Кәсіпкерлерге арналған кредиттік ресурстарды ұлғайту қолға алынып, жаңа салық, бюджет кодекстері әзірленбек. Алдағы уақытта 6 жасқа дейінгі балаларды толық бала-бақшамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады. Президент тәрбиешілердің статусына көңіл бөліп, олардың айлық жалақысын көбейту қажеттігін көтерді. Мен бұл бастамаларды толық қолдаймын.
Сонымен қатар ерекше атап өтетін жағдай Президент денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу керектігін айтты. Сол үшін дәрігер және осы сала мәселелерін білетін маман ретінде зор алғысымды білдіремін. Қазіргі күні медицина саласын қаржыландыру өте өзекті мәселе болып отыр. Қаржыландырудың мардымсыздығынан кейбір медицина мекемелері кадрлық қысқарту жүргізуге мәжбүр.
Медициналық қызметкерлердің жалақысы кешіктіріліп жатқан жағдайлар да бар. Коммуналдық қызметтерге, дәрі-дәрмектерге төлем жасауға сондай-ақ, медициналық ұйымның жеке дамуына қаражат қалмауда. Президент медициналық сақтандыру моделін қайта қарау мәселесіне тоқталды. Бұл – өте орынды мәселе. Медициналық сақтандыру арқылы азаматтар толыққанды дәрігерлік көмек ала алмай отырғандығы бүгінде ешкімге жасырын емес.
Жолдау кезінде ел бойынша 650 ауылға жаңа медициналық пункттер ашылып, 32 аудандық аурухана жанынан жансақтау бөлімдері және инсульт орталықтары ұйымдастырылатыны айтылды. Бұл мекемелер 4 млн жуық халықты қамтиды. Сондай-ақ медициналық ЖОО жанынан көпсалалы клиникалар жұмысын бастайды.
Президент қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатыспаған, билікті күшпен басып алуға және мемлекетке опасыздық жасауға қатысы жоқ азаматтарға бір реттік рақымшылық жасау туралы шешім қабылдады. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларына қатысқан азаматтар мен олардың жақындарымен кездесіп, пікірлескен кезде біз де талай жайтқа қаныққан едік. Осыған орай Президенттің гуманизм принципін ұстанып, жауапкершілігі мол шешім қабылдағанына ерекше қуандым.
Жолдауда айтылған маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасы Президенті және Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы мерзімінің жариялануы. Жаңа ережеге сәйкес азаматтар жеке және партия атынан кандидатурасын ұсына алады.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы айтқан бастамалардың барлығы тағдыршешті мәселелер. Сол себепті де Президентпен бірге барша қазақстандықтарды Әділетті Қазақстанның дамуына үлес қосуға шақырамын.
Гүлдара НҰРЫМОВА,
Мәжіліс депутаты