Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2022

Болашақты ойласаң, балаға жағдай жаса

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің басқа облыстарымен қатар Сыр өңірінде де жаңа мектептер мен балабақшалар желісі көбейіп келе жатыр. Апта басында саладағы жаңа нысандар қатары толыға түсті. Арал ауданына апатты мектеп орнына салынған білім ошағы қолданысқа беріліп, балабақша және спорт кешені ашылды.

Болашақты ойласаң, балаға жағдай жаса

Бұл мектеп құрылысы былтыр басталып, жаңа оқу жылына дейін оқушыларды қабылдауға дайын болды. Ауданға сапармен келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы №71 орта мектепке барып, жаңа білім ошағының табалдырығын аттаған ұстаздар мен оқушыларға тілегін жеткізді.

Биыл облыстағы апатты деп танылған 4 мектептің үшеуінің орнына жаңа ғимарат салынып жатыр. Мысалы, осы аудандағы Тоқабай елді мекенінде №248 орта мектеп жеке инвестор есебінен қайта бой көтеруде. Бұл ауыл мектебін биыл бітірген оқушы­ларының барлығы мемле­кеттік грант иегері атанып отыр.

Алдағы 3 жылда осы Арал ауданының өзінде 8 мектеп са­лынбақ. Олардың қатарында ке­зінде асар әдісімен қолда бар ма­те­риалдармен соғылған Сапақ ауыл­дық округіндегі №69 орта мектеп пен Мергенсай елді меке­ніндегі №58 орта мектеп келер жылы салынады. Жалпы, облыста алдағы 3 жылда 32 білім ошағы бой көтереді.

Аудандағы әлеуметтік нысандар қатарына Жақсықылыш кентінде ашылған «Асылым» атты жеке балабақша қосылды. Балабақша 140 балаға лайық­тал­ған. Облыс әкімі ауыл тұрғын­дарын жаңа нысанның ашылуы­мен құттықтап, білімге инвес­тиция құйған кәсіпкерге алғыс білдірді. Жалпы, Арал 3 пен 6 жас аралығындағы балдырғандарды балабақшамен 100 пайыз қам­тыған аудан атанып отыр. Ал­да­ғы уақытта ауданда 16 жеке ба­ла­­бақша және мектеп жанынан ­ 4 шағын орталық ашылмақ.

Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Аралқұм ауылдық окру­гіне қарасты Шөміш елді ме­ке­ніндегі «Латон-Маркет» ЖШС де­меу­шілігімен салынған әмбе­бап кіші спорт алаңын көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

– Балаларға тарту ретінде өңір­де парктер, скверлер салынуда. Жақында ғана Жаңақорғанда меценат 750 млн теңгеге парк салуды бастап кетті. Одан бөлек облыс орталығы мен аудандар­да демеушілер қолдауымен 80 балалар алаңы бой көтереді. «Ана­ға тағзым» атты алаң салуға 1,5 млрд теңге жұмсауға бел бай­­лаған азаматқа да алғыс айта­мыз. Балалар жылында осын­дай кәсіпкерлер балдырғандарға осын­дай тарту жасап отыр, – деді Н.Нәлібаев.

Аудандағы жылына 120 мың тонна кварц құмын өндіретін Aral Quarts тау-кен комбинаты алғашқы кезеңде 40 адамды жұмыспен қамтыса, 172 мың тон­на құрғақ құрылыс ұнтағын шы­ғаруға көшкеннен бастап еңбекке тартылған мамандар қатары артты. Өндіріс орны ішкі нарық­ты 80 пайыз өніммен қамтиды. Облыс басшысы болашақта облыс орталығында іске қосылатын шыны зауытына дем беруге мүм­­кіндігі жететін кәсіпорын жұ­мы­сын тиімді үйлестіруді тапсырды.

Аманөткел ауылдық округін­дегі дене шынықтыру және сауық­тыру кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ашылып отыр. Жаңа кешенде облыс әкімі жастармен жүздесіп, пікірлесті. Мұнда бір мезетте 40 бала бас­кетбол, волейбол, шағын футбол ойнай алады. Ауданда мұндай денешынықтыру-сауықтыру ке­шені Жақсықылыш кенті мен Қамыстыбас елді мекенінде де салынып жатыр.

 

Қызылорда облысы