Медицина • 06 Қыркүйек, 2022

Мамандар кеңес берді

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығының мамандары тұрғындарға диагностикалық кеңес бердi. Облыс орталығындағы №3, 6 емханалар мен ALEXEY SULTAN-AKHMET клиникасында хирург, онколог, гепатолог, уролог, эндокринолог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер қабылдау жүргіздi.

Мамандар кеңес берді

А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор, жоғары санатты хирург Болатбек Баймахановтың  60 жасқа толуына арналған шаралар аясын­дағы қабылдауда тұрғындар мамандарға алғысын жеткізді. Осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен көпбейінді облыстық ауруханасында «Қазіргі таңдағы хирургия саласының өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияда мерейтой иесін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, сала ардагері Тұрғанбай Маханов құттықтап, құрмет көрсетті. Алтын қолды дәрігер жайлы «Дәремет» кітабының тұсауы кесілді.

А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталы­ғы­ның бөлім меңгерушісі Мақсат Досханов «Гепато­панкреатобилиарлы хирургияның заманауи даму тенденциялары», Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Жеңіс Серғазин «Гастроэзофагеальді рефлюкс және морбидті семіздік кезіндегі симультантты лапароскопиялық емі» тақырыбында баяндама жасады. А.Ясауи атындағы ХҚТУ хирургия, анестезиология-реанимация кафедрасының оқу бөлімінің меңгерушісі Ылхам Аннаоразов өз тәжірибесі туралы айтты.

Болатбек Баймаханов 300-ден астам ғылыми мақала авторы. Өнертабыс бойынша 45 патент иеленген ғалымның жетекшілігімен ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалған. Оның бастамасымен Қызылорда облысының хирургия саласына жүрекке түрлі дәрежедегі оталар жасайтын жаңа технология енгізілді. 

 

Қызылорда облысы