Пікір • 07 Қыркүйек, 2022

Қоғамдық қадағалау өте маңызды

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз үшін инфрақұрылымды дамыту әлі де өзекті болып отыр. Көлік-жол инфрақұрылымы экономиканы дамытуға серпін берсе, әлеуметтік-мәдени нысандармен толыққанды қамтамасыз ету халықтың білімі мен өмір сапасына тікелей әсер етеді. Бүгінде hard-инфрақұрылымды – жол, инженерлік желілер, өндірістік инфрақұрылымды дамытып алған мемлекеттер soft-инфрақұрылымды – сервис, қоғамдық орындарды көркейтуге көшкелі қашан.

Қоғамдық қадағалау өте маңызды

Ал Қазақстан үшін екеуі де маңызды. Әсіресе, шалғай аймақтар үшін су, жол, газ, ғаламтор да күн тәртібінде тұр. Осы тұста бүгінгі Қ.Тоқаевтың Жолдауында да барлық бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға назар аударылды. Атап айтсақ, геосаяси тұрақсыздық жағдайын­да Қазақстан өзінің көлік дәліздерін барынша дамытуы керек, әсіресе Каспий арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытып, осы аймақта қазіргі заманға сай логистикалық хаб құру маңызды. Бұл қазіргі жағдайда осы бағытта еселеп артқан жүк көлемін игеруге ықпал етеді.

Жол салу – бұл шенеунік­тердің «табыс көзіне» айнал­мауға тиіс, жол құрылысының сапасына бақылауды күшейту керек. «...автожол құрылы­сы­на, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр» деді Президент. Әлеуметтік инфрақұрылымның ішінде медициналық және білім беру мекемелерімен халық­ты жеткілікті қамтамасыз ету аймақтар, тіпті қалалар үшін де өзекті. Жолдауда айтылғандай «...650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушер­лік бөлімшелер салынып, қа­жет­ті құрал-жабдықпен толық қам­тамасыз етіледі. Ұлттық жоба ая­сында 32 аудандық ауру­хана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады».

Мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінің жетіспеушілігі – бұл болашақ еңбекке қабілетті экономикалық белсенді халықтың сапасының төмен болуына тікелей әсер етеді. Жолдауда айтылған осы бағыттағы жұмыстарды да кейінге ысыруға болмайды.

Сонымен қатар Жолдау­да қала, тұрғын үй инфра­құры­лымын дамытуға да нақты ұсыныстар айтылған. Осы тұста халықтық экспертиза – әлеуметтік бақылауды күшейтуді ұсынамын. Себебі жыл сайын Жолдауда келелі ұсыныстар айтылады. Ал оның орындалу барысын жауапты тұлғаларды қызметтен босатумен ғана ақтау аздық етеді деп ойлаймын. Ғылыми қауымдастық, қоғамдық ұйым­дар және халық болып Пре­зи­денттен бастау алған идея­лардың іске асырылуын қадағалауымыз қажет.

 

Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ, 

Экономика институты Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі