«Әйтсе де, ақпан мен наурызда сауда былтырғы деңгейден асып түсті. Қаңтарда, сәуірде және мамырда көрсеткіштер былтырғы деңгейден төмен болып шықты. Маусымда жаңа автомобильдердің саудасы былтырғы деңгейге жетті. Электронды құрамдастардың тапшылығы, жаһандық инфляция, Шығыс Еуропадағы геосаяси тұрақсыздық пен логистикалық тізбектің бұзылуы әлемдік автомобиль нарығын әлі де қыспаққа алып жатыр. Қазақстан нарығындағы жағдайға Ресей Федерациясынан автомобильдер мен машина жиынтықтарын жеткізудің күрт қысқаруы үлкен әсер етті», делінген орталықтың шолуында.
Осындай жағдайлардан 6 айдың қорытындысы бойынша жаңа техниканың жиынтық саудасы 7,7 пайызға төмендегені байқалды. Дегенмен бұған дейін айтылғандай, жекелеген айларда сауда былтырғы деңгейден асып түскен. Сонымен бірге Қазақстанда жерсіндірілген автомобильдердің нарықтағы үлесі 80 пайызға дейін өсіп отыр.
Жалпы алғанда, әлемдік нарықта 6 айдың қорытындысы бойынша сауданың 8,5 пайызға төмендегені байқалды. Барлығын қосқанда жыл басынан бері әлемде 38 млн 468 мың автомобиль сатылған.
Қазақстандық сатып алушылардың сұранысындағы бес брендтің қатарында Hyundai, Chevrolet, Kia, Lada, Toyota автомобильдері бар. Нарықтағы үздік бестіктің құрамы өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ. Десек те Toyota-ның саудасы 35,6 пайызға төмендеді. Ол Санкт-Петербургтен Camry мен RAV4 модельдерін жеткізудің тоқтауымен байланысты болып отыр.
2022 жылдың алғашқы 6 айындағы үздік бестіктегі маркалардың үлесі еліміздегі жаңа автомобильдерге жалпы сұраныстың 78,5 пайызын құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 73,8 пайызды құраған болатын.
Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындар 51 565 бірлік техника шығарды. Өндірістің өсімі былтырғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 30 пайызды құрады. Машина жасау саласында автомобиль өндірісінің үлесі 37,5 пайызға тең болды. Өндірісі 9,4 пайызға қысқарған жүк автомобильдерінен өзге техникалардың барлық түрі бойынша шығару көлемінде өсім бар. Кедендік-тарифтік кедергілердің жеңілдетілгеніне қарамастан көліктің бұл санатында импорт та төмендеді. Қазақстанның автомобиль нарығының жағдайына айтарлықтай әсер ететін еліміздің көршілеріндегі өндірістің динамикасындағы өзгерістерді атап өткен жөн. Ресейде 2022 жылдың алты айында 281 мың жеңіл автомобиль шығарылған, бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 61,8 пайызға төмен.
Бұған қоса, жалпы алғанда, 2022 және 2023 жылдарға әлемдік автомобиль өндірісінің базалық болжамы 2,6 млн-ға, сәйкесінше 81,6 млн-ға және 88,5 млн-ға дейін төмендетілген.
1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 3 907 214 жеңіл автомобиль тіркелген. Осы көрсеткіш бойынша есептік кезеңде 1,65 пайызға өсім байқалды. 2021 жылдың 1 шілдесінде тіркелген автомобильдер паркінде 3 843 826 бірлік автомобиль болды.
Халықтың жеңіл автомобильдермен қамтамасыз етілу параметрлері бойынша республиканың әр 1 мың тұрғынының жекеменшігінде есептік кезеңде 180 бірлік автомобиль бары анықталды. Өңірлер бойынша автомобильдендірудің ең жоғары деңгейі Алматы облысында тіркелді – 1 мың тұрғынға 231 автомобиль, ең төмені Түркістан облысында – 1 мың тұрғынға 76 автомобиль.
2022 жылы автомобиль нарығы әлі де жаһандық тапшылық қыспағында отыр. Ол біздің елімізде Ресей Федерациясынан автомобильдер мен машина жиынтықтарын жеткізудің қысқаруына алып келді. Орталықтың қазақстандық нарықтағы ірі ойыншылар арасында жүргізген сарапшылық сауалдамасы екінші жартыжылдықтың нәтижелелері нарықтың қатысушыларының бейінділігімен және валюта нарығындағы жағдайға қарай айқындалатынын көрсеткен.
«Көпшілігі соңын күтіп отыр. Біздің клиенттеріміз де күтуде, мүмкін рубль арзандар, онда баға да қалпына келетін болады. Біз тек жағдайға икемделе аламыз. Клиенттер де икемделеді, біреулер жүрілген көліктерді таңдайды, шұғыл көлік сатып алғысы келетіндер бізден алады. Сауда тоқтап қалды деп айтуға келмейді. Сауда жүріп жатыр, бірақ ол өте баяу жүруде», деп хабарлады «Вираж» компаниялар тобы.
Allur компаниялар тобының хабарлауынша, әлемдегі саяси-экономикалық ахуалға қарамастан, нарық сауданың қалпына келгенін көрсетіп отыр. Брендтер әлі де логистикалық үдерістерді реттеу үстінде, екінші жартыжылдықта жаңа автомобильдер өндіріліп, жеткізіледі деп күтудеміз, дейді олар.
«Бірінші жартыжылдыққа қарағанда екінші жартыжылдық әлдеқайда табысты болады. Оған дистрибьюторлардың қабылдап жатқан қарсы шаралары көмектеседі. Өте оптимистік жоспарымыз бар», дейді «Terra Motors» компаниялар тобының өкілдері.
«Барлық қиындыққа қарамастан, 2022 жылы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты толық қуатына көшіп, автомобиль өндірісін одан әрі арттырып, модельдер қатарын кеңейтіп жатыр. «Астана Моторс» құрамындағы кейбір дистрибьюторларымыз жаңа логистикалық бағдарларды қарастыруда, өйткені жекелеген автомобиль брендтері Ресей Федерациясы арқылы транзитпен автомобиль тасымалдауды доғарды. Осыған байланысты Қазақстанға автомобиль жеткізуде қиындықтар туындап отыр», дейді «Астана Моторс» өкілдері.
Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының алдын ала бағалауы бойынша саудадағы қазіргі динамика сақталып, логистика жұмысы реттелетін болса, нарық былтырғы деңгейге тағы 10 пайыз өсім көрсететін болады. Ал болжамның орындалу ықтималдығы елдегі макроэкономикалық жағдайға және құрамдастар мен техниканы тұрақты жеткізілуіне байланысты болмақ.