Суретте: Ернар Чимбаев жеңіс тұғырында
Қазақстандықтар Кремль кубогына соңғы жылдары тұрақты қатыса бастады. Атап айтар болсақ, бұған дейін екі бірдей талантты спортшымыз Кремль кубогын қанжығасына байлаған. Қаныбек Сағындықов – 2005, ал Әлихан Қаранеев 2010 жылы жеңіс тұғырына көтерілді. Енді, міне, үшінші мәрте Кремль кубогы Қазақстанға келді.
Жақында ғана Мәскеуде аяқталған Кремль кубогына әлемнің 9 елінен, атап айтқанда, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Молдова, Армениядан 392 бильярдшы келді. Бұлардың бәрі өз елінде бәйгені шаппай алып жүргендер. Дүбірлі дода 3 түрі (біріктірілген пирамида, еркін пирамида, бассейн) бойынша өтті.
Қазақстаннан барған 11 спортшы, оның ішінде ұлттық құраманың мүшесі, екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернар Чимбаев бұл жолы да тактикалық шеберлік таныта білді. Ол қарсыластарын басымдықпен жеңді. Ақтық сында қырғызстандық Дастан Лепшақовты 5:2 есебімен ұтып, мәртебелі кубокты иеленді. Екі үшінші орынға ресейлік пен қырғызстандық ие болды.
Бильярд спорты елімізде қарыштап даму үстінде. Қазақстан Республикасында бильярд спортының өркендеуіне Бильярд спорты федерациясының президенті Аңсары Қаранеев ерекше үлес қосып келеді. Бұл күндері аталған ойын түрі еліміздің барлық өңірінде дамып, онымен шұғылданатындар қатары күн сайын арта түсіп отыр. Мәселен, Өскеменде соңғы жылдары бірнеше дүбірлі жарыс өтті. Республика бильярд спорты федерациясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Серік Ақтановтың бастамасымен Өскеменде Азияның ашық чемпионаты, жақында ғана қоғам қайраткері, жазушы Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған турнир өтті. Реті келгенде айта кету керек, еліміздің шығысындағы федерацияны да 2008 жылы Аңсары Қаранеев ашқан болатын. Оның бастамасымен әр өңірде халықаралық турнирлер өтіп тұрады. Кремль кубогының сыртында әлем, Еуропа біріншіліктерінде жеңіп алған жүлделер де қомақты.
Енді Ернар Чимбаев туралы айта кетейік. Аңсары Қаранеевтің пайымдауынша, Ернар сияқты ұлтын сүйетін, патриот азаматтар ел намысын абыроймен қорғай біледі. Ернар Сәбитұлы 2010, 2012 жылдары бильярдтан әлем чемпионы атанды. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, абсолютті жеңімпаз. Қазақстан мен Түрікменстанның құрама командаларын жаттықтырып жүр. Ернардың ізбасарлары алдағы уақытта да Қазақстанның Көк туын желбірете бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері