Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2022

Шабындықта шөп селдір

373 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Малым – жанымның садағасы...» деп отырған ауылдың елі жаздың күні суға түсіп, жағалауда жайбарақат демала қоймайды. Ішінара болмаса. Тамыз туа шөп піссе, техникаларын сайлап алып, қысқы мал азығын әзірлеуге кірісер еді. Биылғы көктемде жауын-шашын аз түсті ме, Шығыс өңірінде шөп сұйық. Әркім бұта-қараған арасын, сай-саланы қол тартпамен қырнап шауып жүр.

Шабындықта шөп селдір

Суретті түсірген автор

Әсіресе, қары қалың, қысы ұзақ аудандарға ауыр. Десе де, ауыл халқы амалын тауып, тығырықтан шығу үшін жатпай-тұрмай еңбектенген. Катонқарағай өңірі үшін 139% шөп дайындалу керек болса, бүгінде бұл жос­пар толығымен орындалыпты. Ал төрт түлігі қыстай тебіндеп шығатын Тарбағатай өңіріне 80,7% шөп керек десек, оның 50%-дан астамы дайындалыпты. Әдетте, қыркүйекке дейін ел шөбін шауып, үйді-үйіне жеткізіп алатын. Биыл ғой, науқан толығымен әлі аяқтала қойған жоқ.

– Таулы жерде де шөп сұйық. Былтыр да солай болған. Алаңқай­лар­дағы көк майсаның өзі мүлдем күйіп кетті. Малды қыстан қалай да алып шығу керек. Орман-тоғайдың арасындағы қуыс-қуысты шауып алдық. Енді жинағанымызды шашпай, үйге жеткізіп алсақ, жарар еді. Шөп жеткізе алмағандар амалсыздан қой-сиырын сататын шығар, – дейді Катонқарағай ауданының тұрғыны Ермек Сатышев.

Рас, шөп жеткізе алмаған ел мал басын азайтуға тырысады. Әлбетте, одан пайда көре қояйық деп сатпайды, жемшөп жетпеген соң сатуға мәжбүр. Әсіресе, Марқакөл, Катонқарағай секілді таулы өңірдің халқы қысқа мықтап қамданады. Себебі тұяқтылары жоқ дегенде алты ай шөпте тұра­ды. Тебінге жіберетіндей жері жа­зық емес. Ал бұл тығырықтан шығу үшін Катонқарағай ауданы­ның басшылығы қандай шара қабылдауда?

– Биылғы жаз ыстық болып, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының және қосалқы шаруашылықтарының шабындық алқаптары зардап шекті. Қазіргі уақытта ауылшаруашылық құры­лым­дары мен жеке қосалқы шаруашылықтары шөп дайындау жұмыстарын шалғай таулы учаскелерде жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, Катонқарағай, Белқарағай ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары Ақсу және Коробиха ауылының шабындық алқаптарында келісім бойынша шөп дайындап жатыр. Аудан бойынша 1 тонна шөптің орташа бағасы 44 мың теңгені құрайды. Бір орам шөп (320 кг) – 15 мың теңге. Катонқарағай өңірінің ауылшаруашылық құрылымдары тамыз айынан бас­тап Үлкен Нарын өңірінің шаруа­шылықтарынан осындай бағамен шөп сатып алып жатыр, – дейді Катонқарағай аудандық ауылшаруашылық бөлімінің өкілі Тұрсынхан Базарбаев.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығы егін жинау жұмыстары аяқталған соң, Үлкен Нарын ауылының шаруаларымен келісіп, Катонқарағай өңіріне жемшөп және сабан жет­кізу жұмыстарын жоспар­лап отыр. Жалпы күзгі жиын-терін жұмыс­тары ауылшаруашылығы бөлімі мамандарының және ауылдық округ әкімдерінің күнделікті бақылауында. Катонқарағайдың шаруашылықтары алдағы қыстан төрт түлікті жүдетпей алып шығу үшін мүмкін шаралардың бар­лығын қолдануда.

Шөп науқаны аяқталып бітпей, шаруалар егін оруға да бел шеше кіріскен. Есеп-қисапқа көз салсақ, Катонқарағай өңірі бо­йынша егіс алқабы 65,5 мың гектарды құраған. «Шөжені күзде санайды» дегендей, түсім мөлшері ору науқаны әбден аяқталған соң белгілі болады. Бір білетініміз, 2022 жылғы көктемгі және күзгі егістік науқанына «Катонқарағай несиелік серіктестігі» ЖШС, «Агронесиелік корпорациясы» облыстық филиалы арқылы ауданның 17 ауылшаруашылық құрылымдарына 162,9 млн теңге қаржы бөлінді. Күзгі жиын-терін үшін ауданның ауылшаруашылық құрылымдарында 1 420 трактор, 150 жүк автомобилі, 78 астық жинайтын комбайн есепте бар. Сонымен қатар күзгі жинау жұмыстарын жүргізуге литрі 212 теңгеден 1 040 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы