Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2022

Жер иесіз болмас

435 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақта үлкен дау-жанжалдың бірі – жер дауы. Ырыздығын жерден еміп отырған ел бір сүйем жер үшін көршісімен керілдесуге бар. Шыны солай. Бір қызығы, гектар-гектар жерді иемденіп алып, не өзі, не өзге кәдеге жаратпай жатады. Мұны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керектігін айтқан. Айта сала Шығыс Қазақстанда жұмыс жүйелі түрде жолға қойылып, арнайы комиссия құрылған. Жақында Amanat партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтті.

Жер иесіз болмас

Жерге қатысты маңызды мә­се­лелерді ортаға салатын жиын­ға «Жер аманаты» комис­сия­сы­ның мүшелері және тиісті сала басшылары қатысты. Оты­рыстың күн тәртібінде пайдала­нылмайтын және Қазақстан Рес­публикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару төңірегінде қабылданып жатқан шаралар туралы және Ұлан ауданында ет өңдеу кешенін салу мақсатындағы жер бөлу мәселесі қаралды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Бүгінгі күні республика көлемінде ауыл тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе. Жайылым мәсе­лесі ұзақ уақыт бойы қордаланып келді. Республика көлемінде аталған мәселені шешу үшін облыстық филиалдардың жанынан «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Біз де бұл жұмысқа лайықты үлесімізді қосамыз деп сенемін, – деді «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы, пар­тияның Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Айта кетсек, Шығыс Қазақ­стан облысында бос жатқан жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде мемлекеттік меншікке ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы 37,1 мың гектар жер қайтарылды. Бұл да жүйелі түр­де атқарылған жұмыстың же­місі.

– Үкімет жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 5 млн гектар жерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндетін қойды. Шығыс Қазақстан облысының жаңа шекараларындағы қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары 19,6 мың гек­тар пайдаланылмайтын ауыл ша­руашылығы алқаптарын анықтады, – дейді ШҚО Жер қаты­настары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Аталған цифрды тарқатып айтар болсақ, мемлекеттік меншікке қайтарылған жердің 4,3 мың гектары – жер учаскелерін жалдау шарттарын бұзу жолымен қай­тарылды. 15,4 мың гектар – материалдық және мемлекеттік бақылау жүргізу үшін Жер ресурс­тарын басқару департаментіне қарауға жіберілді.

Сонымен қатар Qoldau веб-порталында цифрлық мониторинг арқылы облыс бойынша 586,4 мың гектар пайдаланылмайтын және ұтымсыз пайдаланылатын жерлер анықталды. Оның ішінде 12 мың гектары мемлекеттік мен­­шікке қайтарылды. Ескерту жұ­мыс­тарынан соң 185,6 мың гектар жерді иелері пайдалануға кірісті. 94,6 мың гектар жерге мемле­кет­тік бақылау жүргізу үшін тиіс­ті құжаттары Жер ресурс­­­тарын басқару департа­мен­тіне жол­данды. Бұдан бөлек, цифр­лық мо­ниторинг арқылы облыс бойынша 760,5 мың гектар пайдаланылмай жатқан жайылым анықталды. Бұл жерлер де бүге-шігесіне дейін тексеріледі.

2021 жылы веб-порталда 19 мың га пайдаланылмайтын егістік жер анықталды, оның ішінде 0,2 мың га алаңда жер пайдаланушылар пайдалануға кірісті, 18,8 мың га бойынша материалдар ЖАО-да жұмыста.

ШҚО Жер қатынастары бас­қар­масының басшысы На­деж­да Михейлистің мәліметінше, биыл «Ғарыш Сапары» веб-пор­­та­­лында 78,9 мың гектар пай­да­ла­нылмайтын егістік жер анық­тал­ды.

Рас, игерілмей жатқан жер­лерді анықтау, оны қайтару мақ­сатында атқарылған жұмыстар аз емес. Жұмыс жүргізілмесе, облысы бойынша мемлекеттік меншікке ауыл шаруашылығы мақсатындағы 30,3 мың гектар жер қайтарылар ма еді?! Әлбетте, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл жұмыстар жалғасын таба бермек. Комиссия мүшелері тұрақты негізде жерді қайтару мәселесі бойынша пар­тияға түскен өтініштерді қарап, заң аясында нақты ұсыныстар әзірлеп, «Жер аманаты» респуб­ликалық комиссиясына ұсынып отыратын болады.

Отырыстағы екінші мәселе, Ұлан ауданында ет өңдеу кеше­нін салуға жер бөлу еді. Бұл орайда ет өңдеу кешенін салуға ниетті инвесторлар Борсақ ауы­лын тиімді деп таныған. Ол туралы «Жер аманаты» комис­сия­­сының отырысында Ұлан ауданы­ның әкімі Ренат Құрман­баев мә­лімдеді. Алайда аталған ке­шенді салуға бірқатар азамат қар­сылық білдірген. Себебі ет өңдеу деп, жауырды жаба то­қы­ғы­мыз келіп отырғаны – шошқа фер­масы. Сондықтан да қарсы­лық білдіргендер болған.

– Ет өңдеу кешенін салуды қолға алмақ болған инвестор­лар Борсақ ауылын тиімді деп отыр. Өйткені бұл ауылды жанап темір жол өтеді. Айта кетсек, ет өңдеу кешенінен аудан бюд­жетіне түсетін табыс мол бол­мақ. Қарсылық білдіріп жүрген азамат Борсақ ауылында тұрмайды. Басқа жақтан келген, – дейді Ұлан ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы.

Айта кетсек, Ұлан ауданын­да ет өңдеу кешенін салу үшін 80 гектардан 5 учаске бөлінген. Құ­рылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы