Іс-шараға 6655 әскери бөлімінің сарбаздары, кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері қатысты. Мақсаты – ХХ ғасырдың біртуар азаматы, өз халқының айнасы болған ұлы қоғам қайраткері, ақын, ұстаз, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы оқырмандарды сусындата отырып, оның туған халқы үшін аянбай еткен еңбегін дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету.
«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмаш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды..., халқының арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті», деп жазды Сәкен Сейфуллин.
Кешке қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының кітаптарына шолу жасады. Сонымен қатар 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне орай 6655 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Расим Ниязов, Ринат Салимов, Сунраб Ниязов жиналғандар мен кітапхана қызметкерлерін атаулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Іс-шара соңында сарбаздар «Мен қазақпын» патриоттық өлеңін хормен шырқады. Аға лейтенант Алтыншаш Баймурзина осындай тағылымды кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына жиналған қауым атынан ризашылығын білдірді.
Лаура СҰЛТАНБЕКОВА,
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы
АҚТӨБЕ