Қоғам • 08 Қыркүйек, 2022

Орға құласа, обалы кімге?

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өндірісті өңірде жазатайым жарақат алу фактілері тыйылмай тұр. Жыл басынан өндірістік жарақат бойынша 67 оқиға тіркелсе, 2 адам алған жарақатының салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Қайғылы жағдайдың екеуі де энергетика саласындағы алпауыт компанияларда орын алды.

Орға құласа, обалы кімге?

Адам өміріне қауіп өндіріс орындарында қарапайым еңбек қауіпсіздігі шарттарын сақтамау салдарынан талай жазатайым оқиғалар болып тұрады. «Адамның басы – Алланың добы» демекші, жаза бассаң, оқыс жағдайға кезігуің оп-оңай. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін қорғау мамандары жан-жағын түрлі техника мен технология құрсаулаған өндірісте барлық нұсқаулықты орнымен қолдануға кеңес береді.

Жуықта өңірдегі «ERG Service» ЖШС-да қайғылы жағдай орын алды. Кәсіпорын жұмыскері аңдаусызда көмір ұсақтайтын диірмен кешеніне кіріп кетіп, ондағы кесектерді бөлшектегіш темірлердің арасына түсіп жан тапсырған. Мамандардың айтуынша, әлгі адам кешенге кіргенде құрылғы өздігінен іске қосылыпты. Екінші бір тосын жағдай «Богатырь Көмір» кенішінде орын алды. Локомотив бар жылдамдығымен жүріп келе жатқанда абайсызда сол серіктестікте жұмыс істейтін еңбеккер жолға шыға келіп, машина жаншып кеткен. Бұл екі оқиғада да жұмыскерлердің кінәсі бар делінуде.

Павлодар облысы еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов жалпы жыл басынан өңірдің кәсіпорындары мен еңбек ұйымдарында  57 адам өндірістік жарақат алғанын айтады. Көрсеткіш былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға азайды демесеңіз, азаматтардың өз міндетін орындау барысында қауіпсіз еңбек нұсқамаларына салғырт қарайтыны ахуалды күрделендіріп тұр. Кейбір азаматтар қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету, өзін айтып келмейтін апаттан сақтандыру шараларына жүрдім-бардым қарайды екен. Еңбек шартын дұрыс жасамағаны себепті жұмыс барысында жазатайым жарақат алып қалса, денсаулығына келген кінәрат үшін төленетін өтемақыдан қағылып жатады. Мәселен, жуықта Павлодар қаласының дәл ортасында қазылған ордың ернеуі опырылып, ішінде жұмыс істеп жатқан жұмыскерді басып қалды. Әріптестері оны дер уақытында топырақ астынан суырып алып шыққанымен, денсаулығына залал келгені сөзсіз. Еңбек инспекторлары сұрағанда, әлгі азамат ор қазу жұмыстарына жауапты фирмада істемеймін, көлдеңен жүрген көк аттымын деп жауап қайтарыпты. Арыз жазудан да бас тартыпты.

– Жұмыскер шағымданбаса, жұмыс берушіні сотқа беру мүмкін емес. Кейбір жағдайда кәсіпорын иелері қулыққа басады. Зардап шегушіні алдап-сулап, бастапқы 3-4 айда материалдық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмегін алып береді. Есесіне әлгі азамат жұмыс берушіге тағатын еш кінәм жоқ деген қағаз жазып береді. Адамның денсаулығына келген кінәрат бірден емес, бірнеше жылдан кейін де бой көрсетуі мүмкін ғой. Сол тұста жұмыс берушіні сотқа беру мүмкін емес. Сондықтан өндірістік жарақат алған жұмыскер алғашқы беттен-ақ өз шағымын қағазға түсіріп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдарға жүгінуі тиіс. Оқиға ресми тіркелсе, кейін істі өз пайдасына шешуге ыңғайлы, – дейді басқарма жетекшісі.

Бүгінде облыстың егіс ал­қап­тарында күзгі жиын-терім жұ­мыс­тары басталып кеткені мәлім. Осы тұста астық өсіруші субъектілері жұмысқа алатын азаматтардың еңбек қауіпсіздіктері мүлде қорғалмағанын атап өту керек. Трактор тізгінінде отыратындар, түрлі агрегаттармен жұмыс істейтіндер өткір пышаққа түсіп, дене мүшелерін жарақаттап алатын жайттар жиі кездесіп жатады. Өкінішке қарай, қожалық басшылары олардың мұңын мұңдауға ынталы емес, себебі жұмыскерінің өмірін сақтандыруға артық шығындалғысы келмейтіні айдан анық. Сондықтан егіс даласындағы жазатайым жайттар «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» қағидасымен шешіледі. Еңбек инспекторлары жыл сайын түсіндіру шараларын жүргізіп, ауылдағы шаруа басшыларының жауапкершілігін күшейтуге әрекеттенуде. Әзірше нәтижесіз.

Асқар Қапанұлының сөзіне сүйенсек, еңбек қауіпсіздігі нормаларын өндірісте енгізуге ынталы кәсіпорындар саны ұлғайып келе жатыр. Еліміздің 2025 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі Іс-әрекет жос­пары шеңберінде кәсіпорындарды халықаралық әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығының «Vision Zero» (нөлдік жарақат алу) бағдарламасына қосылып жатқандар көбеюде. Бүгінгі таңда 25 еңбек ұйымы «Vision Zero – нөлдік жарақаттану» концепция­сын енгізді. Кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында облыстың 194 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғау бойынша стандарттарын өміршең еткен (OHSAS 18001, МОТ-СУОТ және т.б.).

Статистикаға сүйенсек, облыс бо­йынша зиянды еңбек жағдайында шамамен 46 мың жұмыскер еңбек етеді. Жыл басынан бері жұмыс жағдайында қауіп-қатері мол еңбек орындары бар 81 өндірістік нысан аттестаттау­дан өткізіліпті. Ал 12 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы қолға алынған.

 

Павлодар облысы