­дің үйінде қонақ болып, қолынан дәм татқан екен. Алматыға қайтып келгеннен кейін айтқан екен, «мен тірі Тәттімбетті көрдім» деп. Себебі, Сүгір екі-үш күн бойы Мұқаңа тек қана Тәттімбеттің күйін тартып беріп отырыпты. Мырзатай аға (Жолдасбеков) бала кезінде Сүгірді өз көзімен кө­ріп, өнерін қалай тамашалағанын төмендегідей баян етеді. «Сүгір ауылымызға үш рет келді. Жазда, жайлауға келетін. Шағын денелі, қағылез адам. Үстіне шибарқыттан китель, басына қырғыз қалпақ киіп жүретін. Бір жылы ауылымызға кілең дәулескер күйшілер жина­лып қалды. Мәді Шәутиев, Әйтпем­бет, Шәмшілда деген болды, Боран­құлдың ұстазы, Қалыбектің Зиябегі деген болды, Сүгір болды. Осы кештегі тамашалаған өнерім бүкіл өміріме ұмытылмас естелік болды. Біріне-бірі жол беріп, кезектесіп шапқан жүйріктер. Ойпырмай, Сүгір сонда тапжылмай, шаршамай тартады. Он екі мүшеңді талдырады. Солардың бәрі де кетті ғой. Қазір ойласам, көрген түстей. Кейде, сол, болды ма, болмады ма деп те ойлаймын. Әрине, болды ғой. Кейінгі заманда қалғанның соңғы әсері ғой. Осыны көрген адамның жүрегінде, «бүгінгі ұрпақ, келер ұрпақ сондай бола ала ма, әлде біздің көргеніміз сағым құсап бақиға кете ме» деген қайғы ұялап, жегідей жейді екен». Мен Төлеген Тоқбергеновтің баласы Рамазанмен КазПИ-де бірге оқыдым. Бірінші жылы-ақ Төлеген ағаның шаңырағымен туыс адамдай араласып кеттік. Шешесі – Зейнеп әжемізді қолына алған. Терезесі Пастер көшесіне шығатын шағын бөлмеде, намазын оқып, шайын ішіп отыратын. Көп үндемейді. Күндердің күнінде ол кісі Сүгірдің өте жақын ағайыны екені аян болды. Асқар аға (Сүлейменов) ол адамды «Ханым ием» деп аса құрметтейтін. Бірде қоярда-қоймай Сүгір туралы әңгіме айтқызды. – Ағамыз керемет кірпияз, кіді адам еді, – деген сонда Зейнеп әжеміз, – Жасаған затыңның оған ұнауы өте қиын болатын. Әйелдер жарысып домбыраның ішегін иіреді. Иіргендерін ағамызға апарып береді. Бір құралы болды. Соған өлшеп көреді. Жақсысын, дұрысын алып қалатын. Дұрыс болмаса, қайтадан иіріп алып кел деп қайырып беретін. Басқа домбырашылар бір тағатын ішек іздеп жүргенде, ағамыздың үйінде ішек деген бумасымен жата­тын. Әйкен деген домбырашы бол­ды. Бірнеше рет келді. Екеуі апта­лап күй шертісетін. Ағамыз керемет еді ғой. Одан кейін, домбы­раны ондай шалған адам баласын көргеміз жоқ. Сүгір Мәпрузаға үйленеді. Алай­да көп ұзамай аяулы жар, әлде­біреудің көзінің сұғы тиіп қайтыс болады. Біз Сүгір мен Мәпруза екеуінің қалай бақұл­дас­қанын білмейміз. Енді ешқа­шан білмейміз. Алайда Сүгірдің осы дүниеде отырып-ақ махшар күй кешкенін оның бітімі бөлек екі күйінен танимыз. Ол – «Қаратау шертпесінің екінші тармағы» (Жанғали Жүзбаев күй­дің осы шұбатылған ұзын есімін пайдаланады. Мүмкін Сүгірдің табиғатына келетіндей етіп бұл күйге ықшамдап басқа ат ойлап шы­ғару керек шығар) және «Наз­қоңыр». Аталған екі күйді хроно­логиялық тұрғыдан пайымдау, яғни қайсысының бірінші, қайсысының екінші шығарылғанын ажырату мүмкін емес. Себебі, екеуі де бір қасіреттің төңірегінде шығарылған, екеуі де бір стихияда тұр. Тек, атал­­ған шығармалардың, қайғы тарқағаннан кейін, арада біраз уа­қыт өткенде барып дүниеге кел­генін шырамытуға болады. Бұл екі күй қазақтың махаббат ли­рика­сындағы ең айтулы шығар­малар. «Қаратау шертпесінің екінші тармағы» Мәпрузаның қазасына шығарылғанын айттық. Ұлудың бойындағы дерттің сыртқа гауһар болып шығатындығы сияқты, Сүгір­дің қасіреті сөздің жауын ала­тын асқақ күйге айналған. Күйді тың­дап отырғанда «А, дариға! Мәп­рузаға деген менің ғашықтығым осындай еді ғой. Не керек...» деген отты күрсініс аралас қамырықты сөзді анық естисіз. «Назқоңырда» «минор» менен «мажордың» біте қайнасып астасатынын айттық. Алғашында төменгі буында, басын тау мен тасқа соққан қайғы мен қасірет. Содан соң жоғарғы сағада таңғажайып құбылу. Арылмастай көрінген қайғы кенет... тыншып, ақырында салиқа мен сабырға айналады. «Бағым сен едің... Маң­дайыма сыймадың... Заман өтті... Арсыз көңілім бұл қайғыны да жең­ді... Кеш мені...» дейді Сүгір. Осы­лайша Мәпрузаның әруағынан күймен кешірім сұрайды. Осылайша «Назқоңыр» дұға дәрежесіне көтерілген. Енді «Сүгірдің «Телқоңыр» кү­йін әңгіме етейік. Сүгірден ке­йін бұл күйді жалғыз Төлеген ақ­сақал тартатын. Қазір оқу бағдар­ламаларына енген бұл күйді екінің бірі орындайды. «Телқоңыр» бағзы заманнан келе жатқан қазақтың қастерлі күйі. Нұсқалары көп. Әр өлкенің өз «Телқоңыры» бол­ған десек, артық айтқандық бол­мас. Күйдің аңызы, азын-аулақ ерек­ше­ліктеріне қарамастан, ортақ нұс­қа­дан өрбиді. Құлыны өлген биеге, енесі өліп жетім қалған құлын телі­неді. Домбырашы күй тартады. Бие күйге иіп, бөтен құлынды бауырына алады, ақыры өз төліндей көріп кетеді. Міне, қысқашалап айтқанда күйдің шертетін хикаяты осындай. Шынымды айтайын, есейіп ержеткеннен кейін мен бұл әңгімеге сенбейтін болдым. Бізге айып жоқ. Үйде домбырашы шалымыз отырды. Бірақ совет мектебі шалдың айтқанына кереғар тәрбие берді. «Телқоңырдың» аңызы маған өмірде болмаған ертегідей елестейтін. Кейіннен Асқар ағамен аралас­тық. Айтқанымыз бір жерден шыға бермейтін. Кейде дауласып қалатынбыз. Осы даулардың бірінің тақырыбы – аталмыш «Телқоңыр» болатын. Асқар аға Сүгірдің басында болған нақты оқиға дейді. Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» әңгімесі осы сюжетке құрылған дейді. Ал мен Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыры» әншейін тамаша аңыз, өзінің ұлы жерлесіне қойылған ескерткіш деймін. Түсінісе алмадық. Бұл оқиғаны өзіңіз көрдіңіз бе деймін. Жоқ, көргем жоқ дейді Асекең, бұл мен туғанға дейін болған жайт екен, көргендерден естідім дейді. Күндердің күнінде менің бүкіл дүниемді төңкерген оқиға болды. 90-шы жылдардың басында теледидардан бір ғылыми-көпшілік фильмді тамашаладым. Орыстың этнограф-фольклоршылары Моң­ғо­лия­да түсірген екен. Фильмнің басында бір орыс әйел, қазір сіздер моңғолдардың енесі өлген ботаны басқа түйеге қалай телитінін көре­сіздер деді. Жүгіріп барып теле­ди­дардың алдына отыра қалдым. Моң­ғолдар ботаны әуелі түйеге құр теліп көрді. Алайда түйе адыраңдап бөтен төлді маңайына да жолатпады. Содан соң, моңғолдың қобызға ұқ­сас хур деген аспабы алдырылды. Хуршы қобызын түйенің өркешіне іліп, шалғымен ішекті ақырын сүй­кеп, желдің ызыңдағанына ұқсас дыбыстар шығара бастады. Түйе аз тұрып, содан соң дыбысқа елеңдей бастады. Күйші өте шебер екен. Ызың ақырындап әдемі күйге ай­налды. Содан сой күйші хурды өр­кеш­тен алып, енді малдас құра отырып, күйді бұрынғыдан әрі егілт­ті. Міне, қызық! Бір кезде түйе­нің аузы дөңгеленіп, көзінен моншақ-моншақ жас төгілген. Осы кезде оператор камераны түйенің желініне тақау апарған. О, керемет! Желіннің үрпінен баданадай бір тамшы сүттің шыққаны анық көрінді. Содан соң тағы шықты. Жерге тамды. Тағы шықты. Осы кезде моңғолдардың біреуі ботаны әкеліп тели қойған. Ағыл-тегіл жылап тұрған түйе бөтен ботаны өркешінен аймалап, құйрығынан иіскеді. Мен сол күні әруақтардан кеші­рім сұрап, білгенімше дұға оқыдым. Ертеңіне Асекеңе болған жайды айттым. – Мен де көрдім, – деді Асекең. Шылымын сораптап аз отырды. – Мен саған айттым ғой, – деген содан соң жантайып жатып (бұл Асекеңнің дертке шалдыққан кезі болатын). – Бұдан кейін енді күмән келтір­меймін, – дедім мен. Асекең төбеге қарап аз ойланып жатып әңгімені әрі қарай жалғады. – Тәкен хикаяны көркемдеп жіберген. Әдебиеттің заңдылықтары деген бар ғой. Ал шындығында сәл басқашалау болған. Сүгірдің әкесі Әли бірде далада қасқыр тартып жайратып кеткен биенің өлексесіне тап болады. Сол маңайда, қасқыр қайтып келе ме деп жасырынып отырған аңшылар, жетім құлынды Әлиге жетектетіп жібереді. Арқадан ауып келген Жөргекбай деген сыншы болған екен. Сол адам, Әли, сиыр сүтін беріп асырап отырған құлынды көреді. Нәсілді жылқы екен, көрші ауылда бір кісінің құлыны өлген биесі бар. Иесі, бием жентек қымыз, тасемшек болып қала ма деп уайымдап отыр. Сойып тастауға обал деп айтты дейді. Мына құлынды сол биеге апарып телісек қайтеді дейді. Қалай телисің, теуіп өлтіріп тастаса қайтеміз дейді Әли. Сенің балаң күйші емес пе, сол күй тартсын. Күй тартып отырып телуге болады дейді Жөргекбай. Содан Әли, Арқаға қыдырып барып, қайтып келіп демалып жатқан Сүгірді оятып алып, жетім құлынды жетектеп көрші ауылға барады. Жөргекбай өлген құлынның терісіне шөп тығып тұлып жасайды. Содан соң биенің көзін таңып, құлағын ғана домбыраны еститіндей қылып шошайтып шығарып қояды. Сүгірге белгі береді. Сүкең күйді қозғайды ғой. Біраздан соң құлынының тұлыбын иіскеп, сай-сүйекті сырқыратқан күйді тыңдаған биенің көз жасы шылқылдап, көзін таңған шүберектің сыртына шығып кетіпті. Осы кезді аңдып тұрған Жөргекбай жетім құлынды тели қояды. Артынша құлынының тұлыбын алып тастап, көзіндегі шүберекті шешкеннен кейін де бие жылап тұра беріпті. Тас болып қалған емшегі жібіп, сүт бұлақ болып ағыпты. Кейіннен сол құлын аузымен құс тістейтін жүйрік болыпты, бәйгенің алдын бермепті. – Біз тыңдап жүрген «Телқоңыр» сол телу кезінде тартылған күй ғой? – дедім мен. – Жоқ, – деді Асекең. – Ол сұң­­қыл­даған сұмдық күй екен. Шама­мен жарты сағаттай уақыт тартылатын ұзақ, күрделі күй дейді білетіндер. Ешкім үйрене алмапты. Ол күй Сүкеңнің өзімен бірге о дүниеге кетті. Мына біз тыңдап жүр­ген «Телқоңыр» соның болмашы бір үзіндісі ғана екен. Жанында жүр­гендер әйтеуір шалып қалған ғой. Кешкі шайға отырдық. – Мен саған енді бір әңгіме ай­тайын, – деді Асекең күрең қою шайды әдетінше баптап ішіп отырып, – Ертеде жазушылар бір-біріне осындай қызғылықты сюжеттерді сыйға тартады екен. Мен де оған сыйға тартайын. Жазарсың – жазбассың. Арың мен ұятыңа сал. Мен енді мұны жазып үлгермеймін. Асекең қорқорын тұтатып аз отырып сөзін сабақтаған. – Тәкен классик еді ғой. Қанша­ма нәрсені жаза алмай кетті. «Телқоңырды» жариялағанда құттықтағаным есімде. Сонда, бұл романның жобасы еді деген. Былай, міне. Жылқының тағдыры жайында дилогия, я трилогия жазбақ болған. «Ақбоз ат» сол трилогияның екінші кітабы болса, «Телқоңыр» – бірінші кітабы болу керек екен. Шыдай алмай кетіп сауал таста­дым. – Ал үшінші кітабы не жайында? – Қазір айтамын, – деді Асекең сөніп қалған қорқорын тұтатып жатып, – Міне, қара. Әңгіменің бас-аяғын жинақтайық. Қоңыр құлын жетім қалды, бөтен биеге телінді. Телқоңыр атанды. Мұны бір роман деп ал. Содан соң Телқоңыр боз шықты. Ақбозатқа айналды. Бұл – жазылған роман. Оқыдың, оқиғасын білесің. Ақбозаттың өлімімен аяқталады ғой. Айта кетейін, Телқоңыр қазақта сирек, «пырақ» деп аталатын тұқым. Басқа жылқыға қарағанда төредей. Енді тұқымы үзілгендей еді. Тәкен жазып үлгермеген үшінші романының оқиғасын маған ауызша айтып берген. Бір текті қазақ Сібірде айдауда жүріп пырақтың біреуін сол жерден көреді. Өз көзіне сенбей ары-бері тектеп шығады. Анық өзі. Тек қара жұмысқа жегілген, күтім көрмей лақса болып кеткен. Ақырында Сталин өлгеннен кейінгі амнистия кезінде болса керек, жаңағы қазақ абақтыдан босап шығады. Қайтарында арбада жүрген атты сұрайды. Лагерьдің бастығы бұл кәрі тұғырды қайтейін деп едің деп күледі де бере салады. Міне, кейіпкер осы атты кей жерде жетелеп, кейде пойызға отырып, итшілеп әйтеуір елге жетеді. Пырақтың әлі бір рет болса да байталға шаба алатын қауқарын тексеріп білген. Елге келіп, бір текті байталға қосады. Осылайша, бие алғаш құлындағанда, әлгі адам Бетпаққа, елсізге шығып, айқайлап жылайды. Қуанғанынан. Өкінішке орай бұл трилогияның орны бос қалды. Бір роман, бір әңгіме. Бары осы. Тәкеннің бұл аяқталмай қалған шығармасы текті жылқы жайында болғанымен, негізгі объектісі – адам. Тәкен мал деп, адам деп бөлмей, жалпы тек туралы, тектілік туралы жазған. Текті елдің малы да текті болады. 32-ші жылы кәмпескені бірнеше ай бұрын сезіп, өсіп-өнген өлкесінен мәңгіге кететінін адамдардан бұрын болжаған қазақтың төрт түлік малы, жайылмай далада тербеліп жылап тұрғанын ауылдың қариялары айтатын... Сүгірдің ең айтулы күйлерінің бірі «Қаратау шертпесі» жайындағы қызғылықты, тың әңгімені де Асекеңнен естіп едім. 1975 жылдың күзінде Төлеген Момбеков осы Асекеңнің үйінде қонақ болады. Петербург ақсүйектерінің салондарын елестететін бұл айтулы жиынға Зейнолла Серікқалиев, Төкен Ибрагимов, Сейфолла Оспанов сынды ағаларымыз қатысады. Осы жиында Төлеген ақсақалдың айтқан әңгімесі. Сүгір, ауылға концерт келгенде, өзінің бір шағын текеметі болыпты, соны қолтығына қысып келіп, ең алдыңғы қатарға төсеп отырады екен. Бірде ауылға Ғарифолла Құрманғалиев гастрольмен келеді. Ғарекеңнің өзі жеке бір бөлімді орындап қаншама ән айтады екен. Сүгір тапжылмай отырып тыңдайды. Бір кезде әнші әйгілі «Үлкен Айдайды» орындайды. Сонда концерттің басынан үнсіз отырған Сүгір «Ой, бәрекелді!» деп орнынан тұрады. Бірақ әншінің қолын алуға емес. Текеметін бүктеп алып топты тастап жүре береді. Елдің еркесі, халықтың ықылас-пейіліне шомылып жүрген Ғарекең ауыл ағасының тосын мінезінен тіксініп қалады, бірақ ештеңе демейді. Бірнеше күннен кейін Сүгірдің екі шәкірті Нұртай мен Әбдіхалық ұстаздарының үйіне кезекті дәріске барады. Кеш батып, Сүгір домбырасын қолына алатын кез. Ашық тұрған есіктен бір тамылжыған күй естіліп жатыр. Екі шәкірт жаңа өрнекті тамашалап, демдерін іштеріне тартып тұрып қалады. Аздан соң Сүгір, екеуін ішке шақырады. Бұл не күй дегенде, өткенде анау Ғарифолла айтқан әннен оянды бұл күй депті Сүкең. Мінеки, Мұхиттың әнінен алынған бір ғана музыкалық фраза, Сүгірдің қиялынан жетіліп, қазақтың саз өнерінің даңқын асырған күйге айналыпты. Қазақ күйінің әңгімешілдік қасиетін жоғарыда айттық. Сүгірдің аталмыш күйіндегі қат-қабат тартыс Алаштың қилы тарихи тағдырын бейнелейді. Домбыра, «қазақтың басына не келіп, не кетпеді» деп алқына сөйлеп тұрғандай. Бұл күйдің шығу тарихына қатысы болуы мүмкін енді бір деректі Көлбай Адырбекұлының «Түркістан» газетінде жарияланған «Бұдан жүз жыл бұрында» деп аталатын мақаласынан ұшырас­тырдық. 1902 жылы қазақтың белгілі діни қайраткері Бөлтай сопы Қажымұратұлы өзінің баласы Қойтас молланың Ташкент медресесін (шамасы «Көкілташ») аяқтап елге оралған құрметіне Алаштың бір топ игі жақсыларын Әзіреті Түркістанға жинайды. Бұл жиынға 13 қадірменді ақсақал, 39 қажы-молда, 11 би, 9 болыс, 4 бақсы, 40 сал-сері қатысқан екен. Бұлардың ішінде Арқадан келген Баубек бақсы, Ақмешіттен келген Ақбала күйші мен Тұрмағамбет шайыр, Бөкей ордасынан әнші Мұхит Мералыұлы мен Дәулеткерейдің шәкірті күйші Әлікей, Жетісудан Жамбыл ақын және Қаратаудан күйші Сүгір бар. Бұл Қазақстан жерінде христиан миссионерлерінің жүгенсіздікке барып, халықты Айсаның дініне күштеп кіргізе бастаған кез. Түркістандағы аталмыш жиынның басты мақсаты, молданың оқу бітіріп келгенін тойлау емес, христиан миссионерлігіне қарсы қозғалыс ұйымдастыру екен. Келелі мәжілістің ара-арасында қазақтың айтулы өнерпаздарының өнер көрсеткені анық. Мұхиттың «Үлкен Айдайын» Сүгір осы жерде, әншінің өз аузынан естуі әбден мүмкін ғой... ...Қобызшы Сәрсенғали Жүзбаев маған бірде айтып еді, Сүгір «Қаратау шертпесін» Ғарифолла Құрманғалиев Созаққа келіп-кетерден бұрын тартып жүріпті, ақсақалдар солай куәландыратын деп. Кім біледі. Бірақ қалай болғанда да Мұхиттың әні мен Сүгірдің күйі бір ғана музыкалық архетиптен өрістеп тұр. Архетип ешкімнің меншігі емес. Ол ұлттың рухани әлемінде тұрған ортақ қазына. Сол себепті бұл жерде біз, бір әуеннен біреуі ұлы ән, біреуі ұлы күй шығарған әнші мен домбырашының биік талантына тек бас июіміз керек. Сүгірдің қызы Ұлбала өзінің естелігінде былай дейді: ...Әкей оңашада радиоға құлақ түріп, музыка тыңдауды ұнататын. Мұндайда тек қазақтың ән-күйі ғана емес, басқа елдердің де музыкасын кәдуілгідей ұйып тыңдайтын. Әлі есімде, бір күні Еуропа халықтарының аспаптық музыкасынан концерт берілді. Әкей әдеттегідей, тапжылмай отырып тыңдады. Содан концерт біткен кезде біртүрлі қунақы көңілмен «Жақсы екен» деді. Сонсоң бізге қарап, «Қызық-қызық қайырымдары бар екен. Қайсыбірі біздің «Қосбасарға» келіңкірей ме, қалай өзі? Әй, тәйірі-ай, бірақ күйдей қайдан болсын. Күйдің түбі терең ғой. Бұлар бір түрлі, бетінен қалқып, беріден қайтатын сияқты. Ішке түспейді екен. Шамасы, далалы жердің адамдары емес-ау!» деп, сол жерде алған әсерін біраз сөз етті. Біздің ойымызша Сүгір бұл жерде орыс композиторы Александр Бородиннің «Князь Игорь» опе­расын айтып отыр. Себебі, тура осындай пікірді орыстың бір опе­ра сыншысы айтқан. Бірақ, ол Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінде орыс операсындағы бір элементтер кездеседі деген. «Князь Игорьдің» тұсаукесері 1890 жылдың 23 қазаны күні өткен. Бұл кезде Тәттімбеттің жаны жәннатта саялап жатқан. Әрине, Тәттімбет, Александр патшаның таққа отыру рәсіміне барған, ол жерде империяның әр түкпірінен келген бұратана халықтардың өкілдеріне неше түрлі өнер көрсетілген. Соның ішінде опералар да бар. Тәттімбет сол жерде орыс, я Еуропа композиторларының шығармаларынан алған әсерін кейін күйге енгізді деп мойындаған күннің өзінде, ұлы күйші өз өлімінен кейін жазылатын опе­ра­ның әуенін еш пайдалана алмасы хақ. Сондай-ақ, ол кездегі бай­ланыс-коммуникацияның на­­шарлығынан А.Бородин де қа­зақтың қиян даласындағы әл­дебір домбырашының күйін ес­тіп, өз шығармасына пайдалана алмасы да хақ. Бұл «музыкадағы кездейсоқ сәйкестік» («случайные совпадения») деп аталатын құбылыс. Яғни, ешкім ешкімнен ештеңе алған жоқ. Кемеңгер Сүгір орыс операсының табиғатынан қазақ әуенін өзінің заңғар талғамымен қорытып шығарған. Бұның бәрін неге айтып отыр­мын? Бірде Асқар аға былай деген еді: «Менің ойымша, Сүгір радио­дан Чайковскийдің «Аққу кө­лін», сондай-ақ, Штраустың патша сарайларындағы салтанаттар­ға арнап жазған вальстерін, тағы басқа осы тақылеттес шығармала­рды көп тыңдаған. Генерал Асқаров тартатын «Аққу» күйінен еуропалық сауаттың иісі тура аңқып тұр». Құрметті оқырман, Асқар Сүлейменовтің бұл пікірі музыка­дан ешқандай хабары жоқ адам үшін ғана тосын болып көрінуі мүмкін. Ал, жасында қазақтың күйін көп тыңдаған, сонымен қатар Еуропаның аспаптық музыкасына сусындап өскен адам кемеңгер жайлы кемеңгердің айтқан бұл пікірін бірден түсінеді. Шынында да солай. Тыңда­ңыз. Тымық ауа, тұнық су. Сол көлдің бетін бір шымыр еткізбей қалқып жүзген аққу. Жылжып келе жатқанымен, жылжымай орнында тұрғандай әсер қал­дырады. Дыбыспен мұндай сурет салу қас шебердің ғана қолынан келеді. Бұл жерде біз Сүгір ба­тыстың музыкасына жалаң елік­теді, операның, вальстердің бір элементтерін тікелей алды деп отырған жоқпыз. Бұл жерде күйші жаңа эмоцияны, сұлулықты жаңаша пайымдау дағдысын үйренген. Ол аз десеңіз айтайық, Сүгірдің аталған күйі, сезім реңкі тұрғысынан Врубельдің «Аққу ханша» («Царевна лебедь») атты суретін елестетеді. Байқасаңыз, сол кездегі ресми қазақ-совет композиторлығымен қатар, қияндағы Созақта, батыстың музыкалық мәдениетін пайымдап игерудің басқа мектебі және әлдеқайда дарынды, мәдениетті мектебі қалыптаса бастаған. Ендігі ретте, Сүгірдің екі күйін ерекше атап өтпекпіз. Олар – «Ыңғай төкпе» мен «Жолаушының жолды қоңыры». Бұл екі жауһарды Сүгір марқа жасында емес – қартайған шағында, тіпті өлімнің шегіне барғанда сомдап шығарғаны байқалады. Себебі, бұл күйлерде баяғы жастық шақтың алауы мен кемел шақтың тегеуріні жоқ. Тек ақиреттік философия ғана бар. Сондай-ақ аталған шығармадан Ықыластың ұлы күйі «Ерденнің» зор әсері сезіледі. Көне, тылсым ілімдерде әрбір нәсілдің, әрбір қабиланың төбесінде оның өзіне ғана тән рухани бұлттың болатындығы айтылады. Өнерде белгілі бір эмоцияны міндетті түрде біреудің ашуы, «жаңалық» алып келуі шарт емес. Рухани бұлт ортақ, сол себепті ол жердегі жаңа көңіл күйді әркім әр жерде отырып өзінше ала береді. Сол себепті, өмір сүрген уақыты шамамен бір болғанымен, ауылдарының арасы айшылық жер Ықылас, Сүгір, Мағжан үшеуінің шығармаларындағы көңіл-күй бір жерден табылып отыр. «Жолаушының жолды қоңыры» күйіне қатысты Төлеген ағаның шешесі Зейнеп әжеміздің айтқан бір әңгімесі есімізге оралады. – Сүгір ағам төсек тартып, қайтыс болайын деп жатқанда дос-жаран көңілін сұрай келді. Сонда ағамыз жатып-жатып «Аман болыңдар, бақұл болыңдар, қарақтарым. Мен өз еліме кетейін деп жатырмын» деп еді жарықтық. ...Сүгір осылай депті. Ол қазақтың кеудесі биік кезінде туса керек еді, Кет Бұға сияқты, ханның оң тізесін басқан ақылшы уәзірі болып отырса керек еді. Алайда, жазмыш осылай болды. Туысында қапы жоқ, тек бөтен уақытта дүниеге келді. Және өз ғасырын таба алмай, басқа заманда адасумен өткен өмірін оның өзінен артық ешкім де жырлай алмады. Сүгірдің шығармашылығында, оның күйлерінің авторлығында бірқатар даулы мәселелер бар. Оның себебі мынада. Күйші көппен бірге жаңа заманның орнағанына сенген. Алайда көп ұзамай жаңа өкіметтің, жаңа тәртіптің не екенін түсініп жеріп шыққан. Большевиктердің сиқынан жиіркенген, олардың ештеңеден тайынбайтынынан шошыған. Осылайша ұлы күйші өз өзінен тұйықталып кеткен. Жиын-тойға көп бармайтын болған, кесірім тиіп кетеді деп азаматтармен де көп араласпаған. Даңқты ұлы ғасырлар, озған заманның заңғар тұлғалары жайлы әңгіме былай тұрсын, тіпті өзінің бойындағы өнердің кілтипандарын, күйлерінің шығу тарихын ешкімге айтпайтын болған. 1936 жылы Сүгірге райкомның адамдары келіп, Сүке, Алматыда әнші-күйші, жыршыларды жинап жатыр. Мәскеуде қазақ өнерінің декада-онкүндігі болады. Біз сені ұйғарып отырмыз, Мәскеуге барасың, Сталиннің алдында өнер көрсетесің, дейді. Сонда Сүгір: «Сталин мені қайтеді, оның мені тыңдағаннан басқа жұмысы жоқ дейсің бе» деп қонақтарын шығарып салады. Райкомның адамдары Сүгірді қырсық деп кетеді. Ал біле білген адамға бұл үлкен мінез. Тіпті тәуекел. Сүгірдің төңірегіндегі елдің ағайыншылдығына рахмет. Сол жерде бір адам жоғары жаққа бір арызды домалатып жіберсе, не болатыны белгілі ғой. 1947 жылы Сүгір Алматыға екін­ші рет шақырылады. Ол бұл жолы да бармай қалады. Іздеп кел­ген бірді-екілі фольклоршы ғалым­дарға мандытып ештеңе айтпайды. Осылайша Сүгір өнерінің төңірегінде неше түрлі алыпқашпа әңгімелер пайда болады. Кейбір күйлерінің авторлығына қатысты неше түрлі дау-дамай туады. Көріп отырғанымыздай, өнернамасының маңайында осындай ахуалдың орнауына белгілі дәрежеде күйшінің өзі кінәлі. Сталин өліп, сұмдық репрессиялар тоқтап, «жылымық» заман келгенде, кілкілдеп тұрған қара сабаны ақтаруға, әңгіменің тиегін ағытуға болатын еді ғой. Өкінішке орай, олай болмаған. Алайда Сүгірдің артында қалған осы қазынаның өзі бір ұлт үшін жетіліп артылғандай. Ең бастысы, қолымызда оның баға жетпес асыл мұрасы – күйлері бар емес пе. Ойымызша, егемен елдің жаңа ғылымы күйші өнерін зерттеудегі кеткен олқылықтарды көп ұзамай түзетіп, бір ізге салады. Ал біз өз тарапымыздан, кей жерде азғантай дерекке сүйеніп, кей жерде саз өнері жайындағы өз пайымымызды тиянақ етіп, ұлы күйші жайындағы білгенімізді ортаға салдық. Артық-кемі болса, білетін адамдар түзете жатар. Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.