Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2022

Транскаспий бағыты: Тиімді, бірақ түйткіл көп

821 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Транскаспий халықаралық көлік бағыты отандық логис­тика үшін тиімді екені даусыз. Алайда аталған бағытқа қатысты шешімін таппаған түйткіл де көп. Солқылдақ тариф саясатынан бөлек, инфрақұрылымның тапшылығы да жүк тасымалына қолбайлау болып отыр.

Транскаспий бағыты: Тиімді, бірақ түйткіл көп

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ресей мен Украина арасын­дағы геосаяси жағдай әлем елде­рінің тауар жеткізудегі дәстүрлі ба­ғыттарын қайта қарауға мәж­бүр еткені мәлім. Осы орайда мүдделі тараптардың Транс­каспий халықаралық көлік бағытына деген қызығу­шы­лығы айтарлықтай артты. KAZ­LOGISTICS Қазақстан көлік ода­ғының дерегіне сүйенсек, гео­саяси жағдай шиеленісе түскелі бері Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы біздің елден өтетін жүк көлемі бірнеше есе өскен. Мәселен, 2017 жы­лы аталған бағыт бойынша Қазақ­стан арқылы 500 контейнер та­сы­малданса, 2021 жылы көрсет­кіш 25 мың контейнерге дейін ұлғайған.

Десе де жүк ағынының ұл­ғаюы Транскаспий халық­ара­­лық көлік бағытындағы бір­қа­тар мәселенің бетін ашып бер­ді. Мәселен, баламалы ба­ғыт бойында қозғалысқа ке­дер­гі келтіретін, тиісінше инфра­құ­рылымды дамы­туды қажет ететін орын­­дар бар. Сол себепті Тран­с­­каспий халықаралық көлік бағытын дамытуға мүд­де­лі төрт мем­лекеттің – Қазақ­­стан, Әзер­байжан, Грузия және Түркияның билігі өз елдері­нің аумағындағы инфра­құры­лымдық қуаттарды жедел кеңейтуді қолға ала бас­тады. Бұл жердегі әңгіме теңіз порттарына ғана қатысты емес. Сондай-ақ темір жол, автомобиль жолдары, паромдық өткел, ауыстырып тиеу стансаларына да қатысты болып отыр.

«Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімовтің айтуынша, көлік бағытындағы жетіл­діруді қажет ететін орын­дар­дың дені Каспий теңізінің бо­йында орналасқан. Соның бірі Қазақстанға тиесілі.

– Жүк жөнелтушілер тарапынан түскен өтінімдердің санына қарағанда, Қазақстан Ақтаудағы өз порты арқылы бүгінде 15 млн тоннаға жуық жүк жібере алатын мүмкіндікке ие. Алайда әзірше біздің нақты мүмкіндігіміз жылына 4 млн тоннаны ғана құрап отыр. Әрі кеткенде 5 млн тонна тасымалдай аламыз. Бұл өсіп келе жатқан сұраныстардан үш-төрт есе төмен. Сондықтан қазақ­стандық тарап бүгінде Қытай шекарасынан бері қарай жаңа автомобиль жолын салуды, Ақтау портының қуатын еселеуді және Каспийде паромдық өткел салуды жоспарлап отыр, – дейді Гайдар Әбдікерімов.

Халықаралық қауымдастық­тың бас хатшысы тағы бірнеше проблемалық аймақты атап өтті. Соның бірі – Каспий теңізінің Әзербайжан жағалауындағы Алят теңіз порты. Мұны Баку халықаралық теңіз сауда порты деп те атайды. Оның да қуатты­лы­ғын жедел түрде арттыру керек. Тасымалға «тұсау» сала­тын нүк­телердің қатарында Әзербай­жанның темір жолдарын да атап өту маңызды. Бұл елдің темір жолдары қазіргі талаптарға жа­уап бере алмай отыр. Осы орайда, Әзербайжан тарапы темір жолдың мүмкіндігін арттыруға кірісіп те кетті. Тіпті Қазақстаннан 50 локомотив сатып алғаны да есімізде.

Міне, осындай кедергілерден кейін жүк тасымалына қатысты нақты мәселелер туындаған. Мәселен, қазақстандық жүк жөнелтушілер Әзербайжан мен Грузия арқылы тасымалдауда қиындықтар көп екенін айтып, шағымданып отыр. Жөнелтілген жүктер әу баста көрсетілген мер­зімде жетпей, діттеген жерге үнемі кешігіп барады екен.

– 24 тамыз күні біздің компания 24 вагон катодты мыс жөнелтті. Жүк Құрық портына дейін тез жетті. Одан кейін паромға тиелді. Алайда 3 қыр­күйектен бері жүгіміз Әзер­байжан темір жолының инфра­құ­рылымдық проблемаларына байланысты Бакуға жақын маңдағы Алят портында қаңтарылып тұр. Бұл – бір. Екінші мәселе тарифке қатысты. KazMinerals сәуір айынан Поти порты бағытына жүк жөнелте бастады. Содан бері Әзербайжан және Грузия тарабының тарифтері орташа есеппен 18 пайызға өсті, – дейді KazMinerals компаниясының өкілі Айдар Қалиасқаров.

Оның айтуынша, компания Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы ай сайын 1,5 мың тонна жүк жөнелтуді жоспарлап отыр. Алайда жоспардың нақты орындалуы жеткізу мерзіміне бай­ланысты. Егер жүк діттеген жерге үнемі кешігіп жететін бол­са, компания Транскаспий бағы­ты­нан басқа балама бағытты қарас­ты­рып көрмек. Айталық, жүкті авто­кө­лікпен жеткізуге де бола­ды және бұл қазіргі бағытпен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда арзан әрі жылдам.

– Бастапқыда Ақтау портынан тиелген жүк Әзербайжанның Алят порты мен әзербайжан-гру­зия темір жолы арқылы Гру­зия­ның Поти портына 25 күнде жететін. Өкінішке қарай, қазір бұл мерзім екі есе ұлғайып отыр, – дейді ол.

Жүктердің кешігуіне қатыс­ты мәселені «Қазақмыс» корпо­рациясының бас тасымалдау­шысы саналатын «Транко» компаниясының өкілі Рахметолла Құдайбергенов те атап өтті. Компания биылғы 9 наурыздан бастап Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 45 мың тоннадан астам катодты мыс немесе 800-ге жуық жабық вагон жөнелткен.

– Маусым айына дейін муль­тимодальдық тасымалды пайдаландық.  Яғни жүктерді Ақтау портына жабық вагондармен әкелдік. Одан кейін оны бос контейнерлерге тиеп, Каспийде жүретін фидерлік кеменің фитингтік платформаларына орналастырдық. Осылайша, біз 1 302 контейнер жөнелттік. Өкінішке қарай, мамырдың үшінші онкүндігінен бері Грузияның Поти портында ұзақ кідіріс басталды. Мәселен, маусым айында Баку портына дейін келген жүктің орташа кідірісі 20-30 күнге дейін жетті. Шілдеде мысты Ақтаудың құрғақ жүк кемелеріне тией бастадық. Осы схема бойынша Бакуге шамамен 9 мың тонна тасымалданды. 3,5 мың тонна жүк тиелген тағы бір кеме жолда кетіп барады. Әрі қарай жүктер Грузияның Поти портына немесе Түркияға жеткізіледі. Алайда Потиге келетін барлық жүк қойма қуатының жетіспеушілігіне байланысты кезегін күтіп тұрады, – дейді Рахметолла Құдайбергенов.

«KTZ Express» АҚ Логистика жөніндегі бас директорының орынбасары Айбек Қапар тарифтердің өсуін контейнерлерді тасымалдауға арналған қосым­ша фитингтік платформаларды тартумен және дизель отыны бағасының өсуімен байланыстырды. Оның пікірінше, Закавказье­де жүк тасымалдау тарифтері осыған дейін 10-14 пайызға өскен. Демек, жыл соңына дейін бұдан артық көтерілмейді. Қазақстан тарапы экспорттық жүктерді әкетуді қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық контейнерлерді Алят портынан «минималды» бағамен әкету үшін әзербайжандық 214 фитингтік платформаны ұсынған.

– Иә, шетелдік тасымалдаушылар бағаны бірнеше есе көтеруді жоспарлағанын атап өткім келеді. Мәселен, жыл басында Грузия шекарасынан Ыстанбұлға дейінгі тариф қырық футтық контейнер бірі үшін 500 долларды құраса, маусым айында 1 700 долларға дейін көтеру әрекеті жасалды. Бұлар оны Түркиядағы инфляциямен түсіндірді. Сондай-ақ шетелде дизель қымбаттап жатыр. Мысалы, дизель бағасы қаңтармен салыстырғанда алты есе өсті. Бұдан бөлек, терминал, локомотив күші секілді барлық ілеспе қызметтің бағасы қымбаттады. Бірақ біз олардың айтқанын қабылдамадық және қазірге дейін тарифті 1 000-1 100 доллар деңгейінде сақтап отырмыз, – дейді Айбек Қапар.

Әзербайжан мен Грузия тарапында мәселе барын «Тран­скаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов те мойындады. Оның айтуынша, Әзербайжан тарапында локомотив жетіспей­ді. Сондай-ақ онда темір жол инфрақұрылымын модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондықтан қазіргі қиындықтар осы жылдың соңына дейін сақталуы әбден мүмкін.

– Әзербайжандықтар бізден 50 локомотив сатып алды. Оның 10-ы – тепловоз. Олар тұрақты жұмыс істейді. Қалған 40-ы – электровоз. 24 электровоз дәл қазір тоқтап тұр. Өйткені олар локомотивтің мұндай түрін кейбір жерлерде қолдана алмайды. Әзербайжан тарапы темір жол инфрақұрылымын жаңғырту туралы жоспар құрған кезде осы жұмыстың бәрін 2025 жылға дейін аяқтауды көздеген. Алайда Украина мен Ресей арасындағы жағдай барлық жұмысты жеделдетуге мәжбүр етті, – дейді ол.

Сонымен қатар Гайдар Әбді­керімов Әзербайжанда туын­даған қиындықтардың тағы бір себебін атады. Оның айтуынша, Әзербайжанның Алят порты қазақстандық Құрықтан бөлек, Түрікменстанның Түркменбашы портынан да жүк қабылдап жатыр. Сондықтан олар үлгере алмай жатқан көрінеді. Әзербайжан тарапы конвенциялық тыйым жариялауды сұрап отыр. Қазақстан тарапы туындаған қиындықтарға қарамастан, әзербайжандық тараптан біздің елден келген жүктерді қабылдауға тыйым салмауды сұрайды.

– Дегенмен, көңілге медеу болар сәттер де баршылық. Мә­селен, Грузия темір жолдары қара­шадан бастап өткізу қабілеті мен ло­ко­мотивпен қамтама­сыз ету жұ­мыстары айтарлық­тай жақ­са­ратынын хабар­лады. Қалып­тас­қан жағдайға бұл да әсер етеді деп үміттенемін. Әзербай­жан тарапы темір жол инфрақұ­рылы­мын жаңғыртуды келесі жылы аяқтауға уәде беріп отыр. Өз кезегінде қазақстандық тарап Каспийдегі паромдар санын бірінші кезеңде 4-6-ға дейін, екінші кезеңде 10-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бізге Әзербайжан кеме шаруашылығы мен Қазақстан арасында тепе-теңдік орнатуға мүмкіндік береді. Жиырма футтық 350 контейнер тасымалдауға қабілетті «Барыс» контейнерлік тасымалдағышына дәл осын­дай қуатқа ие «Сұңқар» кон­тей­нерлік тасымалдаушысы қо­сылды. Биыл бұл бағытта алты құрғақ жүк көлігі тартылды. Соны­мен қатар біз «Түркістан» және «Бекет-ата» кемелерін де тарттық, – дейді Гайдар Әбдікерімов.

Еске сала кетейік, Тран­с­каспий халықаралық көлік бағы­ты дегеніміз – 8 мемлекеттің аумағындағы 11 мың шақырымға созылған жол бағдары. Бұл жол Қытай Халық Республикасының шығыс жағалауында орналасқан Ляньюньган портынан басталып, Еуроодаққа дейін жетеді. Жол Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді. Қысқасы, Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды көлік дәлізі болып саналады. Қазіргі жағдайларға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізгі көлік дәліздерінің біріне айналып отыр.